Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиевтің төрағалығымен Министрліктің кеңейтілген алқа отырысы өткізіліп, онда 2024 жылда атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, 2025 жылға арналған жоспарлар айқындалды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Қаржы министрлігіне сілтеме жасап.
Алқа отырысында Қазақстан Республикасының 2024 жылғы бюджетінің атқарылуы, оның ішінде жеке кіріс базасын ұлғайту жөніндегі жұмыстың қорытындылары талқыланды. Мәселен, мемлекеттік бюджеттің кірістері бойынша жоспар (трансферттерді есептемегенде) 100,7% орындалды немесе жоспарланған 21,4 трлн теңгенің орнына бюджетке 21,5 трлн теңге түсті. Артығымен жинақталған соманың көлемі - 142,4 млрд теңге.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Токаев «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқандай, бюджетаралық қатынастарда тәртіп орнату қажет. «Шағын және орта бизнестен түсетін салық түсімдерін өңірлерде қалдыру туралы шешім дұрыс әрі уақтылы болды. Бұл кәсіпкерліктің дамуына айтарлықтай серпін беріп, әкімдердің дербестігін арттырды. Бюджет тапшылығын жабу көздерін іздеу мақсатында Үкімет ұтымды өтемақы тетіктерін әзірлеуі керек», деген еді Президент.
Сондықтан биыл өтімділікті (ликвидтікті) басқару бөлігінде Министрліктің Қазынашылық комитетінің функциялары кеңейтіліп, бұл бюджет қаражатын неғұрлым тиімді пайдалану бойынша мүмкіндіктерге жол ашады.
Қаржы министрі Мәди Такиев биыл Бюджет кодексі қабылданатынын және кодекс нормаларының күнделікті тәжірибеге тиімді енгізілуі маңызды екенін атап өтті. Құжатты толыққанды іске асыру үшін Министрліктің бөлімшелері барлық қажетті заңға тәуелді актіні сапалы дайындауды, оларды уақтылы қабылдауды және сүйемелдеуді қамтамасыз етуі қажет.
2025 жылдағы тағы бір маңызды міндет – цифрлы трансформациялауды жүзеге асыру. Жасанды интеллект, үлкен деректер және процестерді автоматтандыру орталық атқарушы органға мемлекеттік қаржы жүйесін тиімдірек басқаруға, тәуекелдерді азайтуға және әкімшілендіру ісінде ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Мәди Төкешұлы Министрліктің әр комитетінде жасанды интеллектіні енгізу мен цифрландыру мәселелеріне жауапты төрағаның бір орынбасарын бекітуді тапсырды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа құралдарды тартудың маңыздылығын атап өткен еді. Осы тұрғыдан алғанда, біздің міндет – мемлекеттік органдарға жобаларды іске асырудың балама жолдарын ұсыну. Бұл барлық деңгейде, соның ішінде жаңа цифрлы сервистер мен қызметтерді енгізу, жаңа инфрақұрылымды қалыптастыруды жеделдету, сондай-ақ тиімді фискалды жүйені қамтамасыз ету бойынша бұдан да қарқын үйлесімді жұмысты талап етеді. Бұл әсіресе функциялары кеңейіп жатқан Мемлекеттік кірістер комитетіне қатысты. Тиімді жұмыс істеу үшін әсіресе мобильді топтар құруды және кеден бекеттерінің тәулік бойы режімге өтуін ескере отырып, жұмыс құрылымын қайта қарау қажет. Бұдан басқа республикалық бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында бюджеттік кредиттерді, МЖӘ тәсілін, займдарды, ЕДБ қаражатын және басқа да тетіктерді қоса алғанда, қаржыландырудың ықтимал көздерін кешенді түрде қарау қажет», деп түйіндеді өз сөзін М.Такиев.