Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі пайдаланылмай жатқан немесе заңнаманы бұза отырып берілген 10 млн гектар жерді қайтару жөнінде тапсырма берген. Бұл мәселе біздің еліміз үшін өзекті, себебі Қазақстан – Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің ең ірі өндірушісі және жер көлемі жағынан әлем елдерінің ішінде тоғызыншы орын алады. Бұндай географиялық артықшылық жер ресурстарын ұтымды пайдалануды стратегиялық маңызды бағытқа айналдырады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы – ҚР жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы Теміржанов Мұрат ОКҚ брифингінде осылай деді, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, жер ресурстарын тиімді басқару Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, өндіріс көлемі мен экспорттық әлеуетін арттыруға тікелей әсер етеді. Климаттық өзгерістер мен халық санының өсуімен қоса, жаһандық сын-қатерлер жағдайында бұл тұрақты экономикалық өсудің басты факторы болып табылады.
«Бұл міндеттерді жүзеге асыру Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне жүктелген. Комитет жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді және жерлерді ұтымды пайдалануды бақылауды жүзеге асырады. Соңғы үш жылда біз Президент тапсырмасын орындау бағытында ауқымды жұмыстар атқардық», – деді спикер.