Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес, елімізде балалардың құқығын қорғау бойынша ауқымды заңнамалық және стратегиялық шаралар жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта елімізде 6,8 млн бала бар, бұл халықтың үштен бірін құрайды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
«Ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы саналады. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан еліміздегі әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты негізгі бастама ретінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеу үшін тәлімгерлер институты құрылды. Бүгінде 330-дан астам бала тәлімгермен қамтылып, қажетті көмек алуда. Сондай-ақ балалар құқығын қорғау бойынша оларға қатысты құқықбұзушылық үшін жаза қатаңдатылып, кәмелетке толмағандарға жәбір көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Жасөспірімдер қауіпсіздігін күшейту мақсатында балаларды қоғамдық көліктерден түсіріп кетуге тыйым салынды.
2025 жылдан бастап мектептер мен колледждерде республикалық бірыңғай «111» байланыс орталығына жедел хабарласуға мүмкіндік беретін QR-кодтар енгізілді. Биылғы қаңтар айындағы мәлімет бойынша байланыс орталығына 17,4 мың бала жүгінген. Елімізде балалар құқығы жөніндегі арнайы уәкілдер жұмыс істейді. 2024 жылдан бері қорғаншылық органдарында мамандар саны 303-тен 692 адамға, яғни екі есеге артты. Енді норматив белгіленді: 5 мың балаға кемінде бір маман бөлінді.
Бүгінде қазақстандық отбасыларда 17,6 мың жетім бала тәрбиеленуде, 2024 жылы 3 мыңнан астам бала жаңа отбасын тапты. Отбасылық орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасылар енгізілуде, бастама қиын өмірлік жағдайларға тап болған балаларға қамқорлық көрсетіп, үйде қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған.
2024 жылдан бастап елімізде 627 балабақша ашылып, 93,1% қамтылды. Соңғы 5 жылда кезек 2 есеге қысқарған.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығы мен үш ауысымды оқу мәселесін тиімді шешіп келеді. Қазірдің өзінде 105 жайлы мектеп ашылды. 2024 жылы 373 мың орынға арналған 257 мектеп қолданысқа берілді, 300 мың орынға арналған 200-ге жуық мектептің құрылысы жүруде. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздік шаралары күшейтілді. 20 мыңнан астам нысан бейнебақылау жүйесімен жабдықталып, Жедел басқару орталықтарына қосылған. Дабыл түймелері мен турникеттер орнатылып, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілді.
Мемлекет өскелең ұрпақ үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға басымдық беріп келеді. 2024-2025 оқу жылында мемлекеттік мектептерде оқитын 1,7 млн бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа 162 млрд теңге бөлінді. «Жалпыға міндетті білім беру» қорының есебінен қосымша 22,5 млрд теңге бөлініп, 510 мың бала мектеп керек-жарақтарымен қамтылды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жекеменшік мектептерде оқитын халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларына көмек көрсету жаңа бастамасы қолға алынды. 2025 жылдан жергілікті бюджеттен 25 мың баланы тегін тамақтандыру үшін 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Қазақстанның барыл өңірінде балалардың қосымша білім алуы, сапалы демалыс және сауықтыру ұйымдарымен қамтылуы үшін жағдай жасалуда. Бүгінде 3,3 млн бала түрлі бағыттар бойынша үйірмелерге, секцияларға қатысады. Өткен жазда 3,3 млн-нан астам бала 10,7 мың лагерьде сауықтыру демалысын өткізді.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру тек техникалық қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Мемлекет Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар қабылдады. Жоспар балаларға қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жиынтығын қамтиды. Оның аясында өңірлерде 20 психологиялық қолдау орталығы ашылып, 242 мың оқушы мен ата-аналарға көмек көрсетілді.
Барлық білім беру мекемелерінде буллингпен күрес жүргізу мақсатында Kiva және ДОСБОЛLiKe бағдарламалары енгізілді. Бұл шаралар мектептерде достық пен өзара сыйластық қарым-қатынасын құруға септігін тигізеді. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген жеке қауіпсіздік сабақтары енгізілді. 14,3 мыңнан астам білім беру қызметкері балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша оқытылды. Сондай-ақ мектеп пен отбасы арасында ынтымақтастық орнатуға, позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдараламасы енгізілді.
Қазақстан балалардың жан-жақты дамуы және болашағының жарқын болуы үшін құқықтық базаны нығайтып, әлеуметтік қолдауды күшейте отырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырады.