ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан өңірлерінде жыл соңына дейін нефрология бойынша құзыреттілік орталықтарын ашуды, диализдік көмектің сапасын арттыруды және оны қаржыландыру тәсілдерін жетілдіруді тапсырды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Тиісті тапсырмалар Алматы қаласында өткен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі алқасының көшпелі отырысында берілді.
Ведомство басшысы бүйрек ауруларын ерте диагностикалауды күшейту және емханалар мен өңірлік медициналық ұйымдар деңгейінде нефрологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Бүгінде Қазақстанда созылмалы бүйрек ауруымен ауыратын 40 мыңнан астам пациент диспансерлік есепте тұр. Сонымен қатар алғаш рет анықталған әрбір үшінші пациент медициналық көмекке аурудың терминалдық сатысында, яғни бүйрек функциясын алмастырушы терапия қажет болған кезде жүгінеді.
«Қаржыландыру көлемі жыл сайын 10–12%-ға артып келеді. Алайда пациенттердің бір бөлігі ауруды дер кезінде анықтап, емдеген жағдайда бүйрек функциясын сақтап қалуы мүмкін еді. Сондықтан емханадан бастап мамандандырылған орталықтарға дейінгі нефрологиялық қызметтің тиімді жүйесін қалыптастыру қажет», – деді Ақмарал Әлназарова.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше қосымша зертханалық зерттеулерді енгізудің нәтижесінде созылмалы бүйрек ауруын анықтау көрсеткіші 2025 жылғы 26 мың жағдайдан 2026 жылдың тоғыз айында 40 мыңнан астам жағдайға дейін өскен.
Қазіргі уақытта нефрология бойынша құзыреттілік орталықтары тоғыз өңірде жұмыс істейді. Министр 2026 жылдың соңына дейін жетіспейтін орталықтарды ашуды тапсырды.
Алқа отырысында гемодиализдік көмектің сапасын бақылау және медициналық деректердің анықтығын қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге де ерекше назар аударылды.
Медициналық ақпараттық жүйелерге жүргізілген талдау барысында өткізілген емшаралар туралы мәліметтерді тіркеуде қосымша нақтылауды және бастапқы медициналық құжаттамамен салыстырып тексеруді қажет ететін жекелеген сәйкессіздіктер анықталған.
Атап айтқанда, 6 400 пациенттің деректерін талдау кезінде соңғы гемодиализ жүргізілген күн мен пациенттің қайтыс болған күні сәйкес келетін жағдайлар, сондай-ақ медициналық көмек көрсету хронологиясын нақтылауды қажет ететін жекелеген жазбалар анықталған.
Министр бейінді комитетке ақпаратты қосымша тексеріп, медициналық қызметтердің электрондық есебіндегі деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Мұндай жағдайлардың барлығын толық қайта тексеру қажет», – деп атап өтті министр.
Сондай-ақ меншік нысанына қарамастан барлық диализ орталықтарының қызметіне кешенді бағалау жүргізу жоспарлануда. Бұл ретте медициналық көмектің сапасына, қауіпсіздігіне және емдеудің үздіксіздігіне басымдық беріледі.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі көрсетілетін көмектің сапасы мен емдеудің клиникалық нәтижелерін ескере отырып, гемодиализді қаржыландыру тәсілдерін жетілдіруді көздеп отыр.
Тағы бір басым бағыт – бүйрек трансплантаттауын, әсіресе балаларға жасалатын трансплантаттауды дамыту болады. Бүгінде күту парағында 4,2 мыңнан астам қазақстандық тұр. Министр балаларды шетелде трансплантаттауға жіберу өлшемшарттарын қайта қарауды және қажетті қаржылық есептеулерді әзірлеуді тапсырды.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша бүйрек ауруларын ерте диагностикалау мүмкіндіктерін кеңейту, нефрологиялық қызметтің кадрлық әлеуетін нығайту, амбулаториялық құзыреттілік орталықтарын дамыту, диализ сапасына бақылауды күшейту және трансплантациядан кейінгі пациенттерді бақылау тапсырылды. Сонымен қатар гемодиализ емшараларын жүргізуге арнайы даярланған орта буын медицина қызметкерлерін кеңінен тарту көзделіп отыр.
Қабылданып жатқан шаралардың басты мақсаты – бүйрек ауруларын ерте кезеңде анықтау, ауыр асқынулар қаупін азайту және тұрғылықты өңіріне қарамастан Қазақстан азаматтарына қолжетімді әрі сапалы нефрологиялық көмек көрсету болып табылады.


