Алпысқа келдіңіздер...

Алпысқа келдіңіздер...

Ширек ғасырдан астам уақыттан бері қазақ халқына шуақты күлкі сыйлап келе жатқан «Шаншар» театрының бас режиссері, талантты актер Жүсіп Ақшора алпысқа толды. Сахнадан бірде Өгізбай болып көрініп, бірде «мен ғой, Дужусуп – Ж-п, Ж-п б» деп көрерменін қыран-топан күлкіге көміп тастайтын ақтеңгер әртіс әріптестерінен ең бірінші кезекте сұмдық қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Шымкенттіктерге Жүсіп ағаның қала көшелерінің бойымен жаяулатып кетіп бара жатқанын көру таңсық болмай қалған. Жүсіп Ақшораның бір жапырақ Мақтау қағаз үшін әкімдерге көзін сатып тұрғанын ешкім көрмеген болу керек. «Құрмет», «Парасат» деген ордендер ол кісіде болса да жоқ шығар.

Жүсіп көкенің айналасында жүрген кісілерден естуіміз ол кісі алпыс жылдығының аталып өтуіне де сұмдық қарсы болыпты. «Осындай тәлпіштіктің не керегі бар, алпыс жылдығын атап өтетін мен сендерге Айтматовпын ба? Мен бар болғаны әртіспін, өнер адамымын» деп отбасы мүшелеріне де, басқа әріптестеріне де көнбей қойыпты. Алпыс жылдықты атап өтуге әрең көндірген отыз жылдан аса уақыттан бері бірге өнер жасап келе жатқан әріптесі, замандасы Уәлибек көке Әбдірайымов болыпты. «Алпыс жылдық саған керек болмаса, індеттен әрең басын көтерген, әлі де көңілі алаң халқыңа керек! Сен уайымда отырған халқыңа шуақты күлкі сыйлауың керек! Мұны істемесек несіне өнер адамы болып жүрміз?!» дегенге де Жүсіп көке бірден ыңғай бере қоймаған сияқты. Ақырында Жүсіп көкенің өзі «Уәке көке» дейтін Уәлибек көкеміз шарт кетіпті. «Әй, алпыс жылдығыңды өткізгің келмесе, елу бес жасыңда...» дей бергенде ғана Жүсіп көке «қойдым-қойдым, басеке!» деген көрінеді. Біздің ол кісілердің айналасында жүрген замандастарынан, үлкен кісілерден естігеніміз осы әңгіме.

Сонымен кеше Шымкент қаласындағы сатира және әзіл-сықақ театрында Жүсіп Ақшораның алпыс жылдық мерейтойы керемет мазмұнда, жаңаша форматта өтті. Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Азамат Әмірден басқа сахнаға шығып, сөз сөйлеп тұрған ешкім болмады. Азамат Әмірдің өзі де Шымкент қаласы әкімінің, өзге де мәдениет мекемелері басшыларының құттықтау хатын табыс етті. Ал, Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған пікір білдірушілердің видеолебіздерін көрермендер лэд экраннан көріп тамашалады. Қалған уақыттың бәрі Құдіретті Өнерге арналды. Тіпті мерейтой иесінің өзі де бір рет мәдениет саласы басшысының орнына келген кісіден құттықтауларды қабыл алғаны, бір рет интермедияға қатысқаны болмаса, сахнадан көрінген жоқ. Өмірдегі Жүсіп Ақшора өнердегі Жүсіп Ақшораны сахнаның сыртынан бақылап көрді. Мұны іс-шараны ұйымдастырушылардың жаңалығы деп қабылдауға әбден болатындай.

Осы жерде бір әңгімені айтпай кетуге болмай тұр. Оны айтпасақ, сөздің атасы өліп қалмас, бірақ, түкіріктің қайта жұтса мәкүрік болатыны рас.

Осы мынау іргеміздегі Ресей жұртында не бір өнер адамы, не бір ақын-жазушы, ойда-қырда орыс мәдениетін жасаушы тұлғаның мерейтойы болып жатса, телеарналар Путиннің әлгі мерейтой иесін бір букет гүл алып, үйіне құттықтап барып жатқанын көрсетеді. Әлемдегі барлық президенттердің ішінде ең уақыты тығыз президент Путин сияқты болып көрінетіні бар. Соның өзі барлық жұмысты ысырып тастап, орыс мәдениетін жасап жатқан тұлғаны мерейтойымен үйіне барып құттықтауды ұмытпайды. Себебі кез келген мемлекетті әлемге айбарлы ететін бірінші кезекте оның экономикасы емес, мәдениеті мен өнері екендігін тереңнен түсінеді. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан да үлгі алар тұстар аз емес. Басқасын айтпағанда, қазақтың тамаша композиторы Нұрғиса Тілендиев науқастанып жатқанда үйіне арнайы көңілін сұрай барып, «Халық Қаһарманы» атағын тапсыра кеткенінің өзі не тұрады! Біздің әкімдер «Назарбаев бұрынғы Президент қой...» дейтін болса, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов 95-ке толғанда арнайы қабылдап, дәстүрге адалдығын танытпады ма?!

Ел басқарған тұлғалар мың-сан жұмыстарынан кішкентай саңылау тауып, мұндай әрекетті не үшін істейді?

Бірінші, елдің мәдениеті мен өнері өлмесе, ол ұлттың өзі де өлмейтінін, ал, ол өнерді өнерпаз жасайтынын жақсы түсінгендіктен солай істейді!

Екінші, өнер адамына жақындаса, халыққа жақындайтындарын жақсы түсінеді!

Ал, Путин емес, Назарбаев емес, Тоқаев емес, нәйеті Әйтенов өнер иесін ұлықтауды қажет деп таппайды. Өнер иесін ұлықтау – өнерді ұлықтау екеніне мән бере қоймайды. Жүсіп Ақшораға жақындаса, оның арғы шетінде халық тұрғанын оған айналасындағылар түсіндірмейді. Әйтенов бүгінгі Қазақстан әкімдерінің ішінде халықтан ең алыстап қалған әкім екенін білсе, ол қандай жағдай болса да кеше театрға барған болар еді. Сол халыққа жақындаймын деп кеше пандемия кезінде көшеде маска таратып, таратып қана қоймай, «бұл масканы әкім берді деп айтыңдар» деп, ол «қойылымын» әлеуметтік желіге жүктеп, әбден ит масқарасы шықпап па еді?! Айналайын, Құдай-ау, елге жақындаймын деген шенеунікке кешегіден артық қандай мүмкіндік керек?! Мұрат Дүйсенбекұлы Жүсіп Ақшораны мерейтойымен құттықтай келсе, оған сөз бермей қоюға кімнің дәті жеткендей еді?! Сахнаға көтеріліп, жерлестерінің алдында «ағайын, өнерін сіз бен біз сүйіп тамашалайтын Жүсіп Ақшора ағамыз алпысқа келіпті. Бұл – Жүсіп Ақшораның мерейтойы ғана емес, күллі қазақ өнерінің мерейтойы! Біз сияқты әкімдердің мыңы келіп, мыңы кетер, бірақ Жүсіп Ақшора секілді талантты өнер адамдары жүз жылда, бәлкім мың жылда бір-ақ туады! Сондықтан, бізді қоя беріңіз, мына тарихында қуанышты сәттерінен гөрі қасіретті шақтары басым қазақ деген халықтың бағына сіз керексіз, сондықтан сіз аман болыңыз, Жүке!» десе, сол жерде отырғандар Жүсіп Ақшораны емес, Мұрат Әйтеновті көтеріп әкетер еді ғой. Осылай істеуге меніңше соншалықты көп ақылдың да қажеті жоқ.

Ал, кеше Шымкент қалалық әкімдігі Жүсіп Ақшораны қалай құттықтады? Оның мерейтойлық кешіне қалай мән берді? Әкімнің өзі келу былай тұрсын, бірде-бір орынбасары да келуді қажет деп таппады. Орынбасарларды айтасыз, тікелей өнер адамдарымен жұмыс істейтін мәдениет басқармасы басшысының өзі де төбе көрсетпеді. Ол өзінің экономика жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы барса жетеді ғой деп шешіпті. Тура сол «Шаншардың» бір қойылымында Жүсіп көкенің бір мекеменің директорының орынбасарының көмекшісінің жәрдемшісі болып ойнайтыны бар еді ғой, кеше Шымкенттің атқамінерлері сол интермедияның таза өмірден алынғандығын дәлелдеді!

Ал, Жүсіп көкенің түгі де кеткен жоқ. Ол мерейтойыма әкім келмеді деп тіпті де ренжіген жоқ. Тіпті оған мән де берген жоқ! Себебі, ол өнерді әкімдер үшін, әйтеновтер үшін жасап жүрген жоқ, қазақ деген қабырғалы халқы үшін жасап жүр! Оған әкімдер емес, сөз құдіретін түсінетін халқы аман болса, сол жетеді!

Кеше театрға жиналған халық та «Мұрат Дүйсенбекұлы көрінбейді ғой» деп әкімді іздеген жоқ. «Келсе әні, келмесе әні!» деді де!

Шынымен де елден қатты алыстап кетіпсіздер ғой, әкім мырзалар! Кешегі іс-шара сіздердің халыққа керек емес, халық сіздерге керек екендігін көрсетпеді ме?! Маска тарататын арзан пиарды не қыласыздар, еш болмаса жылына бір рет осындай жерлерде төбе көрсетіп қойсаңыздаршы...

P.S. Айтқандай, алдымыздағы сәуір айының 12 жұлдызында Уәлибек көкем Әбдірайымов 60-қа толады. Мұрат Дүйсенбекұлы, оған дейін қызметтен кетіп қалмасаңыздар және қателікті түзетіп, халыққа жақындау ойларыңызда болса, еш болмаса сол мерейтойға баруға уақыт табыңыздар. Театрға барған-бармағыныңыз қазақ сатирасының мэтрі Уәлибек Әбдрайымовтан гөрі өзіңіз үшін маңызды екенін ұмытпағайсыз!

Еркеғали Балажан,

No-comment.kz

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов америкалық ірі технологиялық компаниялардың бірі EPAM Systems директорлар кеңесінің төрағасы, бас...