Қызылордалық студент ЖЭО күлін пайдаланып, тротуар тақтасын өндіру технологиясын әзірледі

Қызылордалық студент ЖЭО күлін пайдаланып, тротуар тақтасын өндіру технологиясын әзірледі

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4-курс студенті Балауса Мұсабек жылу электр орталығының күлі мен Тасбөгет кен орнының шағыл құмын пайдаланып, тротуар тақтасын өндіру технологиясын әзірледі, деп хабарлайды No-comment.kz – Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Зерттеудің мақсаты – өндірістік қалдықтарды қайта пайдалану және жергілікті шикізатты тиімді қолдану арқылы құрылыс материалының өзіндік құнын төмендету әрі қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту. Жоба PhD Гүлнұр Жақыпованың ғылыми жетекшілігімен жүзеге асырылады.

Материалдың қасиеттерін анықтау үшін зертханада 45 сынақ циклі жүргізіліп, үлгілердің микроқұрылымы зерттелді. Жаңа құрамнан жасалған тақталардың сығылуға беріктігі 75,42 МПа-ға жетті. Бұл бақылау үлгілерінің көрсеткішінен шамамен 23 пайызға жоғары. Сондай-ақ сынақ нәтижелері жаңа тақталардың суды аз сіңіретінін және қажалуға төзімділігі жоғары екенін көрсетті. Зерттеушілер материалдың аязға төзімділігін F300 деңгейінде бағалады.

Жоба аясында жүргізілген есептеулерге сәйкес бір текше метр тротуар тақтасының өзіндік құны дәстүрлі технология бойынша 47 238 теңгені, ал ұсынылған технология бойынша 41 328 теңгені құрайды. Осы есеп бойынша әр текше метр өнімге жұмсалатын шығын 5 910 теңгеге азаяды. Жылына 10 мың текше метр өнім өндірілген жағдайда 59,1 млн теңге үнемдеуге болады.

Жаңа технологиямен жасалған тақталар тұрғын үйдің ауласына төселіп, нақты пайдалану жағдайында сыналды. Бақылау кезеңінде тақталардың бетінде көзге көрінетін жарықтар мен кетіктер байқалмады.

Қазіргі уақытта технологияны өндіріске енгізуге дайындық жүргізіледі. Келесі кезеңде материал құрамындағы зиянды элементтердің сумен шайылу ықтималдығын бағалау үшін қосымша экологиялық сараптама жүргізу, тақталарды өндірістік жағдайда сынау және оларды шығаратын арнайы өндірістік желіні іске қосу жоспарланған.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Freedom Holding Corp. компаниясы COP31 конференциясы аясында «Міндеттемелерден инвестицияларға: тұрақты дамуды іске асыру жолдары» атты панельдік...

Түркістан қаласында шағын және орта кәсіпкерліктің тұрақты дамуы өндірістік ресурстарды тиімді пайдаланумен тығыз байланысты. Сауда орындары, қызмет көрсету...

Беларусь Республикасының Несвиж қаласындағы «Несвиж» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына...

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында ірі энергетикалық және өндірістік жобалардың...