Газ тұтынушылары неге наразы?

Газ тұтынушылары неге наразы?

Бүгінде Шымкент қаласы тұрғындарының мәселесі шаш етектен. Соның бірі табиғи газ.

Бүгінде Шымкент қаласының аумағы өте жылдам кеңеюде. Ол қуанарлық жағдай. Алайда, шаһар орталығынан шалғайда орналасқан елді мекендер әлі күнге дейін қыста пеш жағып, ағаш, көмірмен үйін жылытып отыр.

Иә, шалғайдағы кей жерлерге жекеменшік газ құбырлары тартылған. Бірақ, оны үйге кіргізу ақысын естісеңіз, бас шайқап қаласыз. Қала орталығына жақын жер телімін сатып алуға шамасы жетпей, амалсыздан қаланың шетін қанағат тұтқан тұрғындар қашанғы қиындық көре беруі керек?!

Осынау қордаланған мәселелерді шешуге қала басшылығы мен «ҚазТрансГаз Аймақ» Акционерлік қоғамы неліктен құлқысыз?

Бұдан бөлек, «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің жұмысына тұрғындардың көңілі толмайды. Айтуларынша, өздерін газ мекемесіненбіз деп таныстыратын тексерушілер шымкенттіктердің наразылығын туғызып отыр. Тексерушілер тұрғын үйдегі газ желісін, пеш пен түтін шығатын құбырды тексереді. Әрі бұл қызметі үшін ақы сұрайды. Жарайды, бәрі де қауіпсіздік үшін дерсіз. Алайда, тұрғындар көгілдір отынның мардымсыз жанатын кездері де болатынын айтады. Сонда мұндай сервистік қызметтер кім үшін және не үшін жасалынып жатқандығы көңілге күдік ұялатады.

Бұл мәселе қаншама жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Бірақ түйінін шешер сыңай танытып отырған не әкім, не оның орынбасарлары, не жауапты сала басшысы көрінбейді. Бұдан кейін жергілікті шенеуніктердің монополист компанияларға сөзі өтпейді ме деген де сұрақ туындайды. Айтқанын істете алар болса, қаладағы коммуналдық проблемалар мұншалықты ауқымды болмас па еді?!

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ