Шымкент әкімдігі БАҚ-тағы «пиар» үшін неше млрд теңге жұмсайтыны белгілі болды

Шымкент әкімдігі БАҚ-тағы «пиар» үшін неше млрд теңге жұмсайтыны белгілі болды

Azattyq Ruhy сайты ашық дереккөзден республикалық маңызы бар үшінші қала – Шымкент әкімдігінің жергілікті атқарушы органдары, яғни, қаланың аудандары мен басқармалары жүзеге асырып жатқан ең қымбат бес жобаны анықтады.

 

 

Ең қымбат бес жобаның ішінде тұрғын үй басқармасының баспана салу, ескі үйлерді жөндеу сияқты қызметтеріне арналған 1 млрд 500 млн теңге бюджетімен қатар, «мемлекеттік ақпараттық саясат жүргізу жөніндегі қызметтерді» сатып алуға бөлінген 1 млрд 227 млн теңгенің жобасы тұр.

Ресми құжатта айтылғандай, Шымкент әкімдігі бұл қаражатқа «мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу» саласындағы тауарлар мен қызметтерді сатып алады. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл тапсырыспен жазылатын жағымды пиар, жарнама үшін бөлінген қаражат.

БАҚ-ТЫ МИЛЛИОНДАРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТКЕН ӘКІМДІК

Шымкент қаласының ішкі саясат және дін істері басқармасы ақылы материалдар үшін бір БАҚ-қа шамамен 4-6 млн теңге төлейді. Тіпті, бір қызмет түрі үшін 15 млн теңгеден астам қаражат ұсынған. Келесі бір бөлімде жыл бойы ақпарат құралдарында материал дайындау үшін 6 млн теңгеден астам ақша бөлінген. Келесі бір БАҚ-қа тағы да 4 миллионнан астам теңгенің тапсырысын алып отыр.

 

 

ЕКІ РЕТ ЖҮКТЕЛІП, БІР РЕТ КЕСІЛГЕН МИЛЛИАРД

Суреттегі 1 млрд 224 млн 383 мың теңге мен 1 млрд 227 млн 383 мың теңге – бір бағдарлама - «Мемлекеттік ақпараттық саясат жүргізу жөніндегі қызметтерге» бөлінген қаражат. Тек ішінара өзгеріспен порталға екі рет жүктелген.

«Қаражат неге бөлінді» деген бөлімнің әу бастағы (2020 жылдың сәуірінде жүктелген мәлімет – авт.) сипаты мынандай:

«Шымкент қаласының ішкі саясат және дін істері басқармасының стратегиялық бағыттары, өзіне жүктелген функциялар мен міндетерді тиімді орындауы үшін оның қызметін қамтамасыз ету. Өңірде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу, БАҚ пен мемлекеттік органдардың өзара тиімді іс-қимылы үшін қолайлы жағдай жасау, қаладағы қоғамдық-саяси ахуалға әсер ететін проблемалық мәселелерді анықтау, әлеуметтік экономикалық салалар бойынша жедел және нақты ақпараттар тарату мақсатында материалдық-техникалық құрылғылармен қамтамасыз ету».

Екінші нұсқада бағдарламаны жүктегендер мынадай сипаттама ұсынған:  

«Шымкент қаласының ішкі саясат және дін істері басқармасының стратегиялық бағыттары, өзіне жүктелген функциялар мен міндетерді тиімді орындауы үшін оның қызметін қамтамасыз ету. Өңірде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу, БАҚ пен мемлекеттік органдардың өзара тиімді іс-қимылы үшін қолайлы жағдай жасау, қаладағы қоғамдық-саяси ахуалға әсер ететін проблемалық мәслелерді анықтау, әлеуметтік экономикалық салалар бойынша жедел және нақты ақпараттар тарату мақсатында материалдық-техникалық құрылғылармен қамтамасыз ету».

Біз екінші рет жүктелген нұсқадағы құжаттамаға сәйкес, Шымкент әкімдігі 1 млрд 244 млн теңгеге неше мақала, неше сюжет сатып алатынын білдік.

«Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы» 2020 жылы «ақпараттық саясатты газет, журналдар арқылы іске асыру» үшін 55 тапсырыс, «ақпараттық саясатты теле-радио арқылы іске асыру» үшін 26 тапсырыс, «ақпараттық саясатты веб-сайттар арқылы іске асыру» үшін 20 тапсырыс, «аудио, видео роликтер, фильмдер әзірлеу» үшін 8 тапсырыс, барлығы 109 ақылы қызметке тапсырыс беріп отыр. Ол үшін бюджеттен айтқанымыздай, 1 млрд 244 млн теңге бөлінген.

Айта кетейік, «Ашық бюджет» порталында бұл саладағы қызметтер мен тауарлардың орташа құны 145 мың теңге болса, Шымкент әкімдігі оны 1 млн 244 мың теңгеге сатып алып отыр. Пиардан ақша аямайтын қала әкімінің аты – Мұрат Әйтенов. 1981 жылғы азамат. Жетісай қаласының тумасы. 2020 жылдың 21 қаңтарынан бері Шымкент шаһарының әкімі болып отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Сенат Парламентінің клуарында мемлекеттік қарыз көлемі туралы журналистердің сұрағына...

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала...