Италияда XIV қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті

Италияда XIV қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті

XIV қысқы Паралимпиаданың ашылу салтанаты Италияның  Верона қаласында өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Милан-Кортина-2026 қысқы Паралимпиадаға 56 елден 600-ден аса спортшы қатысады. Қысқы Паралимпиадада Қазақстан ұлттық құрамасы пара шаңғы жарысы мен пара биатлон спорт түрлері бойынша ел намысын қорғайды. Атап айтсақ, пара биатлон мен пара шаңғы жарысынан: Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Юрий Березин, ал пара шаңғы жарысынан – Нурлан Алимов, Владислав Кобаль және Анна Грачёва.

«Бұл ойындар – біздің құрамамыз үшін өз шеберлігін дәлелдеп, ел намысын абыроймен қорғауға берілген тағы бір маңызды мүмкіндік. Қазақстан ұлттық құрамасының әрбір спортшысы осы додаға ұзақ әрі күрделі дайындық арқылы келді. Олар күн сайын еңбек етіп, өз мүмкіндіктерін дәлелдеуге тырысты. Ертең спортшыларымыз үшін алғашқы жарыс күні. Барша қазақстандықтарды ұлттық құрамамызға жанкүйер болуға шақырамын. Біздің спортшыларымызға сәттілік, әділ жарыс және жарқын жеңістер тілеймін»,- деді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

Айта кетейік, Милан-Кортина-2026 XIV қысқы Паралимпиада 6-15 наурыз аралығында өтеді.  Дүбірлі додада пара шаңғы жарысы, пара биатлон, арбадағы керлинг, пара сноуборд, тау шаңғысы және пара хоккей спорт түрлері бойынша 79 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Паралипиадада ұлттық құрама 7-ші наурыз күні пара биатлоннан 7,5 км қашықтықтағы спринттік жарыс бойынша сынға түседі. Жарыс жолында Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Юрий Березин өнер көрсетеді.

Ұлттық құрама қатысатын жарыстың тікелей эфирі Qazsport телеарнасының эфирінде көрсетіледі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ