Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің өнегелі өмірі мен қайраткерлік жолына арналған «Ұлттық тәрбие ұлықпаны» атты дөңгелек үстел өтті. Тағылымды жиынға қала әкімінің орынбасары Мадияр Алипов қатысты.
Іс-шараның мақсаты – көрнекті ғалымның ғылым мен білім саласына сіңірген еңбегін дәріптеп, ұлттық тәрбиеге негізделген ғылыми-педагогикалық мұрасын ұрпақ жадында жаңғырту.
Жиында ғалымның әріптестері, шәкірттері мен зиялы қауым өкілдері естеліктерімен бөлісіп, оның ұстаздық өнегесі мен ел руханиятына қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар, Серік Жайлауұлының өмір жолына арналған «Сана биігіне самғау» деректі фильмінен үзінді көрсетіліп, ғалымның көшбасшылық мұрасы туралы ғылыми баяндама ұсынылды.
Тағылымды басқосу ұлағатты ұстаздың өнегелі жолын ұлықтап, оның рухани мұрасын кейінгі буынға аманаттаудың маңызын айқындады.


