Шымкентте ардагерлер кеңесінің пленумы өтті

Шымкентте ардагерлер кеңесінің пленумы өтті

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен аталып өтпек. Бұл атаулы дата Қазақстан халқы үшін де ерекше мереке. Осыған орай, еліміздің барлық өңірлерінде бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Ұлы Жеңіс күнін кең көлемде дәріптеу және батырлардың өшпес ерлігін жадымызда жаңғырту қажеттігін атап өтті.

Осыған орай, қалалық ардагерлер кеңесінің пленумы өтті. Жиынға ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейтқызы мен мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова қатысты.

Жиында Жанат Өмірсейтқызы ардагерлерге берілетін бір реттік әлеуметтік көмек және өзге де әлеуметтік жеңілдіктер туралы баяндады. Оның айтуынша, ҰОС ардагерлеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, олардың денсаулығын қолдау мақсатында санаторийлік-курорттық емделу, медициналық қызметтер және басқа да әлеуметтік бағдарламалар қарастырылғанын айтты.

– Өздеріңіз білесіздер, қаламызда 2 Ұлы Отан соғысы ардагері қалды. Тыл еңбеккерлері 1639, 2451 Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгендер тұрады. Ал, жалпы өңірде 96 133 зейнеткер бар. Қала әкімдігі тарапынан зейнет жасындағыларды санаторлық-курорттық еммен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп, мәслихаттың шешіміне сәйкес, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы аясында зейнеткерлерге шипажайларға жолдама беру қарастырылған. Шаһарда жыл сайын 7 мың зейнеткер сауықтыру орындарына жіберіліп отырады. Қариялардың 127-сі – тыл еңбеккері. Биыл жыл басынан бері «Ізетті зейнеткер» мемлекеттік сауықтыру кешеніне 280 зейнеткер жолдама алған болса, оның 3-еуі тыл ардагері, – деді Жанат Өмірсейітқызы өз баяндамасында.

Өз кезегінде мәдениет басқармасының өкілі Мөлдір Оңдасынова биылғы жылы қалада өткізілетін мерекелік іс-шаралар жоспарымен таныстырды. Шымкент қаласында ардагерлерге арналған арнайы концерттер, естелік кештер, көрмелер және тарихи қойылымдар ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, қала мектептерінде ардагерлермен кездесулер, патриоттық сабақтар өткізу көзделген.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ