Бекет ағаның бекеті немесе туған жерді түлеткен Тұрғараев

Бекет ағаның бекеті немесе туған жерді түлеткен Тұрғараев

Шымкент қаласынан Сарыағаш ауданына қарай бағыт алсаңыз Қазығұрт аумағына кіре берістегі күре жолдың оң қапталындағы ақ күмбезді мұнара мен айналасы жасыл-желекке оранған әсем көрініс сонадайдан көз тартады. Шамамен бес-алты шақырым жерден көзге шалынатын көрікті төбенің архитектуралық келбеті де асқан талғампаздықпен тұрғызылғанын аңғару қиын емес. «Рухани жаңғыру» деген жазу да көрген адамын еріксіз рухтандырады. Қаз-қатар тізілген жасыл шыршалар мен төбесі көкке қарай шаншылған биік теректердің тамаша көрінісіне тамсанбай өту мүмкін емес. Ең ғажабы, міне осы көріністермен өзара үйлесім тапқандай күре жолдың бойындағы биік төбенің үстінен айналасына айбар шашып, ауыл-елдің үстінен қарап екі аттылы – Жалаңтөс Бахадүр мен Салқам Жәңгірдің еңселі ескерткіші тұр.

Киелі Қазығұрт ауданына қарасты Сарапхана ауылының үстіңгі беткейінен салынған рухани орталық бүгінде еліміздегі көрікті мекендердің біріне айналды десек артық емес. Халықаралық үлкен жолдың бойына ерекше сән беріп тұрған бұл төбені бүгінде былайғы ел «Бекет Тұрғараевтың бекеті» деп атап жүр. Айтса айтқандай, өзінің туып-өскен ауылын абаттандыру арқылы елдің өркендеп-өсуіне өзіндік үлес қосып жүрген, елге, Отанға қызмет етудің жарқын үлгісін көрсете білген үлкен жүректі азамат, руханият жанашыры Бекет Тұрғараев өзінің бұл бастамасымен ауыл-елді қалай сүю керек екенін, оған қалай қызмет етуге болатынын көрсетіп бергендей. Соңғы он шақты жылдан бері бұл орталық нағыз руханияттың орталығына, елді ынтымақ-бірлікке бастайтын келелі кеңестер өткізетін орынға айналды десек жарасады.

Осыдан алты жыл бұрын Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өзі «Бабалар рухына тағзым» атты кешен жасатып, онда соғыстан қайтпай қалған сол жердің 384 азаматының аты алтын әріппен қара мәрмәрдің бетіне жазылып қойылды. Соғыстан келіп, еңбекке араласып, бүгінде дүниеден озған 190 ардагердің аттары да жазылды. Өздерінің ұлы бабасы Түгейболат бабаға ескерткіш монумент арнатты. Ескерткіш маңынан жастар саябағын ашып, оған 1000 түп әртүрлі ағаштар отырғызып, гранит тасқа өскелең жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа бастайтын ұран сөздерді жазғызып қойғызды.

Иә, адамзат тарихында Ұлы Отан соғысынан асқан сұрапыл соғыс болған емес. Сол соғыс жылдарындағы аналардың, әкелердің ауыр тағдырын, жеңіске қосқан орасан зор үлесін дәріптеу – біздің перзенттік парызымыз. Соғыс жылдарындағы барлық аналардың қасіретті тағдыры осы қасиетті Қазығұрт тауының етегінде орналасқан «Анаға тағзым!» ескерткішінен көрініс тауып тұр. Өзіңіз анаға зер салыңызшы, өзі отызға жетсе енді жеткен бе, жетпеген бе, бірақ сұм соғыс шашын ағартып, көзіне терең мұң салған. Үстіндегі киіміне көз салыңызшы, сол соғыс жылдарындағы жалпы жұмысшы-колхозшылардың киетін күпәйкесі, белін орамалымен шарт буынып алып, оған орағын қыстырып қойған.

Руханият жанашыры, жоба авторы Бекет аға Тұрғараевтың сөзімен айтқанда бұл ескерткіш сол бір сұрапыл соғыс жылдарындағы ауылдағы бар ауыртпалықты көтерген әйелдің жанкешті бейнетін, белі қатпай жатып ауыр жұмысқа жегілген жас баланың, сұм соғыстың ертерек бітуін тілеп отыратын қауқарсыз қарияның бейнесін айна-қатесіз көз алдыңызға келтіреді. «Жан-жағына орған бидай масағын баулап жиып қойып, алыстан көз ұшында қарайған бір қарашыққа «әкесі келе жатқан жоқ па екен?» деген үмітпен Батысқа қарай ұзақ көз салуда. Қолындағы баласы да «әкең келе жатыр!» деген анасының сөзіне жұбанып, сонау көз ұшындағы қарайған бір нүктеге «Шынымен, келе жатқан әкем бе?» деген баласының да үлкен үмітінің үзілмеуін тілегіміз келеді. Өткен өмірдің ауыртпалығын естен шығармас үшін бүгінгі және ертеңгі ұрпақ қасиетті аналар мен аталардың қаны, еңбектері мен жеткен жеңісті бағалай жүрсін деп осы ескерткішті орнаттық» дейді Б.Тұрғараев.

Қоладан құйылған ескерткіштің өзінің биіктігі – 3,5 метр, гранит тастан тұрғызылған тұғырының биіктігі – 7 метр, оның үстіне Қазығұрт тауының етек жағындағы үлкен төбенің үстіне қойылғандықтан, бұл – өте еңселі де алыстан көз тартатын, жер бетіндегі ана атын алған алып тұлғаларға арналған, ұрпақтарының атынан жасалған үлкен құрмет белгісі.

Ескерткішті әспеттеген – мәскеулік мүсінші, ғалым-скульптор, өнертану ғылымының докторы, профессор, Ресей өнертану ғылым академиясының академигі, Ресей халық суретшісі, КСРО және Моңғолия мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Бурганов Александр Николаевич.

Алапат күндердің жаңғырығы алыста қалса да, біздер соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлері болған аналар рухын ардақтап, естен шығармай рухтарына бас иіп, тағзым етуді парыз санаймыз!

«Жеті Жарғы» және «Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараевтың ел руханиятына еткен еңбегі мұнымен шектелмейді. Білікті заңгер сот қызметінде әділдігімен, адалдығымен де зор құрметке бөленді. Ол халықтың құқықтық сауатын жетілдіру мақсатында сот қызметкерлерін қатыстыра отырып, қоғамдық негіздегі халық университетін ұйымдастырды. Мұның жастардың құқықтық білімін көтерумен бірге, жасөспірімдер арасында тәртіп бұзудың азаюына көмегі тиді. Ол басқарған Шымкенттегі Дзержинский соты сол кездің өзінде Әділет министрлігі тарапынан базалық сот болып танылған. Бұл тәжірибені республикада кең насихаттауға шешім шығарған. Шымкентте Бекет сот жұмысында жариялылықты кеңейту, сот ісі тәжірибелерін халыққа жеткізу мақсатында «Заң және заман» атты газет шығаруды ұйымдастырды. Прокуратурада қызмет істеп жүргенде осы атпен журнал шығарады. 1996 жылдан бері үзбей шығып келе жатқан осы журнал бүгін 15 мың тиражбен тарайды.

Сегіз жыл бойы бір облыстың соты болып отырған ол Алматыға шақырылып, бас про­куратураның құқықтық ақпарат орталығына басшы, Әділет министрлігі соттардың қыз­метін ұйымдастыру департаментінің дирек­торы болып үш-төрт жылдай істейді. Содан кейін қайта облыстағы сот қызметіне – Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып барады. Бұл жұмысты ол ұзақ жылдар абыроймен ат­қарады. Оңтүстік пен Солтүстіктің табиғи жағдайлары ғана емес, халқының құқық, дәстүр жайындағы ұғымы да түрліше екені белгілі. Сауатты, жан-жақты білікті, көпшіл, елдің тілін таба білетін Тұрғараев мұнда да өз ауылындай сіңісіп кетеді. Республика көлеміндегі ең беделді соттың бірі деп танылып, Қазақстанда бірінші рет ұйымдасқан Соттар одағына басшылыққа ұсынылады. Оны облыстағы негізгі қызметімен бірге үш жылдай (2002-2005 ж.ж) жүргізеді. 2003 жылы Жоғары Сот Кеңесі құрылып, оған мүше бо­лып сайланады. «Республиканың еңбек сіңірген заңгері» атағын алады.

Бекет бұл жылдарда сот жұмысын ғылымдық негізде дамыта білді. Бірқатар ғылымдық ойға, ұйымдастыруға негізделген еңбектер жазды. 2002 жылы «Атқарушылық іс жүргізуді ұйымдастыру мен дамыту туралы» тақырыбына кандидаттық, 2007 жылы бұл проблеманы кеңінен талдаған докторлық диссертация қорғайды. Оның ұсыныстары мен ойлары сот орындаушыларының бірінші съезінде қолдау тауып, сот жұмысында пайдалануға ұсынылады. Еңбектері заң мамандары мен жоғары мектеп студенттері тарапынан қызығушылық туғызады. Соттың практикалық қызметінде билер соты жұмысының тәжірибесін пайдалану туралы ұсынысты ол алғашқылардың бірі болып қолдады. Осы тақырыпты терең зерттеген атақты заңгер, академик Салық Зиманов Бекет ұсыныстарына ерекше назар аударды және авторына зор ризалық білдіріп, қамқорлық жасады. Сот жүйесін реформалау жұмысына қатысты мәселені талқылауға да ол көп араласты.

Бүгінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып, елдің әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуына зор үлес қосып жүрген оның әлі атқарсам деген тың жобалары да көп. Ал, жоғарыда айтқан ескерткіш-монументтер оның қолынан іс келетініні, қандай шаруаны қолға алса да яғына жетпей тынбайтын табандылығын көрсетеді. Ендеше, ел ішінде Бекет сынды елжанды, ұлтжанды, жомарт жүректі жандар көп болсын деген тілек айтамыз.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,

Түркістан облыстық Журналистер одағының Басқарма Төрағасы.

 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала...