Биыл суық ерте түсті. Өкінішке қарай, Шымкент қаласының билігі табиғаттың мұндай тосын мінезіне дайын болмай шықты. Суық пәтерлерінде дірдектеп отырған тұрғындар қолдарына микрофон тисе «дайындығымыз керемет, жағдай бақылауда» деп сайрай жөнелетін билік өкілдеріне осыдан кейін алғыс жаудыра ма, қарғыс жаудыра ма? Жә, бұл сұраққа жауап бермесеңіздер де болады, онсыз да бәрі белгілі емес пе?!
Күн күрт суытқан сәрсенбі, бейсенбі күндері біздің тілшіміз Шымкент қаласының біраз мөлтекаудандарын бір аралап шыққан. Белгілі болғанындай, «Бадам», «Тараз» шағынаудандарында түнгі уақытта газдың қысымын түсіріп жібереді екен. Ал, 193-ші орамдағы Балбұлақ, Тұлпар көшелерінде газдың өшкеніне 1 аптадай болыпты. Бұған кім жауапты? Адамдар осынша бүрсең қағатындай әкімдікке қай қылықтарымен жақпай қалды? Бұған түпкілікті жауапты кім береді? «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі ме, әлде «жағдайды бақылауда ұстайтын» әкімдік пе?
Аталған мәселені анықтау үшін жуырда салық төлеушілердің есебінен қыруар қаржы жұмсалып ашылған «Ikomek Shymkent» орталығына қоңырау шалдық. Проблеманы шешумен емес (!), айтылған мәселені тиісті мекемеге, одан кейін жауаптылардың сөзін шағымданушыларға жеткізумен ғана айналысып отырған орталық ол қызметін де қатырып атқармады. Орталық операторының бар айтқаны «ҚазТрансГазАймаққа хабарласа алмай жатырмын, жауабын білгенде өзім байланысқа шығамын» деген сөз болды. Мәселенің жедел екенін айтқанымызда, «асығыс болсаңыз өзіңіз 104-ке қоңырау шалып көріңіз» деген жауап алдық. Міне, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қолдауымен ашылған орталықтың сиқы осындай...
Ikomek өзімізді жұмсаған соң амал жоқ, «104» нөміріне де қоңырау шалып көрдік. Алайда, ол әрекетімізден түк шықпады, бірде қоңырау бармаса, бірде тұтқаны ешкім көтермеді...
Сондай-ақ, бізбен тілдескен «Ikomek Shymkent» орталығының 14-ші операторы қаланың кей жерлеріндегі жылу құбырларының ауыстырылып, сол себепті жылу болмай жатқанын айтты. Оған газ желісіндегі ақауларды қосыңыз да, қаншама тұрғынның қақаған қыста жылусыз отырғанын ойлап көріңіз. «Жаз бойы жолды қопарғанша, ең бірінші кезекте қысқа дайындалмады ма?» деген тұрғындардың жергілікті билікке деген өкпе-ренішін осыдан кейін қалай түсінбейсің?! Шымкенттіктер бүгінде Алладан күннің тез жылынғанын тілейді. Алайда, қыс енді басталмады ма?! Алда әлі желтоқсан, қаңтар, ақпан бар...
Біз ашулы елді сабырға шақырамыз. Бұл күндер де артта қалып, қарашаның қара суығында түнімен жаңғақ шағып шыққан сәттер де ұмытылар. Бірақ билік өкілдерінің есіне қараша халықтың төзімімен ойнай берудің ақыры ешқашан жақсылыққа апармағанын сала кеткіміз келеді. Халыққа жылу бермесеңіздер де жылы қарым-қатынас орнатсаңыздаршы. Елге сол елдің салығымен күн көріп отырып, «асығыс болсаңыз, өзіңіз 104-ке қоңырау шалып көріңіз» деп те жауап қайтаруға болады ма екен? Ұяттағы-ай!