Түркістан күн санап көркейіп келеді. Араға бірер жыл салып барған адам Түркістанның бүгінгі келбетін танымай қалуы мүмкін. Сонадайдан көз тартатын сәулетті үйлер мен төбесі көк тіреген көпқабатты ғимараттардың қатары артқан. Әр-әр жерден мойны қылтиып көрінетін алып крандар мен құмырсқаның илеуіндей құжынап жатқан құрылыс жұмыстары киелі қаланың болашағын бұдан да көрікті етудің қарекетінде жүр.
Иә, тарихы тым тереңде жатқан көне қаланың, кімдердің ізі қалмаған киелі шаһардың жаңа да жасампаз келбеті осылай жасалып жатыр. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, соңғы үлгідегі сәулетті құрылыстар мен заман талабына сай зәулім сарайлар, төбесі көк тіреген көпқабатты үйлер... Жұмысы қыз-қыз қайнаған құрылыс нысандарына қарап, біз бұл қаланың алдағы он-он бес жылдағы жаңа келбетін көз алдымызға елестеткендей болдық. Иә, келер күннен жақын жоқ, ары кеткенде тағы жарты ғасырда бүгінгі сәттер өшпес тарихқа айналатыны анық.
Сәулетшілердің сөзімен айтсақ «Орталық Азиядағы ең үлкен сауда үйі Түркістан қаласында салынып жатыр». Олардың айтуынша, алып кешеннің ішінде көнеден сыр шертетін шығыс базары болмақ. Сондай-ақ, бүгінгі заман талабына сай кинотеатрлар, қонақүйлер мен мейрамханалар да өзара үйлесім табатын болады. Болады дейміз-ау, бүгінде құрлысы толық біткен алып нысанның ішкі жұмыстары, оның ішінде орналастару, көркейту сияқты ұсақ-түйек шаруалары ғана қалған көрінеді.
Сонымен қатар облыс орталығында бұдан басқа да түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Рас, Түркістан десе түркітілдес халықтардың оған деген құрметі бөлек. Әсіресе, Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл қаланы рухани астана етудің алғышарттары сол кезде-ақ басталып жүре берді. Соның ішінде ең ірі, ең негізгілеріне ғана тоқталар болсақ, алдымен 2000 жылы рухани шаһардың 1500 жылдығы кең ауқымда тойланды. Одан кейін 2018 жылы 19 маусымда Елбасының жарлығымен көне қалаға облыс орталығы мәртебесі берілді. Таяуда төрткүл дүние назарын тіккен айтулы шара – Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммиті де осы қалаға арналып, қасиетті Түркістанның танымалдылығын одан сайын асыра түсті. Саммитте сөз алғандар Түркістанның кешегісі мен бүгінгісін байланыстыра отырып, оның болашағының зор екеніне сенім білдірді. Иә, айтса айтқандай, соңғы екі жылда қала айтарлықтай өзгерді. Жаңа ықшамаудандар салынып, әкімшілік орталығы, мәдени-рухани және спорттық ғимараттар бой көтерді. Жақында ғана халықаралық әуежай іске қосылды.
Ал, жаңа жоғарыда сөз еткен «Керуен сарай» кешеніне толығырақ тоқталар болсақ, оның аумағы 188 гектарды алып жатыр. Алып жоба Үндістан мен Иран базарлары сияқты, саябақтар мен фонтандары бар тұтас қала болады. Сондай-ақ кешен ішінде қайықпен жүзетін су арналары салынып, туристердің алаңсыз дем алуына барлық жағдай жасалады. Жоба құны қырық миллиард теңгегеге жетеқабыл.
Жалпы, аймақта туризмді дамытуға 320 миллиард теңге инвестиция тартылып, оған әуежай, қабылау орталығы, бес жұлдызды қонақ үйлер мен 30-дан астам түрлі тарихи-мәдени, әлеуметтік кешендер салынды. Қаланың бас жоспарына сәйкес, даму кезеңі 2050 жылға дейін есептелген. Негізгі деген нысандардың көбі алдағы бес жылдың ішінде салынып бітеді.
Жаңа қала салып жатқан құрылысшылардың қарқыны жаман емес. Керуен сарайды салған құрылыс учаскесінің басшысы Ақылбек Ұласханов елдегі карантиндік жағдайға қарамай, жоспар ойдағыдай жүзеге асқанына қуанышты. «Осыдан бір жыл бұрын келгеніңізде мұнда қайнаған құрылыс жұмыстарын көрген болар едіңіз. Қазір міне, сол еңбектің тәтті жемісін де көре бастадық. Яғни, мұнда Орта Азияда теңдесі жоқ алып сауда орталығы салынды. «Керуен сарай» деп аталатын орталықты көруге бүгіннің өзінде алыс жақын жетелдерден көптеген туристер ағылып жатыр. Болашақта біздің ел осындай әсем ғимараттарымен мақтанатын болады. Сонда осынау құрылысқа өз үлесін қосып, өзіндік қолтаңбасын қалдырған осындағы құрылысшы жігіттерге ел құрметті сөздерін арнайтын болады. Бұл біз үшін үлкен бақыт» дейді ол.
Ақылбек Ұласханұлы – тәжірибелі құрылысшы. Самарқан құрылыс институтын бітірген. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған ол бертін келе басшылық жұмыстарға ауысып, өз кәсібінің білгірі атанады. 2005 жылдан бері «Сембол» серіктестігінде жұмыс істеп келеді. Еліміздегі ірі қалалардағы құрылыс жұмыстарына қатысқан. Нұр-Сұлтан қаласындағы әйгілі Хан Шатыр, Әзірет Сұлтан мешіті ғимараттарында Ақылбек ағамыздың қолтаңбасы қалған. Өткен жылы Түркістанға келіп, қасиетті қаланы абаттандыру жұмыстарына атсалысып жүр. «Түркістанның ауа райы жылы болғандықтан бізге қолайлы болды. Негізі бетонды күн ашық, ауа жылы кезде құйған жақсы. Біз мұндай жұмыстарды қыста да тоқтатқан жоқпыз. Қақаған қыста елордадағы еңселі ғимараттарды тұрғызған біздің бригада үшін бұл жұмыстардың қиындығы білінбеді. Ең бастысы, еліміздегі рухани астана – Түркістанды қайта түлету жұмыстарына асталысып жүргенімізді мақтан тұтамыз» дейді Ақылбек Ұласханұлы.
Иә, айтса айтқандай, бір-бірін айтқызбай ұғатын құрылысшылардың өз кәсіптеріне шексіз берілгендіктері көңіл сүйсінтеді. Сырт көзге құмырсқаның илеуіндей құжынап жатқан құрылыс алаңында бір-біріне кедергі жасап жатқан бір адам көрмейсіз. Бірі анадайда кірпіш қалап жатса, тағы бірі жерге төселген сәндік тастарды тегістеумен айналысуда. Тағы бірі жарық күнде «найзағай ойнатып» темір дәнекерлеп отыр. Ал, Ақылбек бастаған бетон құюшылар жаңа Түркістанның іргесін барынша мығым етіп қалаудың қамында жүр.
Рас, Түркістан топырағында жасампаздықтың үлгісін көрсетіп жатқан құрылысшылардың бүгінгі ерлікке бергісіз еңбегі дәл қазір елеусіздеу көрінуі мүмкін, бірақ, шын мәнінде олар өздерінің осынау еңбегімен, күндіз-түні тынбай жасап жатқан әрекеттерімен болашақтың іргетасын қалап жатыр. Демек, еліміздің өркендеп-өсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген құрыш білекті құрылысшылардың ерен еңбегін қалай дәріптесек те жарасады.
Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,
Түркістан облыстық Журналистер одағының Басқарма Төрағасы.