Түркістан облысында қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін жаңа кәсіпорын іске қосылды

Түркістан облысында қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін жаңа кәсіпорын іске қосылды

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қалдықтарды қайта өңдеу саласын және оның инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды бірлесіп іске асырып келеді. Осы жобалардың бірі – Түркістан облысында биыл пайдалануға берілген қағаз қалдықтарын қайта өңдеу кәсіпорны, деп хабарлайды No-comment.kz - Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Жобаны «Sadyk-bereke» ЖШС іске асырды. Кәсіпорын жылына 1 мың тонна қағаз қалдығын қайта өңдей алады. Жобаның құны – 64 млн теңге.

Кәсіпорынның іске қосылуы өңірде макулатураны қайта өңдеу көлемін ұлғайтып, қағаз қалдықтарының көбірек бөлігін өндірістік айналымға қайтаруға мүмкіндік береді.

Қалдықтарды өңірлердің өзінде қайта өңдеу оларды басқарудың тұрақты инфрақұрылымын қалыптастыруға ықпал етеді. Макулатураны полигонға көмудің орнына жаңа өнім өндіруге қажетті қайталама шикізат ретінде пайдалануға болады.

«Sadyk-bereke» ЖШС кәсіпорны – саланы қаржыландыру бағдарламасы аясында пайдалануға берілген нысандардың бірі. Жаңа кәсіпорын Түркістан облысының қағаз қалдықтарын қайта өңдеу қуатын арттырады.

Еске сала кетейік, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемінен түскен қаражат есебінен 34 жобаны қаржыландыруға 122,6 млрд теңге бөлді. Бұл жобалар қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Осы уақытқа дейін 15 жоба іске асырылды. Осы жобалар аясында 131 бірлік арнайы техника сатып алынды. Жалпы қуаты жылына 290 мың тоннаны құрайтын қалдықтарды сұрыптау желілері іске қосылды. Сондай-ақ жылына барлығы 19,3 мың тонна қалдықты қайта өңдей алатын өндіріс орындары пайдалануға берілді.

Кәдеге жарату төлемінен түскен қаражат Қазақстан Республикасының Экология кодексіне сәйкес жұмсалады. Мұндай жобалар қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыруға, полигондарға көмілетін қалдық мөлшерін азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға тартуға мүмкіндік береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Түркістан қаласында өңдеу өнеркәсібін дамыту және жергілікті өндірістің мүмкіндіктерін кеңейту кәсіпкерлік саласының маңызды бағыттарының бірі болып саналады....