«Моланың үстінде тұрып ақша тапқандай...»

«Моланың үстінде тұрып ақша тапқандай...»

Өткен аптада Шымкент қаласы әкімдігі мен Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы бірігіп, «Инфодемияның екінші толқыны: алдын алу және ақпараттық стратегия» деген тақырыпта онлайн конференция өткізіпті. Аталмыш конференцияға қатысты өз пікірін әлеуметтік желіге жариялаған Түркістан облыстық журналистер одағының басқарма төрағасы, белгілі журналист Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК өз жазбасын «Бұл аптада бүкіл қазақстандықтарды дүр сілкіндірген екі оқиға болды. Біріншісі – «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды құрылтай өткізіп, Қазақстанды президенттік басқарудан парламенттік республика жүйесіне көшуге шақыруы болса, екіншісі – Шымкентте өткен атынан ат үркетін жиын» деп бастаған.

«Көріп отырсыздар, тақырыпта мін жоқ. Мынадай тақырыпты тек академиктер мен ғылым докторлары ғана талқылай алса керек. Расында да, Малика Абдалиева, Ғалымжан Елшібай, Анара Сулеева, Уәли Қыдыр, Асылбек Досалы, Шыңғыс Мұқан секілді ақберен ұл-қыздарды қандай академиктен кем көргендейсің?! Бәрінің деңгейлері де, білім-біліктері де бір-бірімен шамалас, нағыз сен тұр, мен атайындар ғой. Бірақ осы ағайындар аталмыш жиында өздерінің не айтқанын ең болмағанда өздері түсінді ме екен? Менің соған күмәнім бар.

Осынша игі жақсылардың сөзінен ұққаным, пандемияның кешегі бірінші толқыны кезінде елде фейк ақпараттар қаптап кетіпті де, олар білсін-білмесін, әр түрлі ем ұсынып, соның салдарынан біздің отандастарымыз қатты зардап шегіпті. Егер сол фейк ақпараттар болмағанда, жағдайымыз бұдан әлдеқайда дұрыстау болғандай екен. Енді екінші толқынның қарсаңында сол қателіктерді қайталамай, тек шынайы ақпаратқа жүгінуіміз керек екен. Сосынғы бір екі дүниеде кешірілмейтін күнәміз – өзіміздің мамандарды тыңдамай, ана орыстың Малышева сияқтыларын тыңдайды екенбіз. Мұның бәрі ұлттың бойындағы мін болып тұр. Қандай өкінішті... Тағдыр-талайы не деген тайқы ел едік...»  дейді Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК өз сөзінде.

Сондай-ақ, маусым-тамыз айларындағы дәрі жетіспеушілігі, науқастарды қабылдай алмаған ауруханалар, жайсыз спорт залдарда аурулардың ыңырсып жатқаны, біраз дәрігердің зардап шеккені мен күн сайын жеткен қаралы хабарларды еске алған журнаист әріптестеріне: «Айтып отырғаның қандай фейк ақпарат, Ғалеке, Ғалымжан Елшібай? Ол екі айда біздің көргеніміз, естігеніміз осы жағдайлар болатын. Жоқ әлде сіздер, Ғалымжан Елшібай, Асылбек Досалы, Шыңғыс Мұқан, ол кезде айдың арғы жағында өмір сүрдіңіздер ме?» деп сауал қойыпты Т. Фазылбек.

Сонымен қатар, адамдардың өздерін-өздері дәрімен қамтамасыз етіп, бір-біріне емдеу амалдарын бөліскенін, әкімқаралардың жалған сөйлегенін айтқан танымал журналист: «Бірлі-жарым фактілер болса, болған шығар, бірақ адамдардың басым көпшілігі фейк болып емес, өз аты-жөндерімен шығып, білгендерін ортаға салып жатты. Біреулері «Жаттығуды олай жасама, былай жаса» десе, енді бір ағайын кислород баллонын алмастыратын баклажкалардан жасаған аппаратын ұсынды. Бір сөзбен айтқанда, бұдан да үлкен шығыннан алдымен Құдай, сосын адамдардың өздері бір-бірлерін құтқарды. Ешқандай да шынайы ақпарат құтқарған жоқ. Коронавирус қарапайым адамдарды бір-бірімен бұрынғыдан да тығыз топтастырып жіберді де, пиарлатып, маска таратып жүрген әкімдер елден одан сайын бөлініп қалды. Олар «әкім берді» деп айтыңдар» деп маска таратып жүргенде, халық өздерінен артылған дәрі-дәрмегін «Мынадай дәрі кімге керек? Тегін беремін, телефоным – мынау» деп әлеуметтік желіге жүктеп жатты. Сіздер қандай фейк ақпаратты айтып жатырсыздар, конференция өткізгіштер? Ел болған соң бірлі-жарым адам «ұшақпен дәрі шашып кетті» деген сияқты бірлі-жарым ақпарат таратса, таратқан шығар. Алайда олардың өзі де өз аты-жөндерімен шығып еді ғой»  дейді өз жазбасында.

Оған қоса, әлеуметтік желідегі фейк аккаунттар жайлы айтқан Тұтқабай Есенбайұлы: «Иә, ол кезде фейк аккаунттар болды. Бірақ солардың басым көпшілігі Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасына қарасты АКО-ның фейктері сияқты әсер қалдырды. Ол арсыз фейктер сол күндері жанайқайын жеткізіп жатқан адамдармен «Фейсбукте» қырылысып жатушы еді ғой! Тіпті шырқыраған шындықты жайып салған білікті адвокат Яворскийдің постының астына бір бауырымыздың «Орыс, тыныш отыр» деп коммент қалдырғаны – есте. Әкімқаралардың сөзін сөйлеген түрі болса керек. Кейінірек ол бауырымыз дырдай мекемеге басшы боп барған ба, бірдеңе. Конференция ұйымдастырғыштар, айтқыш екенсіздер, осыларды айтпадыңыздар ма?!»  деген ойын білдірген.

 «Сосын... Бұл конференция тегіннен-тегін өтпеген болар? Ішкі саясаттан Ғалымжан Елшібайға бір етек ақша аударылған шығар. Түптеп келгенде, сол конференция Ғалымжан Елшібайдың «отчётына» кететін жиналыс емес пе екен? Тегін өткізген болсаңыздар, кешірім сұраймын. Қалай болғанда да, кешегі коронавирустан, пневмониядан қайтыс болғандардың әлі топырағы кеуіп үлгерген жоқ. Бір әулеттен үш адам, бес адам кетіп қалған фактілер де бар. Үлкен қасірет. Орны толмас трагедия. Шықа – Шыңғыс Мұқан, Ғалеке – Ғалымжан Елшібай, Асылбек Досалы, сіздер бұл конференцияны арнайы қаржы бөліп өткізсеңіздер, топырағы кеппеген марқұмдардың моласының үстінде тұрып, ақша тапқандай болып көрінеді екен. Егер тегін өткізсеңіздер, марқұмдардың топырақтары кеппей жатып, құлаққа кірмейтін әңгіме айтуды доғарыңыздар! Ақша істеу керек болса, абырой жинау керек болса, басқа да іс-шаралар жетеді деп ойлаймын. Әл-Фарабидің, Абайдың мерейтойларына байланысты іс-шара өткізіңіздер, сол да жетеді. Адамдардың қайғысы тарап болмай жатып, «фейк-сейк» дегендеріңіз жарамайды. Ол кезде шынайы ақпарат жалғыз «Диагноз» газетіне шығып, адамдар көшемен-көше «Диагноз» газетін іздеп кеткен жоқ еді ғой.

Құдайдан бір жас кіші халыққа ақыл айта бермей, ішкен-жегендеріңізге тоба айтып, тыныш жатсаңыздаршы. Әңгімені көбейткен сіздерге тек зиян әкеледі ғой, Шықа, Ғалеке, Асылбек, тағы басқа да конференцияға қатысушылар! Айтқандай, бұл конференцияның бюджеті қанша болды, Шықа?» деп Тұтқабай Фазылбек Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанға сұрақты төтесінен қояды. Алайда, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, алуан-алуан пікір тудырып жатқан журналистің бұл жазбасына я Шыңғыс Мұқан, я Шымкент қаласының әкімдігіндегі жауаптылардың ешбірі әл-әзірге ләм-мим деп жауап қатпай отыр. Соған қарағанда... "Үндемеген үйдей бәледен құтыладының" ба, жоқ әлде "Үндемегені - келіскенінің" (Молчание - знак согласияның) кері ме?

Батыс көрген Шықаң демократия үрдістеріне сүйене отырып бәріне ашық жауап берер деген үміттеміз.

(Фото Шымкент қаласы Ішкі саясат басқармасының Фейсбук парақшасынан алынды)

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала...