Жаңа буын педагогтерін даярлау, ғылыми-техникалық білім беруді дамыту және заманауи білім беру технологияларын енгізу мәселелері Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен кездесуінің негізгі тақырыптары болды. Талқылауға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, «Талант и Успех» білім беру қоры басшысының орынбасары Антон Гусев, «Сириус» ғылым және технология университетінің өкілдері, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп, оқытушылар мен магистранттар қатысты. Мектеп оқушыларының жаратылыстану ғылымдарына, инженерлік ойлауға, заманауи технологиялар мен зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыра алатын мамандарды даярлауға ерекше назар аударылды. Абай атындағы ҚазҰПУ мен «Сириус» ғылым және технология университеті арасындағы ынтымақтастықтың нақты бағыттарының бірі - «Ғылыми-техникалық білім берудегі көшбасшылық» атты бірлескен қос дипломды магистрлік бағдарлама. Биылғы оқу жылында аталған бағдарлама бойынша 23 магистрант білім алуда. Магистранттар және оқытушылармен өткен ашық диалог барысында оқу процесін ұйымдастыру, зерттеушілік құзыреттерді дамыту, ғылыми тағылымдамалардан өту, академиялық алмасу және бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Мұндай ынтымақтастық педагогтердің кәсіби құзыреттерін дамытуға, ғылым мен білімнің ықпалдастығын күшейтуге және болашақ мамандарды даярлауда заманауи тәсілдерді енгізуге қосымша мүмкіндіктер ашады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрі магистрант-педагогтермен ғылыми-техникалық білім берудің заманауи тәсілдерін талқылады


