Бүгінде «Даму» қорының қолдауымен өз бизнесін жолға қойып алғандардың қатары көп. Жалпы, жеңілдетілген жолмен несие алу – кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Бизнес бастағандар қаншама адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, ел қазынасына қыруар салық төлеп отырғанын ескерсек, олардың өз еліне қаншалықты пайда келтіріп отырғанын бағамдау қиын емес.
Жұмысы қызған сайын өмірге деген қызығушылығы артып, бизнес саласындағы соңғы жаңалықтармен сусындап жүрген кәсіпкерлердің тың идеялары кейде бізді де таң қалдырады. Айталық, әжетхана ашуды көбіміз ар санаймыз. Бірақ, тек осы бизнестің арқасында айына миллион теңге тауып отырғандар бар. Сондай-ақ, түйме шығару арқылы да миллиардер атануға болады екен. Бүгінде мырш-мырш ақша ұстап, алыс-жақын шет елдерді шарлап жүрген бизнесмендердің басым бөлігі өз бизнесін мемлекеттің қолдауы арқасында жолға қойып алғандар десек қателеспейміз. Мәселен, Мақтаарал ауданын сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Медет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін бүгінде білмейтін адам жоқ. Тілі бал үйіретін тәтті ірімшіктері мен сары майы, қою қаймағы мен құнарлы құрты, түрлі сүзбелері бүгінде өз тұтынушыларын тапқан. Жергілікті азық-түлік дүкендерінде сыртында сарғыш түспен «Медет» атауы жазылған сүт өнімдерін жиі кездестіресіз. Сатушылар да сапалы сүзбесі мен дәмі тіл үйіретін ірімшігін, құрт-майы мен тағы басқа да өнімдерінің мақтауын келтіріп жатады. Нарыққа шыққанына көп бола қоймаса да көпшіліктің көңілінен шығып, бүкіл ауданға танылып үлгерген өнімдер қала орталығынан емес, қарапайым ауылда өндіріледі екен. Жетісай ауданына қарасты Қарақай ауылдық округінде орналасқан бұл серіктестік осыдан үш жыл бұрын «Шағын және орта бизнесті дамыту» бағдарламасы аясында мемлекеттен жеңілдетілген жолмен 200 миллион теңге несие алып, жобаны жүзеге асыра бастайды. Сүтті тереңірек өңдеуді көптен бері ойластырып жүрген жеке кәсіпкер Ғалым Олжабаев бұл бизнесті жүзеге асыру үшін көп ізденеді. Ақыры түркиялық технологияны таңдайды. Күніне орта есеппен 5 тонна шикізат өңделетін бұл жерден он жеті түрлі өнім шығарылады екен. Цех меңгерушісі Қайрат Ережеповтің айтуынша, шағын цех тәулігіне 20 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. «Төрт «Дамас» көлігіміз бар, олар ауылдардан сүт жеткізіп тұрады. Біз оны арнайы зертханадан өткізіп, қабылдап аламыз. Жаңа құрылғы сүттің құрамын дәл анықтап береді. Яғни табиғи өнімнен басқа қоспа болмайды. Содан шығар, бүгінде біздің өнімге сұраныс артты» дейді ол.
Қыс мезгілінде сары май мен қаймаққа сұраныс артса, жазға қарай сүзбе, құрттың науқаны жүреді. Дайын өнімді салатын түрлі қораптар мен орамаларды үлкен қалалардан алдырып жүрген кәсіпорын алдағы уақытта оны да өздері дайындауды жоспарлап отыр.
Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, оларға қосымша табыс көзін де ұсынып отыр. Яғни өздерінен артылған айран-сүтті нарықтағы бағамен тұрақты өткізіп тұруға мүмкіндігі бар. Тіпті, осы кәсіпорын іске қосылғалы бері қорасындағы малын көбейтіп, сүт сатып, отбасылық кәсібін өркендетіп жатқандардың да қатары көбейген.
«Даму» қорының қамқорлығын көріп отырғандардың қатары мұнымен шектелмейді. Ұзақ жыл Шымкент қалалық №1 емханасында қызмет атқарған Назира Оңдағановаға емделуге келетін балалардың көптігі ой салады. Сал ауруына шалдыққан балаларға массаж жасап, түрлі ем арқылы айықтыруға болатынына көз жеткізген ол, өз алдына орталық ашуға бел буады. Бірақ, бір айлықпен жан бағып отырған қарапайым дәрігердің оған мүмкіндігі жоқ еді. Банктен несие алайын десе, кепілдікке қоятын мүлкі болмады. Қоғамға қажетті жұмысты қолға алып отырған кәсіпкердің ойын қолдап, жәрдемге «Даму» қоры келеді. Аталған қордың кепіл болуымен Н.Оңдағанова «АТФ Банктен» 28 миллион теңгеге несие алып кәсібін бастайды.
«Біз күніне 25-30 балаға ем жасаймыз. Мұнда сегіз маман тұрақты жұмыс істейді. Невропатолог, логопед, дефектолог, психолог мамандар балалардың ертерек айығып кетуіне күш салады. Нәтижесі жаман емес, балалар екі-үш курс емнен кейін сауығып кетіп жатыр. Біздегі баға да қымбат емес, бір ем алу курсы 35 мың теңге» дейді «Я Сам» емдеу орталығының директоры Назира Жұмабекқызы.
Кәсіптің нәсібін көріп, рахатын сезінгендер өз бизнесін одан әрі дамытқысы келетіні белгілі. «Даму» қоры мұндай мақсаттағыларға да көмектеседі. Осыдан он жеті жыл бұрын ашылған «Shuǧylakitap» серіктестігі заман талабына сай жаңа техникалар сатып алу үшін жеңілдетілген жолмен «Bank RBK» АҚ-дан 38 миллион несие алады. Бастапқыда 14 пайызбен берілген несиенің 8 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонда кәсіпкер жылына бар болғаны алты-ақ пайыз үстеме төлейді. Жеке кәсіпкер мұның өзі үлкен көмек екенін айтады. «Бізде идея көп. Мысалы, қазіргі карантиндік кезеңде балалардың білімін жетілдіру мақсатында телеарнадан көрсетілетін түрлі танымдық бағыттағы дүниелер жасап жатырмыз. Сондай-ақ, мектепке дейінгі балалардың оқу құралдарын да осы жерден табасыз. Бұрын тек шағын кітаптар шығарумен ғана шектелсек, бүгінде мемлекет тарапынан берілген көмектің арқасында жұмысымызды ұлғайттық. Белгілі жазушылармен келісіп, кітаптарын көбейтіп басамыз. Сұраныс жаман емес. Алушылардың көптігі сонша, кейде басып үлгере алмай жатамыз» дейді серіктестік директоры Людмила Кирилинская.
Индустриялық аймақта орналасқан «Тақтай» ЖШС да мемлекеттік қолдаудың арқасында жұмысын жолға қойып алған өндірістік кәсіпорындардың бірі саналады. Кәсіпорын басшысы Кәмілжан Шүкіровтың айтуынша, мұндағы цех айына 300-400 орындық құрастыруға қауқарлы. Қазіргі карантиндік жүйеге байланысты жұмысы біршама баяулап қалғаны болмаса, әлі де тұтынушыларын сапалы жиһаздармен қамтамасыз етіп келеді.
Жеке кәсіпкер бастапқы жұмысын шетелдерден жиһаз әкеліп сатудан бастаған екен. Сауда саласын жетік меңгерген ол, бертін келе өз бизнесін бастайды. «Отандық өнім шығарушыларға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Біз сол мүмкіндікті пайдаланып, жиһаз жасайтын цех аштық. Бір жақсысы, бізде шикізат қоры мол. Мысалы, қарағаш, шынар, жаңғақ ағаштарын тереңірек өңдеу арқылы түрлі жиһаздар жасаймыз. Соның ішінде асхана, қонақ бөлмеге арналған орындықтар мен үстелдерге сұраныс көп. Бағасы да қолжетімді, айталық, бір орындықтың нарықтағы бағасы 25-30 мың теңге болса, біз бар болғаны 12-18 мың теңгеден сатамыз. Осылайша тұрақты тұтынушыларымызды қалыптастырамыз. Бүгінде біз шығарған бұйымдарға еліміздің барлық облыстарынан сұраныс бар» дейді кәсіпкер.
Кәсіптің көзін тапқандар осылайша өз бизнесін өркендетіп отыр. «Даму» қорының Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Елжан Байтанаевтың айтуынша, биылғы карантиндік шектеуге қарамастан өз кәсібін ашуға талпынғандар саны күрт артқан. «Биылғы 9 айда Түркістан облысында субсидиялар есебінен жалпы сомасы 6,10 миллиард теңге болатын 68 жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 4,33 миллиард теңгеге 57 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша құны 1,76 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба мақұлданды. Қазіргі карантиндік жағдайға қарамастан ағымдағы жылдың 9 айында жобалардың ішінара кепілдемесінің өсуі де байқалады. Осылайша, кепілдеме бойынша жалпы несие сомасы 2,6 миллиард теңгеге кәсіпкерлердің 37 жобасы қолдау тапты. Қарастырылған қаржының бір миллиардқа жуығын «Даму» қоры кепілдендірді» дейді ол.
Бір сөзбен айтқанда, бизнес бастаймын деген адамға мүмкіндік мол. Оның нақты дәлелі ретінде жоғарыда сөз болған кәсіпкерлердің іс-әрекетін айтуға болады. Демек, нақты жобаңыз бен дұрыс бағытыңыз болса, бұл мүмкіндіктердің игілігін сіздің де көруіңіз мүмкін.
Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,
Түркістан облыстық Журналистер одағының Басқарма Төрағасы.