Асқар Мырзахметов ОҚО әкімі болып тұрған кезде екінші тынысы ашылғандай болған Шымкент қаласының бүгінде жөндеу жұмыстарынан астаң-кестеңі шығып жатыр. Кеше ғана пайдалануға берілген ғимараттың быт-шытын шығарып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, тақтайдай теп- тегіс жолдардың астын үстіне шығару Шымқалада үйреншікті оқиғаларға айналып кетті. Осындай өресіздіктер ақыры ел Президентінің Жолдауында да айтылды.
Шымкентке Мұрат Әйтенов әкім болып тағайындалғаннан бері бюджеттен 27 миллиард теңге қаржы бөлініп, 256 көшеге орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле бастапты. Ал 207 миллион теңгеге жөнделіп жатқан Шәмші аллеясы төңірегіндегі әңгімелерден бүгінде бүкіл республика жұртшылығы хабардар. Ол әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер туындатып жатыр.
Кейбір әлеуметтік желі белсенділері аталған жұмыстар жайлы оң пікір білдіріп жатса, енді бірі «орынсыз жұмыс» екенін айтуда. Тіпті, осы тақырып аясында қоғам белсенділері Facebook желісіндегі парақшаларында бірнеше сыни жазба қалдырып, біздің ақпараттық-сараптамалық сайтымызда мақала да жарияланған.
Әлбетте, үшінші мегаполистегі нысандардың көркейіп, автокөлік жолдарының жөнделе бергені қуанышты жағдай. Алайда, көптеген тұрғындар қаланың шетіндегі топырақ жолдарды асфальттаудың орнына, айналып келіп орталықтағы жолдарды әспеттей беретініне, одан бөлек сыны да, сыры да кетпеген нысандарды бұзып тастап, қайта жаңартып жатқанына қынжылады.
Енді бұл тізімге Шымкент қаласында 2013 жылдың күзінде ашылған «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы қосылып отыр. Көрген адам сүйсіне қарайтын ғимарат біраз күн бұрын жөндеуге жабылыпты. Бұл құрылысқа іштей қарсы екенін білдірсе де, ашық наразылыққа баруды қаламаған тұрғындардың айтуынша, 300 мыңнан астам кітап қоры бар ғимараттағы құрылыс бірнеше ай бұрын басталған. Жөндеу жұмыстарын ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Шымкент қаласы әкімдігі бірігіп жүргізіп жатқан көрінеді. «Құрылыс жұмыстары аяқталғасын, бұл руханият ошағы да академиялық кітапханаға айналмақ» дейді ұзынқұлақ.
Дегенмен, бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі бір де бір ресми хабарлама жасаған жоқ. Сондай-ақ, осы тақырып аясында редакция атынан ресми сұраныс хатпен бірнеше күн бұрын жолдаған сұрақтарымызға әлі жауап ала алмай отырмыз. Осыдан кейін көкейімізді «Мұрат Әйтеновтің бұл жұмысты жасыруына не себеп? Елімізде орын алған қиын кезеңде жаңа ғимаратты жөндеудің не керегі бар? Әлде, бұл жерде біз білмейтін бір «гәп» бар ма?» деген сұрақтар кернеп отыр.
Расында, Шымкент қаласының әкімін сынаушылардың қатары көп. Тіпті, арасында «бұл әкім ақшаның қайдан көп түсетінін жақсы біледі екен» деген секілді пікірлерді де байқап қаламыз.
Еске сала кетсек, біраз уақыт бұрын «Отырар» деген атаудың «Әл-Фараби» болып өзгеруіне біршама адам қарсы болса да, басшылықтың шешімі өзгеріссіз қалған еді.
Тұрғындар сондай-ақ мына мәселені де түсіне алар емес. Сонда жаңа ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмесе, оның статусы өзгермей ме? Жоқ, әлде кеше ғана пайдалануға берілген кітапхана ғимараты соншалықты тозып кетті ме? Тозып кетсе, оған кінәлі кім? Неге оны тоздырып жіберген адамдар жауапқа тартылмайды, неге салық төлеушінің қаражаты кеше салынған ғимаратқа екінші рет тағы салынуы тиіс?
Шымкенттіктер осы сауалдарға жауап іздейді, өздерінің терін тамшылатып жүріп тауып, салыққа аударған ақшаларының ретсіз жұмсалғанына ренжиді.
Алайда әзірге олардан кешірім сұрайтын ақ жағалылар көрінбейді. Соған қарағанда Шымкенттің әкімі “бюджеттегі ақша сендердікі емес, менікі” деп ойлай ма екен?
No-comment.kz