Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты

Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты

Қырғызстан, Бішкек қаласы 

Қасым-Жомарт Тоқаев жиында сөйлеген сөзінде ерекше қонақжайлық көрсеткен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен біртуған қырғыз халқына шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ «Ынтымақ Ордо» ғимаратында өтіп жатқан алқалы жиын Түркі мемлекеттері ұйымының 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанына назар аударды, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап.

– Бұл – мерейлі белес. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Түркі мемлекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішінде беделді құрылымға айналды. Оның әлемдік мәртебесі артты. Бұл – ең алдымен, берекелі бірлігіміздің, ортақ күш-жігеріміздің арқасы. Осы басқосу ырысты ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымындағы төрағалығы аясында атқарылған шараларға тоқталды.

–  Қазақстан  Ұйымның іс басындағы төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын көтерді. Түбі бір түркі жұртын біріктіруге баса мән бердік. Жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аудардық. Осы уақыт аралығында нақты жетістіктерге қол жеткіздік. Бірқатар жобаны жүзеге асырдық. 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады. Былтыр Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылдадық. Оның ережесі бекітілуге дайын, –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, ұйым аясында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы байланыстар да беки түскен.

– Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жалғастырып келеді. Мұны түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған қадам деп бағалаймын. Бүгінгі саммитке қырғыз бауырларымыз «Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік» тақырыбын ұсынып отыр. Бұл ұсыныс бәріміздің мүддемізге сай келеді. Соңғы 10 жылда ұйым мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар нығая түсті. Биыл өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асты. Осы көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады. Оған мүмкіндігіміз жетеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдер арасындағы сауда-саттықты  жандандыру өте маңызды деп санайды.

– Түркі әлемін экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендету үшін Орта дәліздің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Оның стратегиялық мәні бар. Сондықтан тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасау қажет. Мұндай қадам тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Ұйымға мүше мемлекеттер бұл бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қаржы-инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл бағытта Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарып келеді. Сонымен қатар тараптардың Орталық банктер кеңесін құру туралы бастаманы бірауыздан құптағанын жеткізді.

Президент адам капиталын дамытуды аса маңызды міндет ретінде атады.

– Түркі өркениетін жаңғырту үшін адам ресурстарын тиімді пайдалану керек. Дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау қажет. Ғылым-білім саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейткен жөн. Былтырғы Саммитте елдерімізде беделді университеттеріміздің бөлімшесін ашу туралы ұсыныс айтылды. Соның нәтижесінде Қазақстанда Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгін қол қойылатын «Цифрлық экономикадағы әріптестік туралы» келісімді Түркі мемлекеттері ұйымы мүшелері үшін мәні зор құжат деп бағалады. Сондай-ақ түркі әлеміне ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру мақсатында кабельдік телеарналардың өзара хабар таратуын ұйымдастыру қажет екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында саммит аясында жасалатын келісімдер түркі мемлекеттерінің әлеуетін арттыратынына сенім білдіріп, Ұйымға төрағалық ететін Қырғыз еліне табыс тіледі.

Саммитте Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі. 

Сондай-ақ Түркі елдерінің бірлігін күшейтуге қосқан елеулі үлесі үшін Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапатталды.

Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммиті аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Түркі мемлекеттері ұйымы XI саммитінің декларациясы;

2. «Түркі әлемінің жасыл дамуы: орнықты келешектің бірлігі» туралы шешім;

3. Бішкек қаласын 2025 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық астанасы деп жариялау туралы шешім;

4. Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанды «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапаттау туралы шешім;

5. Түркі әлемінің хартиясын қабылдау туралы шешім;  

6. Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасарларын тағайындау туралы шешім;  

7. «Түркі мемлекеттері ұйымының Тұрақты өкілдері жөніндегі ереже» туралы шешім;

8. Түркі мемлекеттері ұйымының туы жөніндегі шешім.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала...