Көш басынан көрінген өңір

Көш басынан көрінген өңір

Бизнес жасауға қай өңір қолайлы? «The World Bank Doing Business» рейтингі бойынша біздің ел 190 мемлекеттің арасында жиырма бесінші орында тұрса, бизнес белсенділіктің жай-күйі туралы еліміздің облыстары мен мегаполистері арасында суб-рейтингте Түркістан облысы топ жарып шықты. Жұмыс істеуге қолайлы ауа-райы, инфрақұрылымы мен бизнес үшін қаржының қолжетімділігі, адами капитал және қабылданатын шешімдердің транспаренттілігі сияқты бес фактор бойынша баға берілетін «байқауда» біздің облыстың бағы жанатындай-ақ бар. Өйткені, жоғарыда көрсетілген факторлардың қай қайсысы болса да біздің өңірдің «мінезіне» сай келіп тұр емес пе?!

Біріншіден, ауа-райы басқа өңірлерге қарағанда біршама жылы болғандықтан жұмыс маусымы ұзағырақ болады. Екіншіден, халық тығыз орналасқандықтан қол күші де жеткілікті. Үшіншіден, еңбекқор жалқы бар екенін ескерген үкімет ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп өндіру үшін, жеңіл өнеркәсіпті өркендету үшін барынша қолдау білдіріп келеді. Яғни, бизнес жасаймын деген адамға мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер де көп. Төртіншіден, шекаралық аймақта орналасқандықтан экспортқа да жол ашық. Ол аз десеңіз, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев те бұл салаға барынша басымдық беріп келеді.

Иә, бұл бизнес саласын жақсарту аясында еңбектеніп жүрген әр азаматтың, сонымен қатар отандық өнім шығарып, халықты жұмыспен қамтып отырған әрбір кәсіпкердің жетістігі екенін айта кетуіміз керек.

Иә, екі жылдан бері жалғасып келе жатқан карантиндік жүйе көптеген адамдарға бел шешіп жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласы да бұл індеттің зардабын аз тартқан жоқ. Өткен жылы нағыз жұмыс істейтін көктемде карантин болып, дала жұмыстарын атқаруға қол күші жетіспей, одан қалса дайын өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік болмай, шаруалар біршама қиналыңқырып қалғаны рас. Бірақ, бір қуанарлығы, қандай қиыншылықтарды бастан кешсе де диқан-шаруалар мойымай, алға қарай ұмтыла білгенінің арқасында біраз жетістіктерге қол жеткізді.

Биылғы әрекет те жаман емес. Елімізде қабылданған төтенше жағдайға, карантиндік шараларға қарамастан өсімдік шаруашылығының даму қарқыны тұрақты сақталып отыр. Алдын-ала жасалынған болжамдық есеп бойынша 231,1 мың гектар масақты дақылдар егілді. Ол орташа 21 центнерден өнім берсе, жалпы 500 мың тоннадай өнім беруі мүмкін. Сонымен қатар, биыл 1,5 жылдық мал азықтық дақылдарын жинау жоспарланып отыр.

Рас, мал басының көбеюіне байланысты жем-шөп қорына сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Нәтижесінде, нарықта жем-шөптің бағасы да артып, мал азықтық дақылдар еккен 17740 агроқұрылымның да табысы арта түспек.

Облыста өндірілетін бақша өнімдері облыс халқының қажеттілігінен 34,4 есе, ел халқының сұранысы бойынша 3,2 есеге артық өндіріледі. Сондықтан бақша дақылы Түркістан облысы үшін экспортқа бағытталған мақтадан кейінгі екінші өнім болып отыр. Өндірілген өнімнің 53 пайызы экспортқа, 47 пайызы ішкі нарықта сатылады.

Картоптан жылда жалпы 300 мың тоннадай өнім жиналады. Көкөністен 1000 мың тонна, оның ішінде 300 мың тоннадай қырыққабат, 50 мың тоннадай пияз, 40 мың тоннадай сәбіз жиналады. Облыс, қала әкімдіктерімен түзілген меморандум нәтижесінде 187 мың тонна өнім ішкі нарыққа, 73 мың тонна экспортқа жөнелтілді. Өкінішке қарай, қырыққабат өндірудің орташа өзіндік құны 1 келі үшін 50 теңге болса, нарықта 15-20 теңгеден сатылды. Осыған орай, шығынға ұшыраған тауар өндірушілердің екінші өнімін егуді қолдау үшін, ҚР Үкіметі резервінен жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,01 пайызбен 1,6 млрд. теңге бөлінді.

Түркістан облысындағы ауыл шаруашылғының алдыңғы шептен көрінуіне ет экспортының да қосқан үлесі қомақты. Иә, агроөнеркәсіптік кешен халықты аса маңызды азық-түлікпен қамтамасыз ететін, сондай-ақ елеулі экспорттық әлеуеті бар саланың бірі болып саналады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы саладағы өнім көлемі 729,7 млрд. теңгені құрады. Нәтижесінде республикадағы үлесі 12 пайызға жетіп, облыс еліміз бойынша 3-орынды иемденді.

Облыста ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына 58,1 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвестициялардың ауқымды бөлігі Кентау қаласы (21%), Ордабасы ауданы (10,2%), Сайрам (9,9%) және Бәйдібек аудандарына (9,9%) тиесілі. Республика бойынша ірі қара мал санының – 14,4 пайызы, ұсақ малдың – 23 пайызы, жылқының – 12,1 пайызы, түйенің – 15,1 пайызы және өндірілген еттің – 12 пайызы, сүттің – 12,5 пайызы – біздің облыстың үлесінде. Республикада ірі қара мал етін экспорттау бойынша облыс 1-орында тұр.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі былтыр 847,9 мың гектарға жеткен. Ал, жылыжайлар 131,6 гектарға салынып, жалпы көлемі 1 246 гектарды құрады.

Жылыжайлардың негізгі бөлігі – Сарыағаш (739 га), Келес (89 га), Ордабасы (87,4 га), Қазығұрт (63,4 га) аудандарының үлесінде. Республикадағы жылыжайлардың 67 пайызы – облыстың еншісінде. Тамшылатып суару технологиясы – 21,9 мың гектарды, жаңбырлатып суару технологиясы 2,2 мың гектарды құрады. Агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін 2,5 есе­ге арттыру мақсатында «Бір алқаптан жылына екі-үш рет өнім алу» бағытында 2 мыңға жуық жоба жүзеге асырылып, 262,5 мың тонна өнім өндірілді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысында 150 мыңға жуық кәсіпкер тіркелген. Бүгінгі таңда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 24,4 миллиард теңгеге 246 жоба қаржыландырылса, 5 миллиард теңгеге 29 жоба мақұлданып, жүзеге асыру жұмыстары қолға алынған. Одан бөлек, алты миллиард теңгеден астам қаржыға тағы 27 жобаны іске қосу көзделіп отыр.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,

Түркістан облыстық Журналистер одағының Басқарма Төрағасы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала...