Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында озық тәжірибені енгізу бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың 6 ақпанында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдар қауымдастығының (IAACA) 14-ші пленарлық отырысы барысында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали осы ұйымның басқарушы органы болып табылатын IAACA атқарушы комитетінің құрамына сайланды.
IAACA – 180-нен астам Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктер мен халықаралық ұйымдарды біріктіретін жетекші жаһандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы алаңдардың бірі.
Қауымдастық БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының талаптарын тиімді орындауға жәрдемдесуде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес құралдарын әзірлеуде және енгізуде, техникалық және сараптамалық көмек көрсетуде, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуда шешуші рөл атқарады.
«Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі IAACA-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары стандарттарды ілгерілету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте халықаралық күш-жігерді шоғырландыру жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалайды», - деп атап өтті А. Жұмағали.
Қазақстанмен қатар атқару комитетінің құрамына Гонконгтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Тәуелсіз комиссиясын, Малайзия мен Сингапурдың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияларын қоса алғанда, жетекші сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың басшылары кірді. Агенттік осы ведомстволармен сындарлы және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті.
Қазақстанның IAACA басқарушы органына мүшелігі сараптамалық және техникалық әлеуетті нығайтуға, жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларды ілгерілетуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жолын кесу, құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді экстрадициялау, заңсыз активтерді қайтару мәселелері бойынша ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың мамыр айында Агенттік Гонконгтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы органымен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды, оның шеңберінде екі елдің тергеушілері тұрақты кездесулер, бірлескен тренингтер өткізеді және тәжірибе алмасады.
IAACA президенті Д. Ву Қазақстанның Орталық Азиядағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күн тәртібін ілгерілетуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Отырыс барысында IAACA мүшелері өзекті бірлескен жоспарлар мен бастамаларды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге және оның барлық нысандарында парақорлық көріністерін азайтуға бағытталған алдағы жобаларды талқылады.