2027 жылғы 7-8 маусымда Алматы қаласында екінші рет GITEX AI Kazakhstan өтеді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Аймақтағы аса ірі технология және жасанды интеллект саласындағы іс-шара ЖИ инфрақұрылымына, энергетика мен өнеркәсібіне халықаралық инвестицияларды тартуға ықпал етеді.
Алматы, Қазақстан. Орталық Азия мен Кавказ технологиялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жасанды интеллект саласындағы миллиардтаған долларлық жобалар нақты іске асырыла бастап, өңір Еуразияның цифрлық орталықтарының біріне айналуды көздеп отыр.
Аймақтағы мемлекеттер цифрлық саладағы ынтымақтастықты нығайтып, ал өңірдегі IT-қызметтер нарығының көлемі, Statista болжамына сәйкес, 2029 жылға қарай 5,6 млрд АҚШ долларына жетеді. Қазақстан 2025 жылдың қорытындысы бойынша IT-қызметтер экспортының көлемін алғаш рет 1 млрд доллардан асырып, 2020 жылғы 33,5 млн доллар көрсеткіштен 1,142 млрд долларға жеткізді. Осылайша бес жыл ішінде экспорт көлемі 34 есеге өсіп отыр.
Осы орайда GITEX AI Kazakhstan көрмесінің екінші рет өткізілуі цифрлық даму жөніндегі мақсаттардан жасанды интеллектіні кең көлемде енгізуге өтуге береді. Көрме инфрақұрылым, энергетика және өнеркәсіп салаларын трансформациялауға ықпал етіп, Қазақстанның жасанды интеллектті әзірлеу, инвестиция тарту және инновацияларды дамыту бағытындағы Еуразиялық маңызды орталық ретіндегі орнын нығайтады.
GITEX AI Kazakhstan 2027 көрмесі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2027 жылғы 7-8 маусымда Алматы қаласындағы «Атакент» Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығында өтеді.
Орталық Азиядағы технологиялар, жасанды интеллект және стартаптар саласындағы ең ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен, Astana Hub және Алматы қаласы әкімдігімен серіктестікте ұйымдастырылады.
2026 жылы GITEX AI Kazakhstan Орталық Азия мен Кавказдағы технологиялар, жасанды интеллект және цифрлық инвестициялар саласындағы жетекші іс-шара ретінде танылды. Көрмені әлемдегі ең ірі технологиялық және жасанды интеллект экожүйелерінің бірі GITEX желісінің жаһандық ұйымдастырушысы – inD компаниясы өткізді. Екі күн ішінде көрмеге 86 елден 334 компания мен стартап қатысып, келушілер саны 12 мың адамды құрады. Іс-шараны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, көрме аясында Мемлекет басшысының төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті.
Кеңейтілген бағдарлама мен жаңа экспозициялар дамудың келесі кезеңіне жол ашады
GITEX AI Kazakhstan 2027 өткен жылғы жетістікті жалғастырады. Көрме аясында сатып алу және іскерлік кездесулердің кеңейтілген бағдарламасы, бес жаңа тақырыптық экспозиция ұсынылады: GITEX SuperComputeX, GITEX New EnergyX, GITEX RobotiX, GITEX Cyber Valley және GITEX Intelligent Cities x Connectivity. Қазақстан үшін бұл бағыттар қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан жобалармен тікелей байланысты – Екібастұз қаласындағы суперкомпьютерлік қуаттардан бастап дата-орталықтардың үздіксіз жұмыс істеуіне қажет энергетикаға дейін.
Жаңа экспозициялар экономикалық өсімді жеделдететін технологияларды дамыту мақсатында мемлекеттік органдардың өкілдерін, әлемдік технологиялық компанияларды, инвесторлар мен стартап негізін қалаушыларды бір алаңға жинайды. Бұл халықаралық инвестиция тартуға, мемлекеттер арасындағы әріптестікті нығайтуға және әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан цифрлық экономикалардың бірі саналатын Қазақстанда жасанды интеллектіні енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
2027 жылғы бағдарламаның негізгі бағыттары мен мақсаттары Алматы қаласында өткен нетворкинг-кездесуде таныстырылды. Іс-шараға GITEX AI Kazakhstan көрмесін ұйымдастырушылар мен қабылдаушы тарап өңірлік серіктестер мен технологиялық компаниялардың басшыларын шақырып, кеңейтілген бағдарламамен таныстырылып. ынтымақтастықты дамыту, инвестиция тарту және жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктері талқыланды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясы аясындағы еліміздің жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі мақсаттарына тоқталды:
«Қазақстандағы жасанды интеллект трансформациясының келесі кезеңі – ЖИ енгізумен ғана шектелмей, оның ауқымды қолданылуына қажет есептеу қуаттары, энергетика, цифрлық байланыс, білікті мамандар, реттеу тетіктері мен капитал сияқты барлық негізді қалыптастыру. Қазақстан бұл негізді бүгіннен бастап қалыптастыруда.
Digital Qazaqstan стратегиясы осы трансформацияның ұлттық бағдарын айқындайды, ал GITEX AI Kazakhstan секілді халықаралық іс-шаралар отандық экожүйені әлемдік технологиялық көшбасшылармен, инвесторлармен және серіктестермен байланыстырады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуразиядағы жасанды интеллектіні әзірлеу, енгізу және ауқымын кеңейту жөніндегі негізгі орталықтардың біріне айналдыру».
Жасанды интеллект трансформациясының өңірлік орталығы
GITEX AI Kazakhstan 2027 көрмесінің кеңейтілген бағдарламасы мен халықаралық қатысушыларының артуы жақында жарияланған «Цифрлық Жібек жолы» жобасының дамуымен тұспа-тұс келеді. Қазақстан дата-орталықтарды, ғарыштық есептеу жүйелерін, спутниктерді және Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін біріктіретін кешенді жасанды интеллект инфрақұрылымын құруды жоспарлап отыр. Аталған жоба Каспий теңізінің түбімен Әзербайжан мен Қазақстанды байланыстыратын ұзындығы 380 шақырымдық суасты телекоммуникациялық кабелін де қамтиды.
Көрменің екінші рет өткізілуі Орталық Азия мен Кавказда жасанды интеллект саласының дамуына жаңа серпін береді. Google тапсырысы бойынша жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, генеративті жасанды интеллект алдағы он жылда Қазақстан, Әзербайжан, Армения және Грузия экономикаларына жыл сайын 12-15 млрд АҚШ доллары көлемінде қосымша экономикалық өсім әкелуі мүмкін. Бұл аталған елдердің жиынтық жалпы ішкі өнімінің шамамен 4 пайызына тең. KPMG деректеріне сәйкес, өңірдегі компаниялардың 53 пайызы жасанды интеллектті ауқымды түрде енгізіп үлгерген. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (24%) екі еседен астам жоғары. Сонымен қатар бизнес шешімдерін қабылдау кезінде жасанды интеллект ұсынымдарына сенім білдіретін қазақстандық компаниялардың үлесі өңірде ең жоғары – 86 пайыз.
Қазақстан өңірдің цифрлық трансформациясында жетекші рөл атқарып келеді. Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясы жасанды интеллектіні іс жүзінде енгізуге бағытталған. Оның негізгі бағыттарына Ұлттық жасанды интеллект платформасын дамыту, ЖИ технологияларын eGov мемлекеттік қызметтеріне интеграциялау және білікті мамандар даярлауға ауқымды инвестиция салу кіреді. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс компаниялар мен инвесторлар үшін құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді. NVIDIA және Firebird компанияларымен жасалған 10 млрд АҚШ долларлық келісім Екібастұз қаласындағы Дата-орталықтар алқабында шамамен 100 мың GPU-ға арналған дербес суперкомпьютерлік қуаттарды құруға мүмкіндік береді. Жергілікті экожүйе де қарқынды дамуда: Astana Hub құрамында 2 мыңнан астам компания бар, ал 2025 жылы Astana Hub қатысушыларының IT-қызметтер экспорты 633,8 млн АҚШ долларын құрады.
ЖИ әлеуетін экономикалық нәтижеге қалай айналдыруға болады?
GITEX AI Kazakhstan Қазақстан мен тұтас өңірдің жасанды интеллект және цифрлық инфрақұрылым саласындағы стратегиялық мақсаттарына жауап береді. Көрме жасанды интеллект, мол деректер, бұлтты технологиялар, SaaS шешімдері, дата-орталықтар, энергетикалық технологиялар, киберқауіпсіздік, телекоммуникация және желілік инфрақұрылым бағыттарындағы отандық экожүйелер мен жаһандық технологиялық қауымдастықтарды біріктіреді.
«Орталық Азия мен Кавказ елдері жасанды интеллектіні болашақтағы мүмкіндік ретінде ғана қарастыру кезеңінен өтті. Олар қазірдің өзінде нақты жоспарларды жүзеге асырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуда, жасанды интеллектіні ауқымды енгізуге қажет есептеу қуаттарын, энергетиканы, кадрлық әлеуетті және нормативтік-құқықтық негізді қалыптастыруда.
GITEX AI Kazakhstan осы үдерістің барлық буынын біріктіріп, өңірлік басымдықтарды инвестиция тартуға тартымды жобаларға, коммерциялық келісімдерге және қалаларда, өнеркәсіпте әрі өңір экономикасында қолданылатын технологияларға айналдыруға мүмкіндік береді», – дейді GITEX бас директоры Трикси Ло Мирманд.
GITEX AI Kazakhstan көрмесі туралы толығырақ ақпарат – http://www.gitexkazakhstan.com/ сайтында


