Ақмола облысы Біржан сал ауданының Кеңащы ауылында «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бекет ең жақын өрт сөндіру бөлімінен 23 шақырым қашықтықта орналасқан және 370 тұрғыны бар бір елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған, деп хабарлайды No-comment.kz – Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Нысан жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қаражаты есебінен салынды. Өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін бекет арнайы техникамен жабдықталған. Қазіргі уақытта ол қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылып, жеке құрам жасақталған.
Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға, өрт сөндіру бөлімшелерінің оқиға орнына жету уақытын қысқартуға және ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.


