Бақытжан Позилов шымкенттіктердің денсаулығын сақтай ала ма?

Бақытжан Позилов шымкенттіктердің денсаулығын сақтай ала ма?

Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау саласының бүгінгі ахуалы қандай? Пандемия басталмай жатып-ақ үшінші мегаполис медицинасы жайында тұрғындар тарапынан кері пікірлер көптеп айтылып жататын. Ал, әлемді жайлаған індет Шымкентке жеткенде мұндай пікірлердің тіптен үдей түскенін көрдік.

Олай болуы заңдылық еді. Өйткені, індет дендеп, дертіне ем іздеген халықтың дегбірі қашқанда Шымкенттегі жергілікті билік пен шынайы жағдай екі түрлі сөйлеп тұрды. Әкімдік барлық қажетті дәрі-дәрмектің жеткілікті, жағдайдың тұрақты екенін қанша айтқанымен, қоғамдағы жағдай ол айтқандарына мүлдем кереғар еді. Тіпті, қала әкімі айтқан вагон-вагон дәрілерді де тұрғындар дәріханалардан таппай жатты. Соңында шаһар басшысы Мұрат Әйтенов Мемлекет басшысынан сөгіс алып тынған. Денсаулық сақтау басқармасының басшыларын да бірінен соң бірін ауыстырып тастады. Содан бірнәрсе өзгерді ме? Осы жағдайларға қарап, миллионнан астам халқы бар қаланың денсаулық сақтау саласына жоғары баға беру өте қиын.

Жағдайдың қандай екеніне көз жүгірту үшін Шымкенттегі перзентханаларды ғана мысалға алып көрейікші. Кейбір шымкенттіктердің айтуынша, перзентханалардағы дәрігерлер мен медбикелер жүкті әйелдерден ақша сұрайтын көрінеді. Бірақ нақты дәлел жоқ. Дәлел қайдан болсын?! Өзі өмір мен өлімнің арасында қиналып жатқан әйелдер олардың сыйақы сұрағанын телефонның камерасына түсіріп жатады дейсіз бе? Оған қоса, «босанған келіншекті шығарып алуға барсаң, медбикелер сүйінші сұрап тұрып алады» деген әңгімені де жиі естиміз. Әрине, сүйінші деген жақсы ғой. Алайда, бұл «сүйінші» қаншалықты заңды? Онымен қоймай, өзі босана алатын әйелдерді ота арқылы (кесарево) босандыратын жағдайлар да жиілеп кеткен деседі. Жалпы, перзентханадағы тәртіпті кім бақылап отыр? Бұған кім жауапты?

Жауапты демекші, біз  Instagram әлеуметтік желісінде өте белсенді, жүрген-тұрғанын халыққа көрсетіп, тікелей эфирге жиі шығатын Бақытжан Позиловты блогер екен деп жүрсек, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов оны бір айдан аса уақыт бұрын қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымына тағайындаған екен. Жалпы, жекеменшік медицина мекемесіне басшы болған адамды Денсаулық сақтау басқрамасына басшы етіп тағайындау қаншалықты дұрыс әрекет? Білуімізше, Б.Позилов бұл басқармаға басшы болмай тұрып жекеменшік «Медикер ЮК» медициналық орталығының бас директоры болған екен. Енді басқармаға басшы болғаннан кейін өзінің бұрынғы жекеменшік орталығына бір бүйірі бұрып тұрмайды ма? Әкім Әйтенов осы мәселені ой елегінен өткізді ме екен? Позилов «енді билік менің қолымда» деп, заңсыз бірдеңелерге шатылып жүрмей ме? Ары қарай кімнің пайдасына қызмет етуі мүмкін? Әлде, «Медикер ЮК» медициналық орталығы енді мемлекеттен ешқандай көмек алмай ма? Ал, егер мемлекеттік жәрдемді немесе мемлекеттік тапсырыстарды аталмыш медициналық орталық алып жатса тиісті құжаттарға Позилов қол қоя ма? Бақытжан Жолдасбекұлының бұрынғы бәсекелестері, яғни, қаладағы өзге де медициналық орталықтардың иелері бұған қалай қарар екен? Қара қылды қақ жарып, әділ жұмыс істеп жатса, «бәрекелді» дер, өйтпеген жағдайда онсыз да басынан әңгір таяқ кетпей жатқан Әйтеновке тағы бір «проблема» болып жүрмей ме? Позилов шымкенттіктердің денсаулығын түзей алар ма екен? Сұрақтар өте көп. Бұл сұрақтардың жауабы жуық арада беріле бастары анық. Ал, біз Позиловтың алдағы әрекеттерін, атқаратын жұмыстарын жіті назарға алып, бақылап отыратын боламыз.

(Мақаланың жалғасы бар)

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала...