Жетісу облысында балық шабақтарын өсіру өндірісі қарқын алып келеді. «Жетісу балық» балық шаруашылығы кәсіпорны әртүрлі балық түрлерінің шабақтарын өсіру көлемін ұлғайтып, жыл сайын Балқаш пен Алакөл көлдеріне, сондай-ақ өңірдегі жергілікті су айдындарына 11 миллионға дейін шабақ жіберуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Шаруашылықтың негізгі бағыты – бахтах (форель) өсіру. Кәсіпорында балық уылдырығын инкубациялауға және одан шабақ өсіруге қажетті жағдай жасалған арнайы бассейндер жабдықталған.
Өндіріс циклі уылдырықты 25 күн инкубациялауды және одан кейін шабақтарды тағы 25 күндей өсіруді қамтиды. Балық шабақтары 10 грамм шамасындағы салмаққа жеткенде сатуға немесе су айдындарына жіберуге дайын болады. Оларды өсіру үшін кәсіпорынның жеке ұңғымасынан алынатын су пайдаланылады.
Судың температурасы 7–11 градус аралығында тұрақты сақталып, бұл балықтың қалыпты өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай туғызады.
Алдағы уақытта шаруашылық өсірілетін балық түрлерінің қатарын кеңейтуді көздеп отыр. Бахтахпен қатар тұқы, сазан, ақ амур және дөңмаңдай өсіруді қолға алу жоспарланған. Бұл балық шабақтарын өндіру көлемін едәуір арттырып, табиғи су айдындарын балықтандыру мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.
Алғашқы нәтижелер де бар. Өткен жылы кәсіпорын жергілікті су айдындарына әртүрлі балық түрлерінің 70 мың шабағын жіберді. Ендігі мақсат – балықтандыру көлемін айтарлықтай ұлғайту. Атап айтқанда, жыл сайын Балқаш пен Алакөл көлдеріне 10 миллионға дейін, ал Жетісу облысының жергілікті су айдындарына тағы 1 миллионға дейін шабақ жіберілмек.
Оның барлығы шаруашылықтың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Жергілікті жерде балық шабақтарын өсіру өндірісін дамыту Балқаш пен Алакөлдің балық ресурстарын пайдаланушылар үшін де айрықша маңызды.
Өйткені олар су айдындарындағы балық қорын толықтыру мақсатында өтемдік балықтандыру жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі таңда қажетті көлемде шабақтарды өңірдің өзінен табу әрдайым мүмкін болмайтындықтан, оларды еліміздің өзге облыстарынан тасымалдауға тура келеді. Бұл өз кезегінде көлік шығындарын арттырады. Ал өңірде жеке өндірістік базаның құрылуы шабақтардың қолжетімділігін арттырып, логистикалық шығындарды азайтуға және балық қорын дер кезінде толықтыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның келешектегі тағы бір маңызды жобасы – балық жемін өндіретін зауыт салу. Жеке жем өндірісінің жолға қойылуы шаруашылықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге, импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға және өндірістік шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Ал ұзақ мерзімді перспективада бұл аквашаруашылық саласында толық өндірістік цикл қалыптастыруға негіз болмақ.
Шаруашылықтың дамуына мемлекеттік қолдау да серпін беріп отыр. Кәсіпорынға балық уылдырығын сатып алуға, қажетті жабдықтар алуға және өндірістік технологияларды дамытуға бағытталған 75 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық аквашаруашылықты дамыту, инвестициялық белсенділікті ынталандыру және балық шаруашылықтарының өндірістік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.


