Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен CNPC компаниясының президенті Хоу Чицзюнь Қазақстан мен Қытай арасындағы бұрын қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде мұнай-газ саласындағы бірлескен жобалардың іске асырылу барысын талқылады. Кездесу бейнеконференция форматында өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Тараптар энергетика саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетудің маңызын атап өтіп, бірлескен жобаларды іске асырудың қазіргі жетістігі мен ары қарайғы перспективасын талқылады.
Вице-премьер еліміздің ҚХР-мен, атап айтқанда, Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясымен ынтымақтастығының барлық бағыттары бойынша қарқынды дамуын атап өтті.
Кездесу барысында мұнай өңдеу объектілерін реконструкциялаудың, мұнай құбырларының инфрақұрылымын дамытудың, газ саласындағы ынтымақтастықтың, жаңартылатын энергия көздерінің және өзара іс-қимылдың басқа да маңызды аспектілерінің негізгі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бірлескен жобалар бойынша арнайы жұмыс топтарының есептері тыңдалды. Тараптар барлық бағыт бойынша оң нәтиже бар екенін атап өтті, сондай-ақ оларды одан әрі іске асыру жөніндегі жоспарларды талқылады.
Хоу Чицзюнь қазақстандық тарапқа ашық диалог үшін алғысын білдіріп, CNPC озық технологияларды енгізуге және өзара тиімді жобаларды іске асыруға бағытталған тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысында таяу жылдары Қазақстанның энергетика саласын нығайтуға ықпал ететін бірқатар негізгі бағыттар бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.