Астананың тұрғындарымен өткен кездесуде Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
«Денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерлер мен мейіргерлердің арасында жекелеген функцияларды қайта бөлу жұмыстары жүргізілуде. Бұл орта буын медицина қызметкерлерінің өкілеттіктерін кеңейтіп, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті вице-министр өз сөзінде.
Соңғы бір жылда еліміздің емханаларында шұғыл көмек көрсететін 684 кабинет ашылып, жедел медициналық араласуды қажет етпейтін шақыртуларға қызмет көрсету үшін 988 мобильді бригада ұйымдастырылды.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарының лауазымдық жалақысын 40%-ға дейін арттыру көзделген. Бұл шара 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды.
Аурулардың профилактикасы мен оларды ерте анықтауға да ерекше көңіл бөлінуде. Жекелеген профилактикалық тексерулерден өту жасына қатысты шекті көрсеткіш 76 жасқа дейін ұзартылды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, артериялық гипертензияны анықтау көрсеткіші 13%-ға, қант диабетін анықтау көрсеткіші 26%-ға артқан.
Вице-министр халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерінде оң динамика байқалатынын да атап өтті.
2025 жылы Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы рекордтық көрсеткішке жетіп, 75,97 жасты, ал Астана қаласында 78,78 жасты құрады.
2026 жылдың тоғыз айында елордада нәресте өлімі көрсеткіші 8,9%-ға төмендеп, 1 000 тірі туған нәрестеге шаққанда 3,89 жағдайды құрады.
Халықты медициналық сақтандыру жүйесімен қамту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Астанада жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік осал санаттарға жататын 45 мыңнан астам азаматтың медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесі қамтамасыз етілді.
Кездесу барысында Манас Рамазанов Астана тұрғындарының медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына, дәрілік заттармен қамтамасыз етуге және медициналық ұйымдардың жұмысына қатысты сұрақтарына жауап берді.
Бұдан бөлек, вице-министр азаматтарды жеке қабылдап, ауруханаға жатқызу, медициналық тексеруден өткізу, балаларды емдеу және оңалту мәселелерін қарастырды. Қажетті медициналық көмекті ұйымдастыру бойынша алдағы шаралар айқындалды.
Кездесу қорытындысы бойынша Манас Рамазанов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.


