Астанада стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумының ашылуы өтті

Астанада стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумының ашылуы өтті

18 қарашада Астанада халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның өңірлік ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі орнын нығайтуға арналған Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумының ашылуы өтті. Іс-шараға қазақстандық және шетелдік университеттердің, халықаралық және ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, аккредиттеу агенттіктерінің, дипломатиялық корпустың және өндірістік серіктестердің 400-ден астам өкілі қатысты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024 жылдан бастап жыл сайын өткізіп келе жатқан форум жоғары білім мен ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға, халықаралық академиялық өзара іс-қимылды нығайтуға, қазақстандық және жетекші шетелдік университеттер арасында стратегиялық серіктестік орнатуға арналған халықаралық алаңға айналды. Форум аясында трансұлттық білім беру, шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының қызметі, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бастамалары, академиялық ұтқырлық, сондай-ақ білім беру үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қарастырылады. Форумның басты мақсаты – халықаралық академиялық диалог пен қол жеткізілген уағдаластықтарды жоғары білім сапасын арттыруға, ғылыми әлеуетті дамытуға, инновацияларды енгізуге және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған нақты бірлескен бастамаларды іске асырумен ұштастыру.

Форум қатысушыларына Халықаралық стратегиялық серіктестер кеңесінің (ISPC) Бас хатшысы, профессор, доктор Олгун Чичек құттықтау сөз сөйледі.

«Бүгінде біздің алдымызда маңызды міндет тұр. Ол – институционалдық диалогтан практикалық әрі тұрақты халықаралық ынтымақтастыққа көшу. Диалогтан – серіктестікке, келісімдерден – бірлескен жобаларға, бастамалардан – ұзақ мерзімді өзара іс-қимылға көшуіміз қажет. Соңғы жылдары Қазақстан Еуразиядағы жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі ретіндегі позициясын айтарлықтай нығайтты. Ел халықаралық академиялық серіктестікті белсенді дамытып, шетелдік университеттердің қатысу аясын кеңейтіп, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып, ғылыми ынтымақтастықты нығайтып келеді. Форум тәжірибе мен идея алмасатын алаң ғана емес, нақты уағдаластықтарға қол жеткізуге, бірлескен бастамаларды іске асыруға және ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікті қалыптастыруға мүмкіндік беретін алаңға айналады деп сенемін», – деді Бас хатшы.

Форумның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі. Ведомство басшысы жоғары білім, ғылым және инновацияларды дамытудың негізгі нәтижелері мен басымдықтарын таныстырып, халықаралық серіктестікке, сұранысқа ие мамандар даярлауға және университеттердің зерттеу әлеуетін нығайтуға ерекше назар аударды.

«Қазақстан халықаралық ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі позициясын нығайтып, дарынды жастарды тартуға, академиялық ұтқырлықты дамытуға және озық технологияларды енгізуге қолайлы жағдай қалыптастырып жатыр. Бүгінде елімізде шетелдік университеттердің 33 филиалы жұмыс істейді, ал қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алатын шетелдік студенттердің саны 41 мыңға жетті. Біздің стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды сапалы білім алуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және жастардың зияткерлік әлеуетін жүзеге асыруға қолайлы әрі тартымды алаңға айналдыру», – деді министр.

Мұндай ынтымақтастықтың мысалы ретінде University of Arizona, Coventry University, Cardiff University, Heriot-Watt University, ММХҚИ және басқа да шетелдік серіктестермен жүзеге асырылып жатқан білім беру жобалары таныстырылды. Бұл жобалар инженерлік және техникалық мамандықтарды, ақпараттық технологияларды, жасанды интеллектіні, жаратылыстану ғылымдарын, бизнесті және экономикада сұранысқа ие өзге де бағыттарды қамтиды.

Жоғары білімді цифрлық трансформациялау және жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамыту мәселелеріне айрықша назар аударылды. «AI-Sana» бағдарламасы аясында 706 мың сертификат алынды. Елімізде халықаралық білім беру платформаларымен және технологиялық компаниялармен ынтымақтастық дамып, жасанды интеллект орталықтары мен зертханалары құрылып жатыр. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі кадр даярлауды, ғылыми зерттеулер мен қолданбалы әзірлемелерді ұштастыратын Qazaq AI Research University болды.

Ғылым саласында зерттеу инфрақұрылымын нығайтуға, жас ғалымдарды қолдауға және зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға ерекше мән берілді. Министр агрогеномика, су ресурстары, жаңа материалдар және жасанды интеллектінің математикалық негіздері бағыттарындағы халықаралық жобаларды таныстырды. Келтірілген деректерге сәйкес, нарыққа 241 ғылыми әзірлеме шығарылып, 29 жоба аясында өнім экспортталып жатыр, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

Форум бағдарламасы Олгун Чичектің модераторлығымен өткен «Трансұлттық білім беру және университеттердің халықаралық филиалдары: Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер» панельдік сессиясымен жалғасты. Қатысушылар халықаралық филиалдарға оқуға қабылдау, трансұлттық білім беруді нормативтік-құқықтық реттеу, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру және біліктіліктерді халықаралық деңгейде тану мәселелерін талқылады. Сондай-ақ академиялық ұтқырлық, трансшекаралық оқыту және білім сапасын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Пікірталасқа Coventry University Kazakhstan, ММХҚИ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Qingdao University of Science and Technology, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті және халықаралық зерттеушілер қауымдастығының өкілдері қатысты.

Coursera Future Talks сессиясы аясында халықаралық білім беру платформасының, қазақстандық жоғары оқу орындары мен студенттер қауымдастығының өкілдері цифрлық оқытудың мүмкіндіктері және оны білім беру үдерісіне интеграциялау тәжірибесін талқылады. Бүгінде Coursera Qazaqstan бағдарламасына еліміздің 100 жоғары оқу орны қатысады. Жоба іске асқан уақыт ішінде 171 курс қазақ және орыс тілдеріне аударылды. Халықаралық білім беру контентін пайдалану тәсілдері де біртіндеп өзгеріп жатыр: университеттер курстарды білім беру бағдарламаларына енгізіп, онлайн оқыту нәтижелерін академиялық кредиттер түрінде танып келеді.

«Бүгінде студенттер платформамыздан STEM бағыттарын қоса алғанда мансаптық дамуға бағдарланған бағдарламаларды жиі таңдайды. Бұл Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді, сондай-ақ сыни ойлау, коммуникация және басқа да маңызды дағдыларды дамытуға бағытталған инвестицияларының нәтижесін көрсетеді. Естеріңізге сала кетейін, биыл қыркүйекте Қазақстан Coursera AI-Human Skills Synergy әлемдік рейтингінде 55-орынға ие болды. Сондықтан біз Қазақстан университеттеріне студенттердің болашақ мамандықтарға қажетті дағдыларын дамытуда қолдау көрсетуге қуаныштымыз», – деді Coursera компаниясының вице-президенті Марк Ист.

Сессия аясында Coursera Qazaqstan Excellence Awards марапаттау рәсімі де өтті. Оның барысында цифрлық оқытуды дамытуға үлес қосқан жоғары оқу орындары мен жекелеген қатысушылар марапатталды.

Бағдарламаның маңызды бөлігі қазақстандық жоғары оқу орындары, шетелдік университеттер мен ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қою және алмасу рәсімі болды. Қол жеткізілген уағдаластықтар қос дипломды бағдарламаларды, академиялық алмасуды және бірлескен білім беру бастамаларын дамытуға бағытталды.

Форум стратегиялық серіктестер желісін кеңейтуге және білім мен ғылым саласындағы бірлескен бастамаларды дамытуға ықпал етіп, студенттерге, оқытушылар мен зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ