Алибек Қуантыров «Қазгидромет» РМК орталық аппаратына барып, ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің қызметімен, заманауи технологиялық мүмкіндіктерімен, ғылыми-техникалық әлеуетімен және дамуының негізгі бағыттарымен танысты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Сапар барысында министрге Гидрометорталықтың, қоршаған ортаның ластануын бақылау жөніндегі сынақ зертханасының, сондай-ақ тексеру зертханасының жұмысы таныстырылды. Мамандар негізгі өндірістік процестер, пайдаланылатын жабдықтар, зерттеу жүргізу әдістері және өлшеу сапасын бақылау жүйелері туралы ақпарат берді.
«Қазгидромет» РМК-ның технологиялық дамуына ерекше назар аударылды. 2026 жылы кәсіпорын технологиялық даму бағытында елеулі қадам жасап, американдық әзірлеме болып табылатын, кеңістіктік ажыратымдылығы 2 км болатын ауа райын болжаудың жоғары детализацияланған WRF мезомасштабтық моделін енгізді. Аталған модель Қазақ ұлттық университетінің суперкомпьютерінде жұмыс істейді. Сонымен қатар Alem Cloud базасында жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, деректерді кейінгі өңдеуге арналған 6 км ажыратымдылықтағы модель іске қосылды. Жаңа технологияларды енгізу метеорологиялық болжамдардың нақтылығы мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде «Қазгидромет» РМК гидрометеорология және экологиялық мониторинг саласындағы еліміздің негізгі инфрақұрылымдық ұйымдарының бірі болып табылады. Кәсіпорын гидрологиялық және метеорологиялық ақпаратты тарату жөніндегі өңірлік орталық ретінде де маңызды аймақтық функцияны атқарады.
Кәсіпорынның халықаралық қызметінде жылдам дамитын су тасқындары туралы ескерту жүйесін (FFGS) іске асыру ерекше орын алады. Қазақстан Орталық Азиядағы FFGS өңірлік орталығы болып табылады және Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) әлем бойынша 16 өңірлік орталығының қатарына кіреді. Бұл Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты дамытудағы және қауіпті гидрологиялық құбылыстар туралы ерте ескерту жүйесін нығайтудағы маңызды рөлін айқындайды.
Кездесу аясында гидрометеорологиялық қызметтің өзекті мәселелері, оның ішінде бақылау желісін одан әрі жаңғырту, техникалық жарақтандыру, ақпараттық жүйелерді дамыту және өндірістік инфрақұрылымды нығайту мәселелері де талқыланды.
Сапар қорытындысы бойынша «Қазгидромет» РМК-ны одан әрі дамытудың перспективалық бағыттары қарастырылды. Олар гидрометеорологиялық қамтамасыз ету сапасын арттыруға, қоршаған орта мониторингі жүйесін жетілдіруге және заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.
Сонымен қатар Министр Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ақпараттық-талдау орталығына барды. Онда орталықтың негізгі қызмет бағыттары, оның ішінде қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкін дамыту, Экологиялық ақпараттың мемлекеттік қорын жүргізу және жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары таныстырылды.
Сондай-ақ экологиялық талдауды дамытуға, ақпараттың сапасы мен халық үшін қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.


