Адамзаттың көркем ойының дамуына өзінің өлмес шығармаларымен өлшеусіз үлес қосқан Иван Тургеневтен қалған «Шындық – ауа, онсыз дем алуға болмайды» дейтін қанатты сөз бар. Тургеневтің бұл сөзі әсіресе бүгінгі Қоғамда, бүгінгі Уақытта өте өзекті болып тұр. ХХІ ғасырдың адамдары жайлы тұрмыс, жақсы өмір сүруді біледі, оларға бір жетпесе Ақиқат, Шындық қана жетпейді. Бүкіл әлемнің алаңды күй кешіп тұрғаны содан, меніңше. Бұл процестер Қазақстанды да айналып өтпеуде. Біздің отандастарымыз да Ақиқатты білгісі келеді, Шындықтың түбіне жеткісі келеді. Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарына, оның қазіргі таңдағы ең қағілез түрі – электронды сайттарға артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Бір қуанарлығы, Қазақстандағы көптеген сайттар Тарих, Уақыт алдындағы өз миссияларын мүмкіндігінше адал атқаруға тырысып келеді.
Шымкенттен Еркеғали Балажанов деген жас әріптесім хабарласты. «No-comment.kz» деген сайт ашыпты. Мақсатын айтты, бағытын түсіндірді. Менің көкейіме бірден қона кетті. Ұнады. Себебі Шындық айтылатын мінбелердің неғұрлым көп болғаны жақсы. Оның мәнісі – біреудің аузына түспеген шындықты екінші біреу айтады. Нәтижеде біз өмір сүріп отырған қоғам Ақиқатқа тағы да бір қадам жақындай түседі.
Ендеше, әрбір қадамдарыңа сәттілік тілеймін, «No-comment.kz» ұжымы! Тек Бауыржан Момышұлы аталарыңның «Шын айтпай, сын айтпа!» деген өсиетін естен шығармағайсыңдар. Сын шынға құрылғанда ғана сын болады, сынға құрылмаса бәлеқорлықтың өзі болып шығады. Ал, қылдан таймау деген оңай мәселе емес. Осынау жауапкершілік жүгі мың батпан қызметтеріңе абырой тілеймін!
Ақ жол!
Құрметпен Сейітқазы Матаев,
ҚР Журналистер Одағының төрағасы.