Оның айтуынша, Қор бір реттік көмек көрсету үшін ғана емес, көптеген жыл бойы назардан тыс қалған жүйелі мәселелерді шешу үшін құрылған.
Қордың жобалары ауылдық білім беруді, денсаулық сақтау, оңалту, әлеуметтік қолдау, мәдениет, балалар және инклюзивті спортты дамыту және төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік бере отырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Қордың қайырымдылық жобалары Қазақстанның әр өңірінде бар, олар ауылдарды, моно және шағын қалаларды қамтиды.
«Қазақстан халқына» қоры 104 қайырымдылық бағдарлама мен жобаға бастамашы болды, олардың 62-сі жүзеге асты. Бұл жобаларды қаржыландыруға 240 млрд теңге бөлінді.
Қайырымдылық жобаларын бастау және іске асыру донорлардың қайырымдылық жарналары есебінен қалыптасқан қаржы ресурстарынсыз мүмкін болмас еді. Қор 252 млрд теңге жинады, өткен 3 жыл ішінде 186 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. 96,6 млрд теңге 2024 жылы жұмсалды.
«Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, жыл сайын «Самұрық-Қазына» қоры таза табысының кемінде 7%-н «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл сома 50 млрд теңгені құрады. Келесі жылдары да шамамен осындай сома түседі. Бұл қаражат, ең алдымен, Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарда көзделген іс-шараларды іске асыруға және орфандық аурулары бар азаматтарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі бекітілген іс-шараларға сәйкес 2025 жылы дәрілік заттарды сатып алуға жұмсалады. Яғни, Қордың орфандық аурулары бар науқастарға дәрі-дәрмек сатып алу жөнінде бірқатар міндеттемесі бар. Тұрақты түрде түсіп тұратын бұл қаражат аталған мақсаттарға бағытталады деп болжаймыз», – деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ, «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» ҚР Заңының 14-бабына сәйкес «Сәтті Жұлдыз» АҚ лотерея операторы 2024 жылы Қорға 1,4 млрд теңге жіберді.
Қор қайырымдылық жобаларының іске асырылуын және қаражаттың жұмсалуын бақылаудың қатаң тетіктерін енгізді. Бұл әрбір теңгенің қолдауды қажет ететіндердің игілігі үшін пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол жыл сайынғы сыртқы аудитпен расталады. Бұдан бөлек, түсімдер мен шығындар, жасалған шарттар мен қолданыстағы бағдарламалар туралы барлық ақпарат қоғамдық қордың сайтында орналастырылған.
«Біздің қайырымдылық жобалар ұзақ мерзімді оң өзгерістерге түрткі болады, бұнда біз және біздің әріптестермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейтін өңір әкімдіктерінің еңбегі зор», – деп атап өтті спикер.