Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Гүлдер» ансамблінің «Шебер жаңғырығы» атты концерті өтті. Кеш қазақ эстрадалық биінің негізін салушы, ұжымның тұңғыш балетмейстері Деляфруз Қияқованың туғанына 100 жыл толуына және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынбүбі Омарбекованың 75 жас мерейтойына арналды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Кеш аясында ансамбльдің тарихы мен қос өнер иесінің шығармашылық жолынан сыр шертетін фотокөрме ұйымдастырылды.
Концертте Деляфруз Қияқова сахналаған «Бипыл» биі, сондай-ақ қайта жаңғыртылған «Қуаныш» пен «Қазақ кәдесыйлары» билері орындалды. Балетмейстер шығармашылық жолында қазақ және шығыс халықтарының би дәстүрлеріне негізделген 50-ден астам хореографиялық қойылым сахналаған.
Алтынбүбі Омарбекованың шығармашылығына да айрықша назар аударылды. Көрермендерге оның өмірі мен өнер жолы туралы бейнематериалдар және «Тақиялы періште» фильмінен үзінді көрсетілді.
Сонымен қатар ансамбльдің бас балетмейстері Анвара Садықова Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай сахналаған «Қарлығаш» биі алғаш рет көрермен назарына ұсынылды. Бағдарламада «Малайзия биі», «Саиди» және «Қорқыт» қойылымдары да орындалды.
Сахнада «Гүлдер» ансамблінің әртістері, G-band тобы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Әлібек Әлмәдиев пен Іңкәр Айдарханқызы, «Құрмет» орденінің иегері Дидар Абдухалық, сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті.
Ұлттық хореографияның көрнекті тұлғаларын ұлықтаған кеш қазақ биі дәстүрінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанын танытты.


