Жүргізуші куәлігінің болмауы немесе көлік басқару құқығынан айырылу заң талаптарын елемеуге негіз болмайды. Түркістан қаласында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері рейд барысында жол қозғалысы ережелерін бұзған екі жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Мәселен, жолдарды патрульдеу кезінде Mercedes-Benz автокөлігін жүргізуші куәлігінсіз басқарған 18 жастағы азамат тоқтатылды. Тексеру барысында оның дәл осындай құқық бұзушылықты бір жыл ішінде екінші рет жасағаны белгілі болды.
Ал Б. Саттарханов даңғылында LADA 2170 автокөлігін тізгіндеген 41 жастағы азаматтың бұған дейін мас күйде көлік басқарғаны үшін сот шешімімен жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
Құқық бұзушыларға қатысты тиісті әкімшілік шаралар қабылданып, екі автокөлік те айыптұраққа қойылды.
Түркістан облысының полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көлік басқару кезінде заң талаптарын орындауға шақырады.


