Братислава қаласында Қазақстан мен Словакияның сыртқы саяси ведомстволары арасында кезекті консультациялар раунды өтті. Қазақстан делегациясын ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, ал словак делегациясын СР Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Марек Эшток басқарды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Бұл ретте Словакия Премьер-министрі Роберт Фицоның 2025 жылғы 10-11 маусымда Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысына ерекше назар аударылды.
А.Исетов екіжақты қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтерудің маңыздылығын атап өтіп, өзара тиімді әріптестікті одан әрі тереңдету үшін елеулі әлеует бар екенін жеткізді. Өз кезегінде М.Эшток Словакия тарапының Қазақстанмен ынтымақтастықты дәйекті түрде кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Сонымен қатар, күн тәртібіндегі басты мәселелердің қатарында өзара тауар айналымын ұлғайту және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелері болды. Атап айтқанда, 2027 жылы Братислава қаласында өтетін Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Словакия үкіметаралық комиссиясының 11-ші отырысының дайындық мәселелері талқыланды. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, IT секторы және білім беру салалары айқындалды.
Тараптар көлік-логистикалық әріптестікті дамыту перспективаларын, оның ішінде Орталық Азия мен Орталық Еуропа арасындағы өзара байланыстылықты нығайту мақсатында Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін пайдалану мәселелерін талқылады. Білім беру саласында екі елдің жоғары оқу орындары базасында академиялық ұтқырлықты кеңейту және сұранысқа ие мамандар даярлау жолдары қарастырылды. Келіссөздерге қатысушылар еңбек көші-қоны саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіру қажеттігін де атап өтті.
Бұдан бөлек, өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Дипломаттар көпжақты өзара іс-қимылды тереңдетуге және БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы күш-жігерді үйлестіруге өзара мүдделілік танытты.
Кездесу барысында ішкі саяси өзгерістерге де ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы ауқымды конституциялық реформаларды іске асыру барысы және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған негізгі басымдықтар туралы ақпарат берді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Словакия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара бейілділігін растады.


