Осыдан екі жыл бұрын «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығына сәйкес, ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 29 қазанындағы Қаулы негізінде құрылған аймақтың бүгінгі ахуалы қандай?
Иә, түркі әлемінің рухани астанасын одан әрі қалыптастыру мақсатында құрылған аймақта айтарлықтай жұмыстар жүзеге асты. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы инвестиция тарту департаментінің менеджері Сымбат Құдайбергенованың айтуынша, бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақ 4 субаймақтан тұрады, жалпы ауданы 3014 гектарды құрайды. Олар: тарихи-мәдени орталық – 297 гектар, әкімшілік-іскерлік орталық – 1350 гектар, өндірістік аймақ – 400 гектар, әуежай аймағы – 967 гектар.
Тарихи-мәдени орталық – Түркістан қаласының басты жәдігері, түркі халықтары арасында маңызы жоғары құндылықтардың бірі және «екінші Мекке» аталып кеткен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағын қамтиды. Шетелдік және отандық туристердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және қанағаттандыруға әрі тиімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында көптеген қонақүй кешендері, «Қожа Ахмет Ясауи музейі», «Ұлы дала елі», «Шығыс моншасы», «Визит орталығы» сондай-ақ, халықаралық маңызы бар «Керуен Сарайы» көп салалы туристік кешенінің және басқа да туристік нысандардың құрылыстары жүргізілуде. Іске асырылып жатқан жобалардың нәтижесінде Түркістан қаласына келетін туристер санын 2024 жылға дейін 5 миллионға жеткізу жоспарлануда.
Әкімшілік-іскерлік орталығы – Түркістан қаласының жаңа іскерлік ауданы болып табылады. Бұл аймақта Түркістан қаласын цифрландыру, заманауи үлгіде жұмыс жүргізуге ыңғайлы түрлі ғимараттар, соңғы үлгідегі тұрғын үй кешендері, «Көп бейінді аурухана құрылысы», «Олимпиадалық резерв дайындау кешені», «Назарбаев атындағы зияткерлік мектебі» және бұдан бөлек мамандандырылған мектептер, ойын-сауық орталықтары, бизнес жүргізуге негізделген басқа да орталықтар бой көтеруде.
Өндірістік аймақ өз кезегінде «Greenfield» типті және «Brownfield» типті өндірістік аймақтардан тұрады. Жалпы, аумағы 365 гектарды құрайтын «Greenfield» өндірістік аймағы мүлде жаңа, бұрын салынбаған, инфрақұрылыммен қамтылмаған жер телімінде, Түркістан мен Кентау қалаларының ортасында, Оранғай елді мекенінің тұсында орналасқан. Бүгінгі таңда осы аймақта бизнес жүргізу үшін ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, ал, инфрақұрылым тарту келесі жылға жоспарлануда.
Жалпы, ауданы 35 гектарды құрайтын «Brownfield» өндірістік аймағы Кентау қаласындағы бұрынғы Экскаватор зауытының аумағында орналасқан. Аймақ толық пайдалануға дайын өнеркәсіптік ғимараттар мен қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Қалаға экологиялық әсері бар, қолданыстан шыққан зауытты жаңа технологиялық стандарттарға сай қайта жаңарту әрі шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында аймаққа инвестициялық жобалар тарту көзделіп отыр.
Әуежай аймағы 967 гектар ауданды қамтитын, облыс орталығынан 35 шақырым қашықтықтағы Кентау қаласына қарасты Шаға елді мекенінің маңында орналасқан. Туристік ағымды күшейту, туристік логистиканы қолайлы ету мақсатында салынып жатқан, стратегиялық маңызы бар халықаралық әуежай құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп, нысанды қыркүйектің соңында техникалық іске қосу жоспарлануда.
Жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізу үшін 2019 жылдың 14 қаңтарында жергілікті әкімшіліктің қолдауымен, «бір терезе» қағидатымен «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамы құрылған болатын. Осыған сәйкес, басқарушы компания тарапынан біршама іс атқарылып келеді. Бүгінгі таңда компанияның инвестициялық портфелі жалпы құны 408 миллиард теңгені құрайтын 23 жобадан тұрады. Оның ішінде 115 миллиард теңге көлеміндегі инвестиция игерілді. Құны 1,16 миллиард теңге болатын «Неке сарайының» жобасы қолданысқа берілді. Ал, 2019-2020 жылды қоса есептегенде құрылыс кезеңінде жұмыспен қамтылғандардың саны 5978-ге жеткен.
Аталған аймаққа келетін әлеуетті инвесторларға қолайлы инвестициялық жағдайлар жасау мақсатында 2043 жылға дейін оларды кеден салығынан, корпоративтік табыс салығы, жер салығы, мүлік салығы, қосымша құн салығынан босату және өтеусіз негізде жер телімін беру қарастырылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы Financial Times журналының «Global free zones of the year–2019» халықаралық рейтингісі аясында, әлемнің 5000 арнайы экономикалық аймағының арасында «SME Winner-Asia-Pacific» (шағын және орта бизнес бойынша Азия-Тынық мұхиты аймағы жеңімпазы), «Editor's choice awards-ones to watch» (редактордың бас таңдауы-әлеуетті инвесторларға назар аударуға лайық), «Bespoke awards» (арнайы марапат – үздік маркетингтік слоган: «Тарихты құрметтеп, болашақты құру») 3 номинацияны жеңіп алған болатын.
Мұнымен шектелмей, Түркістан қаласының брендін халықаралық деңгейде ілгерілету үшін Financial Times жариялаған «Болашақтың туристік орындары 2019/20» рейтингісіне қатысу нәтижесінде «Heritage Tourism» (мәдени туризм), «Infrastructure upgrades» (инфрақұрылымдық даму), «Special economic zones» (арнайы экономикалық аймақтар), «Up-and-coming Destination» (Перспективті мекен) сияқты 4 номинацияның жеңімпазы атанды.
Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,
Түркістан облыстық Журналистер одағының Басқарма Төрағасы.