Қазақстанда сейсмикалық әсерлерге есептелген ғимараттардағы лифттерге қойылатын қосымша қауіпсіздік талаптарын белгілейтін ұлттық стандарт бекітілді. Құжат жер сілкінісі кезінде жолаушыларға төнетін қауіпті азайтуға және лифт жабдықтарының сенімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа СТ РК EN 81-77-2026 «Жолаушылар және жүк лифттерін құрастыру мен орнату кезіндегі қауіпсіздік талаптары. 77-бөлім. Сейсмикалық әсерге ұшырайтын лифттер» стандарты 2027 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұл құжат әсіресе сейсмикалық белсенді аймақтарда орналасқан Алматы қаласы мен Қазақстанның оңтүстік өңірлері үшін маңызды. Жер сілкінісі кезінде ғимараттың тербелуі лифт жабдықтарының зақымдануына, кабинаның қабаттар арасында тоқтап қалуына және жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Осындай тәуекелдерді азайту үшін стандартта қосымша техникалық қауіпсіздік шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, лифт кабинасы мен қарсы салмақтың бағыттаушы құрылғылардан шығып кетуіне жол бермеу, бекітпелердің беріктігін және жабдықтардың сейсмикалық жүктемелерге төзімділігін қамтамасыз ету талаптары белгіленген.
Сейсмикалық әсер анықталған жағдайда лифт жабдықтарын тиісті белгі беру жүйесімен бірге арнайы жұмыс режиміне ауыстыру көзделген. Сондай-ақ арқандар мен кабельдердің лифт шахтасындағы құрылғыларға ілініп қалуын болдырмау және жабдықтардың зақымдану қаупін төмендету шаралары қарастырылған.
Алайда стандарт талаптарының сақталуы лифттің кез келген жер сілкінісі кезінде қауіпсіз жұмыс істейтініне кепілдік бермейді. Жер сілкінісінен кейін лифтті пайдалануға тек жауапты мамандар тексеру жүргізген соң ғана рұқсат етіледі.
Айта кетейік, стандарт талаптары жаңадан орнатылатын және елге әкелінетін лифттерге қолданылады. Құжат жобалаушыларға, лифт жабдықтарын өндірушілерге, монтаждау ұйымдарына және сәйкестікті бағалау саласындағы мамандарға арналған.


