28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесіне орай Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар журналистерді марапаттады, деп хабарлады Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жиында БАҚ саласында адал еңбек етіп жүрген барша азаматтарға алғыс айтып, ізгі тілегін жолдады.
- Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастырушы ғана емес, қоғамдық сананы қалыптастырушы сала. Сіздер ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қасиетті қалам сертін адал атқарып келесіздер. Мемлекет пен қоғамның арасына алтын көпір болып, қашан да қайнаған тіршілік ортасынан табыласыздар. Пандемия жағдайында да төнген қауіпті елемей, халыққа шұғыл ақпарат таратып, аянбай еңбек еттіңіздер. Жақсылықтың жаршысы болып, ұлтқа қызмет етудің ғажап үлгісін көрсете беріңіздер! - деді қала әкімі.
Сонымен бірге, мерекелік шарада қаланың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өміріндегі жаңалықтарды, жақсы істерді көпшілікке жеткізіп, түрлі мәселелерді шешу жолында белсене қалам тартқаны, сондай-ақ, жоғары кәсібилігі, шыншылдығы үшін журналистерге төлбелгілер мен арнайы номинациялар табыстады.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 176 бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс жасауда. Оның ішінде – 123-і мерзімді баспасөз басылымдары, 106 газет, 17 журнал, 4 телеарна, 2 радио және 47 ақпараттық портал. Аталған БАҚ-тың 95-і немесе 58% мемлекеттік тілде, 28-і мемлекеттік және орыс тілдерінде, 52-і орыс тілінде, 1-уі өзбек тілінде шығарылады. Олар үшінші мегаполисте атқарылып жатқан игі істердің тиімді насихатталуына атсалысып келеді.