Жергілікті әкімдердің ел алдына шығып, атқарған жұмыстары жайлы есеп беруі осыдан он бес жыл бұрын басталған еді. Бұқара халық әкімдердің бір жыл бойы атқарған жұмыстарына баға бере отырып, алдағы жоспарларымен де танысатын болды. Бұл билік пен бұқара арасын жақындатудың алғышарты ретінде қоғамда лайықты бағаланды. Міне, содан бері қалың ел әкімдердің есепті кездесулерін асыға күтетін болды.
Жасыратыны жоқ, бұрындары қолға ұстата бермейтін бірінші басшылар осылайша ел алдына өздері баратын болған соң оған кәдімгідей дайындалатын болды. Яғни, бұл бастама олардың жұмысын ширата түсті. Екіншіден, ел ішіндегі әлеуметтік, қоғамдық мәселелермен де жақыннан танысып, оның шешу жолдарын да жергілікті тұрғындардың өздері ұсынатын жағдайға жетті. Екі тарапқа да тиімді жобаның жұмысы уақыт өте келе заман талабына сай жетілдіріле түсті. Бір жақсысы, бүгінгідей жариялылықтың өркен жайған заманында қай әкім қандай жұмыстар атқарғанын, алда не істеуге тиіс екенін қалаған уақытыңда интернеттен «қалқып» алып, бақылап отыруға мүмкіндік пайда болды. Міне, осы мүмкіндікті пайдаланып, әлеуметтік желілерді аралап көрген біздер, соңғы бір-екі жылда Түркістан облысының өзінде көптеген жұмыстар қолға алынып, оның біразы іс жүзінде жүзеге асқанына көз жеткіздік. Әрине, оның ішінде облыс орталығы статусын алған Түркістан қаласындағы жұмыстың қарқыны тіпті бөлек. Қала әкімі Рашид Аюповтың өткен жылғы есепті кездесуінің өзі ашылғанына әлі жыл толмаған «Ақжайық» музыкалық мектебінде өткені біраз нәрсені аңғартса керек. Иә, қала әкімі атап айтқандай, Түркістан бүкіл әлемдік «Біріккен қала және жергілікті билік» ұйымына мүше болды. Бұл тек республика ішінде ғана емес, халықаралық туристер орталығына айналуға жасалған маңызды қадам екенін қадап айтқан әкім бір жылда 120 елдің 1000-нан аса қаласымен тәжірибе алмасқанын, жаһанкез саяхатшыларға әлемнің тағы бір кереметі Түркістанда екенін айтып, қонаққа шақырғанын да жасырмады.
Иә, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту инструменттерінің бірі – туризм саласын дамыту. Ендігі мақсат – туристік кластер құру арқылы, қаланың шынымен де рухани астана екенін көрсету. Қалай болғанда да рухани азықтың негізі кәдімгі материалдық қажеттіліктен құралатынын мойындау. Ол үшін жайлы жатын орын, ыңғайлы көлік, сапалы байланыс, тамақтану және көңіл көтеру орындарының болуы жеткіліксіз, сонымен бірге, осы бағытта сапалы қызмет те көрсете білу керек.
Көне қаланың жаңа келбеті заман талабына сай жаңарған сайын, ондағы әлеуметтік-мәдени тұрмыс та түзеліп келеді. Білім бері жүйесі де жетілдіріліп жатыр. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім беру мекемелері арқылы көрсетілетін қызмет түрлерін автоматтандыруға арналған Е-ORDA платформасының конфигурациясы арқылы «INDIGO: электрондық балабақша», «MINDAL: қосымша білім берудің электрондық жүйесі», «SAKURA: электрондық мектеп», «TEMIR: орта білім беру ұйымдарының педагогтарын конкурстық іріктеудің электрондық жүйесі» іске қосылған. Мектеп іші жаңалықтар мен хабарландырулар таратылуы да электронды түрде жүзеге аспақ. Ал әр ата-ана баласының үлгерімі, мектеп іс-шаралары жайлы ақпаратты үйде отырып-ақ телефоны арқылы біле алатын болады.
Бизнес бастауға ниетті кәсіпкерлер «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары арқылы көптеген жеңілдіктерге қол жетікзе алады. Бұл бағдарламалар қаншалықты қолға алынғанын, алдағы уақыттағы меже қандай екенін де біліп отыру қиын емес. Нақты цифрлармен берілген мәлімет, қолға алынған жұмыстардың нәтижесі көптеген адамдардың көкірегіне сенім ұялатады. Жергілікті әкімдер халық алдындағы есепті баяндамасында осынау жетістіктерді сөз ете отырып, басқаларды да жігерлендіре түседі.
Бүгінде қала тұрғындары демалып, тынығу үшін ыңғайлы жерлердің саны артып, орталық көшелер бойынан онға жуық көгалдар, скверлер мен аллеялар салынды, саябақтар күрделі жөндеуден өтті. Қаланы толығымен көгалдандыру үшін «Арыс-Түркістан» магистралды каналынан тартылатын арықтар қайта жаңартылып, көшелерге суаруға мүмкіндік жасалды. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Кез-келген қала салушылардың басты мақсаты «қала көлік үшін емес, қала адам үшін» деп аталады. Бұрын Түркістан шағын қала ғана болса, қазір облыс орталығы деген мәртебесі бар. Мұнда көшіп келгісі келетіндердің де саны артқан. Инфрақұрылымда да қарқын бар. Өткен жылы қала газ және сарқынды су жүйелерімен қамтамасыз етілса, қазір автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Міне, бұл бір қаладағы бір жыл бедерінде ғана атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алдағы уақытта қандай жұмыстар атқарылатыны да облыс әкімінің ресми газеті мен сайтында көрініп тұр. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті әкімдердің ел алдына шығып есеп беруі олардың жауапкершілігін күшейтсе, кез келген уақытта оны қадағалап, бағасын беруге мүмкіндік алған бұқара халықтың да жариялылығы өркен жайып келеді.
Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,
Түркістан облыстық Журналистер одағының Басқарма Төрағасы.