Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру мәселесі қаралды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун баяндама жасады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы министрлігінің балансында 4 ақпараттық жүйе бар. Бұл ауылшаруашылық жануарларын сәйкестендіру (АЖС); «E-Agriculture» АӨК салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі (ББАЖ); Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СМАЖ); «Ауыл аманаты» халыққа несие берудің ақпараттық жүйесі. Өсімдік шаруашылығын қадағалаудың ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр.
АӨК саласында мемлекеттік қызметтің 93 түрі көрсетіледі, оның 98%-ы – электронды режимде. 2024 жылы 2,6 млн-нан астам электрондық қызметтер пайдаланылды. Бизнес-процестердің 11 тобы, оның 7-уі – жер ресурстары бойынша, қалғаны өсімдік шаруашылығы бойынша реинжиниринг жүргізілді.
Нәтижесінде есеп беру үшін талап етілетін құжаттар саны 83%-ға қысқарды. Фермерлер үшін қадамдар саны 85%-ға, қызмет көрсету уақыты 97%-ға қысқарды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында АӨК-ті цифрландыру міндетін қойғанын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет ауыл шаруашылығының барлық салаларына «ақылды» технология элементтерін енгізуге ерекше басымдық беріп отыр. Нақты мақсат-міндеттер мен негізгі бағыттар айқындалды.
Цифрлық құралдарды қолдану арқылы қажетті қаражат мөлшері, есеп беру, егіс алқабы, мал басы туралы деректердің нақтылығын қамтамасыз еткен жөн. Премьер-министр цифрландыру мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етуі тиіс екеніне тоқталды.
«Ауыл шаруашылығы жерлерін есепке алуда ІТ-құралдарды енгізу маңызды. Цифрландыру алқаптар мен жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалануға, егін егу жұмыстарын тиімді жоспарлауға ықпал етуі қажет. Осыған орай, барлық ауыл шаруашылығы алқаптарына ғарыштық мониторингті кеңінен қолданып, дрондарды пайдалану керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Тағы бір маңызды мәселе мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдерін сәйкестендіру жүйесі болып саналады. Өнімді шыққан жерінен соңғы тұтынушыға дейін жеткізудің ашық тізбегін құру қажет. Бұл жүйе өндірілген өнімді есепке алуға, оның сапасына кепілдік беруге, биологиялық және ветеринарлық қауіпсіздікті бақылауға бағытталуға тиіс.
Премьер-министр климаттық тәуекелдерді, өнімділік көлемін және азық-түліктің нарықтық бағасын болжау үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектті кеңінен қолдану қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар жасанды интеллектіні қолдану арқылы егінді суару, өсімдіктерді қорғау құралдары мен тыңайтқыштарды қолдану, жемшөпті тұтыну, сондай-ақ ауылшаруашылығы техникалары паркін басқару процестерін оңтайландыру көзделеді.
«Бүгінде мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, тұрақтандыру қорлары мен қоймалардағы астық пен өнім қорларын есепке алу, топырақтың ылғалдылығын анықтау және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша статистикалық деректердің нақтылығы өзекті проблема күйінде қалып отыр. Осы мәселелердің бәрін есепке алу жүйесін толық цифрландыру арқылы шешу керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Осыған байланысты Премьер-министр ауыл шаруашылығы және цифрлық даму министрліктеріне бірқатар тапсырмалар берді.
-
Өңір әкімдіктерімен бірлесіп, 2025 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің цифрлық картасын әзірлеу;
-
Әкімдіктермен 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін өсімдік шаруашылығындағы қадағалау жүйесін әзірлеуді аяқтау;
-
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізу жоспарланып отыр. Санақ қортындысының нәтижелерін толық цифрландыру, оған талдау жүргізу және алынған деректер базасын үнемі жаңартып отыру қажет.