Қазақстанның зейнетақы жүйесі Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 халықаралық зерттеуінде ұзақ мерзімді орнықтылық көрсеткіші бойынша сегізінші орынға ие болды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Еліміз 74,4 балл жинады.
Бұл зейнетақы жүйесінің қаржыландыру көздерін, зейнетақы жинақтарын және демографиялық өзгерістерді ескере отырып, болашақта зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету мүмкіндігін көрсетеді.
Жалпы рейтингте Қазақстан әлемнің 55 елінің зейнетақы жүйесі арасында 29-орынға тұрақтады. Елдің қорытынды көрсеткіші 64,8 балды құрап, С+ деп бағаланды.
Зерттеу әртүрлі елдердің зейнетақы жүйелерін салыстыруға, олардың басым тұстары мен жетілдіруді қажет ететін бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді.
Сарапшылар 50-ден астам көрсеткішті бағалайды. Олар үш негізгі бағытты қамтиды: зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі, жүйенің орнықтылығы, сондай-ақ оны реттеу мен басқару сапасы.
Қорытынды балл осы үш бағыт бойынша алынған нәтижелер негізінде қалыптастырылады. Сондықтан жекелеген көрсеткіш бойынша жоғары баға зейнетақымен қамсыздандырудың басқа бағыттарын одан әрі жетілдіру қажеттігін жоққа шығармайды.
Қазақстан үздік ондыққа енген орнықтылық көрсеткіші зейнетақы бағдарламаларымен қамтылған жұмыскерлердің үлесін, зейнетақы активтерінің көлемін, халықтың қартаю қарқынын және басқа да факторларды ескереді.
Бұл көрсеткіш зейнеткерлер саны мен зейнетақы төлемдерін алу ұзақтығы өзгерген жағдайда жүйенің болашақ міндеттемелерді орындауға қаншалықты дайын екенін бағалауға мүмкіндік береді.
Зерттеудің тағы бір бағыты зейнетақы жүйесін реттеу мен басқаруға, оның қатысушыларының құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ оларды ақпараттандыруға арналған.
Бұл ретте зейнетақы жүйесінің жұмыс істеу қағидаларының қаншалықты түсінікті әрі сенімді екені, азаматтардың құқықтары қалай қорғалатыны және олардың өз жинақтары туралы қандай ақпарат алатыны бағаланады.
Аталған бағыт бойынша Қазақстан 83 балл жинады.
Зерттеу барысында сарапшылар Қазақстанның көпдеңгейлі зейнетақы жүйесіне де талдау жасаған.
Ол мемлекеттік зейнетақы төлемдерін, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің міндетті жарналары есебінен қалыптастырылатын зейнетақымен қамсыздандыруды, сондай-ақ ерікті зейнетақы жинақтарын қамтиды.
Жүйенің басым тұстары ретінде жұмыскерлерді зейнетақы бағдарламаларымен кеңінен қамту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және ақпараттандыру жұмыстары атап өтілген.
Алдыңғы зерттеуде Қазақстанның жалпы көрсеткіші 65 балды құраса, 2026 жылы 64,8 балл болды.
Зерттеу нәтижелері еліміздің зейнетақы жүйесі ұзақ мерзімді орнықтылық тұрғысынан жоғары көрсеткішке ие екенін көрсетеді. Сонымен қатар зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін одан әрі арттыру қажеттігін де айқындайды.
Рейтингпен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://rpc.cfainstitute.org/research/reports/2026/marsh-cfa-institute-global-pension-index-2026


