Түркістандықтарға дүр сілкінбесе де болмайтын еді. Айналдырған бір жылдың ішінде аталған өңір жұртшылығы бастарынан бір емес, бірнеше сынақты өткерді. Алдымен Арыста бейбіт күнде орын алған жарылыс талай жүректерге жарықшақ салып кетті. Арыстықтардың жан-жарасын енді емдеп жаза бергенде Мақтаарал ауданындағы төрт ауыл судың астында қалды. Облыс басшылығы тайлы-тұйяғы қалмай, Мақтааралға аттанды. Небір түйінді проблемалар оқиға орнында шешіліп жатты. Жұмыс енді жолға қойылғанда Төлеби, Қазығұрт аудандарында қатты жауған жаңбырдың салдарынан үйлерін су шайып кетіп, тұрғындар далада қалды. Біз тұтас әлемге келген коронавирус індетінің зардаптарын айтып отырған жоқпыз...
Әділін айту керек, Түркістан облысының басшылығы да, қарапайым жұртшылығы да осынау сынақтың бәрін асқан сабырлылықпен көтере білді. Осындай қиын күндерде де киелі қалада жұмыс бір сәтке де толастаған жоқ. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев адамдардың көз алдына қара костюм-шалбар, ақ көйлек, қымбат галстук тағатын нән шенеунік ретінде емес, аяғынан етігі, үстінен сулығы, аузынан маскасы түспейтін, қашан көрсеңіз де құрылыс басында жүретін қарапайым адам ретінде елестейтін болды. Бұл – ешқандай да пиар үшін жасалынып жатқан тірліктер емес еді, облыстағы нақты шындық дәл осындай екендігін бүгінде елдің бәрі біледі. Шөкеев пен оның командасын сынайтындар сынап жатты, әлі де сыннан бас көтеріп жатқандары шамалы, бірақ алыс-жақындағы ағайынның көпшілігі еңбекті бағалап отыр. Бағалағаннан кейін де «расында да Шөкеев мықты екен!» дегенді айтатындар көбейді.
Алайда, Шөкеевтің мықтылығы Арыс, Мақтаарал, Төлеби, Қазығұрттағы қиындықтарды еңсеруде ғана емес еді. Өмірзақ Естайұлы идеология, руханият деген өмірлік мәселелерге де мықты болып шықты. Індет салдарынан елдің еңсесі түсіңкіреп тұрған бүгінгі таңда ол бір-ақ әрекетімен бүкіл отандастарымыздың рухын дүр сілкіндірді. Атап айтқанда, Түркістан облысы әкімдігі Қазақстанда бірінші болып ұлттың ұлы композиторы, мемлекеттік Әнұран авторы Шәмші Қалдаяқовқа музей ашты.
- Мәселенің рухани сырын түсінбейтін адамға бұл әншейін қара балшықтан салынған қазақы үй, мәніс білетін адамдар үшін – Рухқа оралу! Шәмші – Рух! «Менің Қазақстаным» - Рух! Ал, ұлттың рухы аспанмен бой таластыратын көпқабатты үйлерде туа ма, жоқ, қарапайым ғана қазақы үйде туа ма, ол – Құдайдың шаруасы!
Елуінші жылдары Қазақстанның бес облысы Ресей құрамына өтіп кетейін деп тұрғанда Ұлы Шәмші қазаққа осы әнді жазып берді. Бүкіл қазақ бұл әнді бір-ақ күнде жаттап алды. Содан Құдайдың қалауымен қазақтың қасиетті қара жері бөлшектенуден аман қалды.
1979 жылы Целиноградтан (қазіргі Нұр-Сұлтан) неміс автономиялы облысы құрылғалы тұрғанда да жанарын мұң торлаған аға-апаларымыз осы әнді шырқады. Нәтижеде қазақтың жері жатқа кетпегені өз алдына, кейін бұл атырап мемлекетіміздің астанасына айналды.
1986 жылы желтоқсанда да жастар алаңға осы әнді айтып шықты. Нәтижесі – Тәуелсіздігімізді алдық.
Осыдан кейін Шәмші Рух болмағанда, кім болады, «Менің Қазақстаным» Рух болмағанда, кім болады?! Ал, Шәмші – Рух осындай қарапайым ауылда, қарапайым қазақы үйде дүниеге келген, өмірге көзқарасы осында қалыптасқан. Ендеше, біздің бұл іс-шарамызды Рухқа оралу деп атасаңыздар да болады, - дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов бізбен телефон арқылы әңгімелескенде.
Музейдің ашылуына ҚР Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдоллаұлы және композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов қатысты.
No-comment.kz