Біріншіден, көптеген жер пайдаланылмаған күйде болды. Түрлі бағалау бойынша, мұндай жерлердің ауданы 10 млн гектардан асты. Өңірлерде жергілікті атқарушы органдардың ауыл шаруашылығы жерлерін беру туралы мыңдаған заңсыз шешім анықталды, бұл құқықтық, әлеуметтік және экономикалық тәуекелдерді тудырды. Сонымен қатар мал шаруашылығы белсенді дамып келе жатқан аймақтарда жайылымдар жеткіліксіз болды. Бұл мал бағатын жері жоқ ауыл тұрғындары мен фермерлер арасында шиеленіс туғызды.
«Осы себептерді түсіну стратегияны әзірлеуге және ағымдағы мәселелерді шешуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға негіз болды. Бұл мәселелер кешенді тәсілді, жедел ден қоюды және барлық мемлекеттік орган мен жергілікті билік органдарының тығыз өзара іс-қимылын талап етті. Біз ағымдағы мәселелерді шешіп қана қоймай, болашақта жерді тұрақты және тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін жүйені құру қажет екенін түсіндік», – деді спикер.
Президенттің тапсырмасын орындау үшін жұмыстың нақты құрылымы әзірленді. 2022 жылдың сәуірінде жұмысын бастаған арнайы комиссия 15 отырыс өткізді. Онда пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді қайтару мәселелері қаралды. Бұл комиссия – жерді мемлекеттік қорға алу жөніндегі жұмысты үйлестіретін негізгі орган.
2024 жылғы қыркүйекте аталған комиссияның қызметі қайта құрылымдалды. Енді қайтарылған жерлерді әділ қайта бөлуді бақылауға және оларды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге, топырақтың деградациясымен күресуге, сондай-ақ ауылдық елді мекендер айналасындағы жайылым тапшылығын азайтуға баса назар аударылды.
Өңірлердегі жергілікті проблемаларды шешу үшін өңірлік ведомствоаралық кіші топтар құрылып, 389 отырыс өткізілді. Олар жер даулары мен жергілікті жердегі заң бұзушылықтардың нақты жағдайларын қарады.
Жұмыстың ашықтығына, құқық қорғау органдарымен, қоғамдық ұйымдармен және халықпен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
«AMANAT» партиясының жанындағы «Жер Аманаты» комиссиясы процестің ашықтығын қамтамасыз етуде және жұртшылықты тартуда шешуші рөл атқарды. Бұл жер қатынастары саласындағы жағдайды жақсартуға мүдделі адамдардың пікірлерін барынша тиімді ескеруге мүмкіндік берді. Комитеттің құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмысы заңсыз шешімдердің күшін жою процесін жеделдетуге және жерді пайдалану мәселелерінде әділдікті қалпына келтіруге мүмкіндік берді», – деді АШМ өкілі.