18 қарашада ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Дархан Мырзабаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Ол өңір активімен және тұрғындарымен кездесу өткізіп, елдің цифрлық даму қорытындылары мен перспективаларын талқылады. Сондай-ақ бірқатар инновациялық нысандарды аралап, озық технологиялардың енгізілуімен танысты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Облыс әкімдігінің ғимаратында өңір активімен және тұрғындармен өткен кездесуде вице-министр ведомствоның құзыретіндегі салалардағы – тау-кен секторынан бастап өнеркәсіп, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа дейінгі бағыттар бойынша цифрландырудың негізгі нәтижелерін таныстырды. Шығыс Қазақстан облысының негізгі тау-кен өндіруші өңірлердің бірі екенін ескере отырып, жер қойнауын пайдалану мен өнеркәсіп салаларына ерекше назар аударылды.
«Бірінші кезеңде жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасына көшірілді. Цифрлық форматта 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, геологиялық деректер 100 пайызға жарияланды. Биыл ЕПН арқылы 1 172 лицензия берілді», – деп атап өтті вице-министр.
Елдің өнеркәсіптік кәсіпорындарында жасанды интеллект нақты нәтижелер көрсетіп отыр. Металлургия саласында KAZ Minerals кәсіпорнында кенді байытудың цифрлық егізі нақты уақыт режимінде жабдықтың жұмыс режимін оңтайландырады. Соның нәтижесінде мысты алу көрсеткіші 2%-ға, ал фабриканың өнімділігі 7%-ға артты. Автомобиль жасау саласында (Allur, Astana Motors, KIA) жасанды интеллект автомобильді тапсырыстан бастап сервистік қызмет көрсетуге дейінгі барлық кезеңде сүйемелдейді. 2025 жылы өндірістік желілерге 300-ден астам робот орнатылып, ақаулар саны 39%-ға қысқарды.
Д. Мырзабаевтың айтуынша, 2027 жылдан бастап цифрлық егіздер бүкіл өнеркәсіп саласы үшін міндетті стандартқа айналады.
Мамандарды даярлау мамандандырылған орталықтарда жүргізілуде. Farabi Robotics орталығы 13 KUKA роботымен жабдықталған және Astana Motors пен Hyundai компанияларымен ынтымақтастық орнатқан. Ал Astana Hub-та әлемнің бес жетекші брендінің үш класындағы роботтармен жұмыс істеу бойынша оқыту жүргізіледі. Сонымен қатар отандық әзірлемелер де әлемдік нарыққа шығуда. Қазақстандық VEXOR компаниясы Еуропа мен Қытайдан келген бәсекелестерінен озып, Тбилиси қаласындағы халықаралық Lactalis тобының зауытын сәтті роботтандырды.
Құрылыс саласында нысандардың жоспарлаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі толық өмірлік циклі Q-Portal порталында цифрландырылған. Порталда ақпараттық модельдеу (BIM) модулі енгізілген. 2026 жылғы 1 тамыздан бастап BIM технологиясын пайдалану 600 орыннан асатын мектептер, әуежайлар, ұзындығы 100 метрден асатын көпірлер, туннельдер және бірегей нысандар үшін міндетті болды. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, бұл құрылыс мерзімдерін 20%-ға дейін қысқартып, жобалау кезіндегі қателерді 30%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жасанды интеллект мемлекеттік сараптама саласында белсенді қолданылуда. Қазіргі уақытта ЖИ 864 жобаны тексеріп, тексеру уақытын орта есеппен 6 минутқа дейін, ал құжаттардың толықтығын талдау мерзімін 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін қысқартты.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 2029 жылдың соңына дейін 8 миллионнан астам есептеу құралын көрсеткіштерді қашықтан беру жүйесіне көшіру жоспарлануда. Үш министрліктің бірлескен жоспарына сәйкес, жалпыүйлік есептеу құралдары бойынша деректерді 100% қашықтан жинау жүйесіне көшу 2028 жылдың соңына дейін, ал жеке есептеу құралдары бойынша 2029 жылдың соңына дейін аяқталады.
Осы деректерді біріктіру үшін 2027 жылы Smart Turmys бірыңғай платформасы іске қосылады. Smart Turmys сенімді деректердің бірыңғай базасына айналып, оның көмегімен нарықтағы қосымшалар тұрғындарға түсінікті әрі ашық түбіртектерді, жасанды интеллект негізіндегі көмекшілерді, ресурстарды үнемдеу жөніндегі кеңестерді және су мен басқа да ресурстардың ағып кетуі туралы хабарламаларды ұсына алады.
Бұдан бөлек, саланы жаңғырту мақсатында WaterTech платформасы енгізілуде. Қазіргі уақытта еліміздегі 558 су арнасының 61%-ы цифрлық жүйелерсіз жұмыс істейді, ал су шығындарын бағалаудағы айырмашылық 50%-ға дейін жетеді. Жаңа платформа су балансын нақты анықтауға, апаттарды жедел анықтауға және желілерді жөндеу жұмыстарын басымдыққа сәйкес жоспарлауға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында вице-министр қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, цифрландыру – «бұл есептілік үшін ғана технологияларды енгізу емес, әрбір азаматтың өмір сүру сапасын, мемлекеттік басқарудың ашықтығын және отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың нақты құралы» екенін атап өтті.
Сонымен қатар әкімдік ғимаратында азаматтарды жеке қабылдау өткізіліп, вице-министр тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Жұмыс сапары аясында Д. Мырзабаев бірқатар инновациялық нысандарды аралап, озық технологиялардың енгізілуімен танысты. Атап айтқанда, ол бейорганикалық химиялық заттар, жылу бөлетін құрамалар мен олардың компоненттерін өндіретін жоғары технологиялық қазақстандық-қытайлық «Үлбі-ТВС» кәсіпорнында болды. Кәсіпорын өнімдері атом электр станцияларын отынмен қамтамасыз ету мақсатында экспортқа бағытталған. Вице-министрдің мұндай нысанға баруы өңір үшін жоғары технологиялық өндірістің, өнеркәсіптік әлеуеттің және энергетика саласындағы инновациялардың маңыздылығын көрсетеді.
Екінші нысан – Қытайдың шетелдерде жергілікті жоғары оқу орындарымен бірлесіп ашатын білім беру орталықтарының бірі Luban Workshop немесе «Лу Бань шеберханасы» болды. Бұл – Қазақстандағы осындай үш шеберхананың алғашқысы. Оның негізгі мақсаты – озық технологияларды тарату және сұранысқа ие инженерлік кадрларды даярлау.
Өскемен қаласындағы Luban Workshop 2023 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында құрылған. Мұнда оқыту «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» және «Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану» білім беру бағдарламалары бойынша жүргізіледі. Қазіргі уақытта шеберхана 400-ден астам студентті, магистрант пен докторантты қамтиды.
Сапар барысында вице-министрге оқу стендтері, симуляторлар және зияткерлік көлік жүйелерінің қолданыстағы макеттері көрсетіліп, студенттер мен зерттеушілердің әзірлемелері таныстырылды.
Сонымен қатар шеберхана қолданбалы ғылыми зертхана ретінде жұмыс істейді. Мұнда зияткерлік көлік жүйелері мен жүргізушіге көмек көрсету жүйелері, роботтандырылған платформалар мен автономды басқару, техникалық диагностикада жасанды интеллектті қолдану, сондай-ақ энергия тиімділігі жоғары және экологиялық көлік шешімдерін әзірлеу бағыттары бойынша зерттеулер жүргізіледі.


