Еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласында атқарылған жұмыстар аз емес. Соның біраз бөлігі өз бастауын Президент Жолдауында айтылған негізгі міндеттерден алып жатады. Болашаққа нақты бағыт-бағдар беретін стратегиялық құжаттар мен ресми мәлімдемелерді де бір бірінен бөле-жара қарауға болмайды.
Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында шағын және орта бизнесті өркендетуге ерекше басымдық беріп келеді. Өйткені микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады.
Бүгін еліміздегі шағын және орта бизнестің жалпы саны 1,6 миллионнан асады екен. Үкімет 2050 жылға қарай экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға дейін арттыру туралы стратегиялық міндетті алға қойып отыр. Бұл межелі міндетті жүзеге асыру бүгінде басталып та кетті. Әсіресе, соңғы бірер жылдың бедерінде ауыл-аймақтан ашылған кәсіпкерлік объектілердің біршама артқанын жергілікті газеттер де жоққа шығармайды. Солардың бір-екеуіне тоқталып өтер болсақ, бірі мал бордақылау жұмысын қолға алса, енді бірі балық шаруашылығын, тағы бірі ет өндірісін іске қосып, өз кәсіптерін дөңгелетіп-ақ жүр. Созақ ауданындағы көпбалалы ана Жадыра Сайфунованың кәсіпкер болуына мемлекеттік бағдарламаның оң әсері болған. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында оқып, сертификатқа ие болған ол мемлекет тарапынан 555 000 теңге қаржылай қайтарымсыз грант ұтып алып, жеке кәсібін дөңгелетіп отыр.
Созақтағы әріптесіміз Мақсат Қарғабайдың айтуынша, бес баланың анасы, үй шаруасындағы Жадыра бұдан бұрын да отағасының көмегімен мал бордақылап, отбасы берекесін кіргізіп отырған екен. Осы қайтарымсыз қаржыға ол екі жылқы сатып алып, бордақылап, орталықтан шағын дүкен ашып, етін сатып, мал орнына мал алып, табысты айналдыру арқылы жылқы басын көбейтуді көздейді.
Жадыраның дүкенінен ет сатып алатындар дән риза. «Ет таза, дәмді» дейді алушылар. Іскер келіншек жылқы бордақылаумен қатар сиыр да бордақылап, етін сатылымға шығарып отыр. Қазы-қартаны өзі айналдырады. Шекпе ет әзірлейді. Сиырды өзі сауып, айран-сүтін сауда сөресіне қояды. Оның өніміне сұраныс көп. Өйткені, малды өзі жемдеп, өзі баптайды. Отағасы Бекжігіт Амангелдіұлы да өз ісінің білгірі. Ол компанияда жұмысшы болып еңбек етеді. Ал, Жадыра жолдасының айлығына алаңдамай, тірлігін, шаруасын өзі айналдырып отыр. «Отбасының берекесі де, мерекесі де әйел» деген осы емес пе?!
Иә, шағын және орта бизнес Сайрам ауданында да жақсы дамыған. Мұнда соңғы жиырма жылда көптеген өндіріс орындары мен кәсіпорындар іске қосылған болса, соның бірі біздің бүгінгі сөзімізге арқау болып отырған – Қарасу ауылындағы «Алма» өндірістік кооперативі. Осыдан он бес жыл бұрын іргесі қаланған өндіріс орны бүгінде шұжықтың 47 түрін шығарып отыр.
Жарты гектарға жуық жерге орналасқан цех айына бір тоннаға жуық өнім өндіреді. Кооператив бүгінде 23 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорынның іргесін қалап, жұмысын жүргізіп отырған жеке кәсіпкер Ақылбек Шалқаровтың айтуынша, алдағы уақытта кәсіпорын жұмысы бұдан да ұлғаятын көрінеді. «Қосымша жаңа цех ашу жоспарда бар. Ол үшін жаңа ғимарат дайындадық. Енді оған қажетті техникалық жабдықтар алу үшін тағы 50 миллион теңге қажет» дейді ол.
«Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау көрген өндіріс орны бүгінгі таңда өз өнімін тек ішкі нарықта ғана саудалап, жергілікті тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Ал, шикізатты «Шұбар» асыл тұқымды кешені», «Delice», «Сынар Групп» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінен алады екен.
Түркістан облысында ауа-райы жылы болғандықтан егін шаруашылығы да жақсы дамыған. Соның ішінде соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығы саласын жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыс көп. Шығынды барынша азайтып, есесіне өнім көлемін арттыруды көздеген диқандар дала жұмыстарына озық технологияларды пайдаланып, бір жерден бірнеше рет өнім алуға басымдық беріп келеді. Жыл он екі ай өнім беретін жылыжайлардың да саны көбейген. Күзгі жиын-терімнен кейін бірер ай ғана дамылдайтын жылыжай жұмысы қаңтар айының ортасы ауа бере тағы қызады. Бір жақсысы, бұл әдісті қолданатындардың да қатары жыл өткен сайын артып келеді. Мысалы, бір ғана Мақтаарал ауданы биыл 1342 гектар алқапқа көкөніс егуді жоспарлап отыр. Оның 500 гектардан астамына қырыққабат егіліп, ол таяу күндері піседі. Осылайша ерте қимылдайтын мақтааралдықтар көктемде алғашқылардың бірі болып өнім алып жатады. Қырыққабат ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта, тағы басқа дақылдар егуді жоспарлап отыр.
Дала жұмыстары Жетісай ауданында да қыза түскен. Таңалакеуімнен тұрып, егістік алқапты бетке алатын Жетісайдың іскер жұрты соңғы технологияларды да тиімді пайдаланып жүр. Мұнда жалпы жиырма бес түрлі дәнді дақыл, бақша өнімдері өсірілетін болса, әрине, оның басым бөлігін мақта шаруашылығы құрайды. Соңғы жылдары бұл аудан бақша өнімдерін көптеп өсіруді қолға ала бастады. Әлемдік озық тәжірибені пайдаға асырып отырған Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Шынар» шаруа қожалығы биыл 12 гектарға тамшылатып суару әдісін қолданып, төрт гектар жерге қырыққабат, қалған сегіз гектарына ерте пісетін қарбыз еккен екен.
«Тамшылатып суару бізге барлық жағынан тиімді. Су бұрынғыға қарағанда екі есеге дейін үнемделеді. Өнім дұрыс пісіп-жетілуі үшін түрлі тыңайтқыштар мен дәрілер беріледі. Оны да дер кезінде беруің керек. Тамшылатып суарылатын алқапта судың кешігуі, дәрілердің дер кезінде берілмей қалуы деген проблема болмайды. Әрі бұрынғыдай қол күшін де көп керек етпейді. Бұрын мұндай жұмыстарға бір аптадай әуре болатын едік, қазір барлығын бірер күнде бітіріп тастаймыз. Бәрі бір мезгілде, біркелкі суарылған соң өнім де біркелкі болып жетіледі. Алатын өніміміз де мол» дейді шаруа қожалығының төрағасы Садриддин Төлбаев.
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, биыл аудан бойынша 78,9 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған болса, оның 965 гектарына қырыққабат егілген. Ал, бір гектардан астам жерге қызанақ, он гектарға жуық алқапқа картоп дақылдары орналастырылған. Оның ішінде елу гектар жерге егілген қырыққабат пен жиырма гектарға егілген ерте пісетін бақша дақылдарына тамшылатып суару әдісі қолданылып отыр. Сондай-ақ, сегіз жүз гектар жерге мал азықтық жоңышқа егілсе, қалған қырық мың гектардан астам жер мақта егу үшін дайындалуда. Ол жерлерде сор шаю жұмыстары жүргізіліп, бүгінде аяқталып та қалды.
Түркістан облысы бойынша тек биылдың өзінде алты мың гектарға 2760 жобаны жүзеге асыру көзделген болса, қазір соның жартысынан астамына 1622 жоба бойынша бірінші өнім егіліп қойды. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан да көптеген жеңілдіктер қарастырылуда. Шаруаларды жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету жұмыстарында да қарқын бар. «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы мамандарының айтуынша, көктемгі егісті кешіктірмеу үшін тиісті қаржы шаруаларға үлестіріліп жатыр.
– Бүгінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Ырыс» микроқаржы ұйымына «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан 3 млрд. теңге көлемінде қаражат тартылды. Соның ішінде шаруаларға «Оңтүстік» АИО арқылы 1 млрд. теңге, «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 2 млрд. теңге несие берілуде. Алдағы уақытта тағы 2 млрд. теңге тартуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда қаржы мекемелері 5 пайыздық жылдық мөлшерлеме бойынша көктемгі егін мен күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізуді несиелендіру бойынша қаржыландыруға өтініш қабылдауда, – дейді «Оңтүстік» АИО басқарма төрағасы Мұхтар Әлімханұлы.
Жалпы, ресми дерекке сүйенсек, еліміздегі жылыжайлардың басым бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Дәлірек айтсақ, 74 пайызды құрайды. Климаттық орналасуы мен жұмыс күшінің көптігі, тағы басқа да тиімді тұстарын есепке алғанда Түркістан облысы еліміздегі ең қолайлы өңір болып табылады. Өңірде жетпіс мыңнан астам шаруа қожалығы бар болса, бұл еліміздегі жалпы қожалықтардың 35 пайызын құрайды. Міне, осылайша біздің облыста озық технологияларды енгізу жұмыстары жыл өткен сайын өркендеп келеді.
Міне, осылайша мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жағынан біздің облыс ұялатындай жағдайда емес. Қайта кейбір өңірлермен салыстырғанда көш ілгері. Өйтетіндей жөні де бар, өйткені, халқы тығыз орналасқан өңірде жұмыс та, оы істесем деп құлшынып отырған халық та көп. Ал, ондай жер салыстырмалы түрде тек алдыңғы шептен көрінетіні айтпаса да түсінікті. Тек тіл-көз таққа дейік.
Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,
Түркістан облыстық Журналистер одағының Басқарма Төрағасы.