Дана халқымыз тұрғын үйдің адам тұрмысында қаншалықты маңызды екенін осы бір ауыз сөзімен-ақ білдіріп кетсе керек. Жылда қаншама жаңа үйлер салынып жатса да тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету толық шешілген жоқ. Жалғыз жалақыға күн кешіп жүрген қарапайым отбасы қанша жерден қарекет етіп бақса да баснана нарығы құйрығын ұстатар емес.
Бір байқағанымыз, соңғы жылдары бұл салада баға да, пайдалануға берілген пәтер де, сатып алушылар саны да өсіп келеді. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету үшін мемлекет бірқатар бастамаларды қолға алды. Осылайша үй алуға мүмкіндік беретін алғашқы ипотекалық бағдарламалар дүниеге келді. Бірақ соның ішінде мемлекет тарапынан баспана саласына жасалған қамқорлықтың айқын көрінісі деп 2004 жылы бекітілген тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған бағдарламаны айтуға болады. Кейіннен араға үш жыл салып кезекті бағдарлама қолға алынды. Ал 2012 жылы «Қолжетімді баспана» өмірге келді. Осылайша халықта таңдау көбейді. 2016 жылы қолға алынған «Нұрлы жер» арзан ипотекалық шарттарды ұсына отырып, тұрғын үй құрылысының дамуына, көпшіліктің көптен арман еткен пәтерінің кілтін иеленуіне жол ашып берді.
Бұл бағдарлама арқылы мұқтаждар ғана ала алатынын ескерсек, мемлекет одан өзге азаматтарды да естен шығарған емес. 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жұмыс істейтін барша азаматтың баспаналы болуына мүмкіндік беретін бағдарламаның іске қосылатынын хабарлады. «Әр жұмыскер несиеге үй ала алатындай, кейін осы қарызды отбасының мүмкіндіктеріне қарай төлей алатындай арзан ресурсты ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан мен «7-20-25» деп аталатын бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Яғни, Қазақстанның әр жұмыс істейтін азаматының мына шарттармен теңгемен ипотекалық қарыз алуға мүмкіндігі болады: кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан жоғары болмайды. Егер банктер бүгінде алғашқы жарнаның 30, кейде 50 пайызын талап етсе, осы бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20 пайыздан аспауы керек. Ай сайынғы төлемді азайту үшін кредит мерзімі 10-15 жыл емес, 25 жыл» деп қуанышты хабарды жеткізген еді.
Қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баспана нарығындағы мәселелерді жиі қозғап, оны шешу жолдарын ұсынып келеді. Бұл жұмыстар жеміссіз де емес. Соңғы жылдары бұл салада жағымды динамика байқала бастады. Мәселен, егемендік алған алғашқы жылдары еліміз бойынша сексен мың мың пәтер берілген болса, одан кейінгі он жылда бұл он есе көбейген. Жалпы онжылдықтар көрсеткішімен айтар болсақ, 1991-2000 жылдары 34,5 млн. шаршы метр, 2001-2010 жылдары 56,5 млн. шаршы метр, 2011-2020 жылдары 76,9 млн. шаршы метр үй пайдалануға берілген.
Осы тұста жыл өткен сайын пәтерлердің көбеюіне әсер еткен фактор жайлы да айта кету керек. 2004 жылдан бастап 2005-2007 жылдарға арналған тұңғыш тұрғын үй құрылысы бағдарламасы жасалған болатын. Әсіресе, орта санаттағы, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды баспанамен қамту басты мақсат еді. Сөйтіп, қарқынды құрылыс жұмыстары басталып, баласы бар жас отбасы, мемлекеттік орган қызметкерлерлері, мемлекеттік қызметшілер бірінен соң бірі пәтер кілтін қолға алып жатты. Бұл тенденция әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бар болғаны 2005-2007 жылдардың өзінде тұрғын үй құрылысына жалпы алғанда 1113 млрд. теңге инвестиция құйылған. Тіпті, жоспардан асырып, 15,8 млн. шаршы метр емес, 17,9 млн. шаршы метр пәтер беріліпті. Бұл бағдарлама кейіннен әрі жылдарға созыла берді. 2012 жылы ұзақмерзімді «Қолжетімді баспана» өмірге келді. «Нұрлы жолдың» мақсаты да осындай болды. Кейіннен өзімізге жақсы таныс ипотекалық бағдарламалар жасалды.
Тұрғындардың жылы да жайлы баспанаға қол жеткізуіне тағы бір мүмкіндік берген Елорданың көшірілуі десек қателеспейміз. Өйткені Алматыдан Арқа төсіне көшкен елді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін де көптеген үйлер салынды. Сол сияқты соңғы бір-екі жылда бұл көш біздің Түркістан өңірінде де қарқын алды. Өйткені бұрын тек аудан орталығы ғана болып келген киелі Түркістан қазір облыс орталығы ретінде де ерекше дами бастады. Рухани астана ретінде зор мәртебеге ие шаһар түркі тілдес халықтарының ортақ мақтанышы ретінде де әспеттетілп келеді. Көпшіліктің назарын аударған қалаға жыл өткен ықыласы ауғандардың да қатары арта түсті. Міне, сол себепті мұнда тұрғын үй құрылысына да ерекше мен беріле бастады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тек биылдың өзінде мұнда жеті жүзден астап пәтер пайдалануға берілмек. Иә, қаланың бас жоспарына сәйкес, асфальт төселмеген көшелерге сарқынды су мен газ құбырларын тарту, шағал тас төсеу, жаяу жүргіншілер жолын салу да көзделген.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасында 2025 жылға дейін барлық қаржыландыру көздерінен 240 тұрғын үй (15064 пәтер, 793,8 мың шаршы метр) пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бүгінде осы бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Түркістан қаласында былтыр тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 12 мыңнан асқан. Осы бағытта жаңа әлеуметтік үйлердің қатарын көбейту жоспарланған. Өткен жылдың соңында кезекте тұрған 440 мұқтаж азаматқа пәтерлер тапсырылды. 534 пәтер несиемен рәсімделіп берілсе, 7 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 336 пәтер «Отбасы банкі» арқылы пайдалануға берілген.
Қала бойынша 46 көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жыл соңына дейін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда әкімшілік-іскерлік орталығындағы 77 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл ретте құрылыс жұмыстары аяқталғаннан соң, кезекте тұрған азаматтарға 2021 жыл соңына дейін 730 пәтерді табыстау жоспарлануда.
Қаланың жарықтандыру мен автокөлік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу бағытында бірқатар ауқымды жұмыс атқарылды. Мәселен, қала ішінде 10 шақырымға күрделі жөндеу жүргізіліп, 200 шақырымды құрайтын 140 көше жарықтандырылды. Бұнымен қоса орташа жөндеу жұмыстары (асфальт төсеу) 100 шақырымға, яғни 81 көшеге жүргізіліп, аяқ жолдар салынды.
Осылайша көне қаланың жаңа келбеті бойы көк тіреген көпқабатты үйлермен тіпті көмкеріле түспек. Құрылыс жұмыстары қызған сайын тұрғындардың баспанаға деген сұранысы азая түседі. Көппен бірге баспанаға мұқтаж қаншама отбасы жылы да жайлы пәтерге орналасатынын ойлағанда көптеген адамдардың арманы бірте-бірте орындалып келе жатқанына қуанысың.
Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,
Түркістан облыстық Журналистер одағының Басқарма Төрағасы.