Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшелері еліміздегі түйткілді мәселе болып тұрған уақыт өлшемі бойынша ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке хат жолдады. Аталмыш хатта ардагерлер еліміздегі уақыттың қазіргі өлшемін қолдаған.
Ардагерлердің айтуынша, бүгінгі уақыт өлшемінің бірнеше тиімді тұстары бар. Соның бірі – ауыл шаруашылығы саласы. «...Біздің еліміз аграрлы ел болғандықтан уақыт белдеуі аймақтардың өсіп-өркендеуіне, өндіріс орындарын дамытуға кедергісін келтірмейтінін ескеруіміз керек. «Көктемнің бір күні – жылға азық» демекші, көктемнің ерте шығуынан дән себуге қамданатын диханшы қауымға бұл уақыт өте қолайлы болып тұр. Сондай-ақ, қазіргі жаһандық және ішкі сын-қатерлер тұрғысынан және өндіріс ошақтарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да ықпалын арттыратыны анық. Осы ретте тұрақты экономиканы құруға және жұмыс орындарын қайта құрылымдау мен халықтың қалыпты өмір сүру денгейін көтеруге зор үлес қосатыны тағы бар. Бұл тұста орнықты даму мақсаттарының орындалу мазмұнын өзгертуге де игі ықпалын тигізетіні анық» деп жазылған хатта.
Сондай-ақ, ардагерлер қауымы Премьер-министрге жазған өз хаттарында уақыт өзгерісінің адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін жеткізген. Олардың айтуынша, уақыт өлшемі жасөспірімдер мен жас ұрпақ санасындағы дағдырысты жеңуге де пайдасын тигізеді. Сонымен қатар, адамдардың өзін-өзі тануы мен ішкі үйлесімділігін арттыруға бағыттауда бүгінгі уақыт белдеуін қолдаушылардың саны арта түскен.
Хат соңында ардагерлер бүгінгі қолданыстағы уақыт өлшемі – әлемдік қауымдастықпен интеграциялық қатынас орнатуға, Еуропа елдерімен нарықтық байланыс жасауға жол ашатынын мәлімдеген.
«Бұл маңызды саладағы тығыз ынтымақтастық мемлекеттер арасындағы ықпалдастық пен озық технологияларды алмасуға серпін береді. Жер шалғайлығына қарамастан, әлемнің әр қиырындағы туыстарымызбен, бауырларымызбен байланысқа шығуға мүмкіндік береді. Кез келген адам оны уақыттың тапшылығынан іздейді. Ал, бүгінгі уақыт өлшемі соның орнын жабады. Осының бәрін сараптай келе, Алматы қалалық Ардагерлер кеңесі бүгінгі уақыт өлшемін қолдайды»деп жазылған аталмыш хатта.
Хатқа ҚР Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Бижанов, «Құрмет белгісі» және «Еңбек қызыл туы» ордендерінің иегері, еңбек ардагері С. Құрманғалиев, толық дәрежелі «Айбын», «Құрмет белгісі» ордендері мен «Әскери еңбегі үшін» медалінің иегері, ауған соғысының ардагері М. Әбдушкуров, еңбек ардагері Н. Тоқмолдаев, Қазалы ауданының құрметті азаматы, Медеу аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Тлеубаев, «Құрмет белгісі» орденінің және «ҚР үздік дәрігері» медалінің иегері, жоғары дәрежелі дәрігер Е. Балтабаева, еңбек ардагері О. Масатбаев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Түркісіб ауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Г. Байғұтдинова, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Алматы қалалық ұйғыр этномәдениеттері орталығының төрағасы О. Убулов және «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі С. Шерниязданов қол қойған.
Айта кетейік, биылдан бастап Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі енгізілген болатын.