Астанада Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Шара барысында 2024 жылғы Министрлік жұмысына қорытынды жасалып, 2025 жылға арналған жоспарлар айқындалды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Көлік министрі Марат Қарабаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Үкіметі аппаратының өкілдері, вице-министрлер, аппарат басшысы, комитеттердің төрағалары, департамент директорлары, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
«2024 жылы жол саласында жөндеу жұмыстары рекордтық 12 мың шақырымды қамтыды, оның 7 мың шақырымы аяқталды. Негізгі күш «Алматы – Қарағанды»(879 шқ), «Талдықорған – Өскемен» (768 шқ) және «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» (607 шқ) ірі транзиттік дәліздеріндегі қайта құру жұмыстарын аяқтауға бағытталды. Бүгінгі күні бұл бағыттар бойынша жұмыстар аяқталды. Темір жол көлігі саласында жүк тасымалының өсімі 2% немесе 303 млн тоннаны құрады (2023 ж. – 297,4 млн., 2025 ж. – 310). Бұл тарихи максимум. Темір жол көлігімен 21 млн жолаушы тасымалданып, 4%-ға өсті. Өткен жылы 185 локомотив, 2350 жүк вагоны және 143 жолаушы вагоны сатып алынды. Теңіз көлігімен тасымалдау көлемі 7,5 млн тоннаны құрап, 4%-ға өсті. Азаматтық авиация саласында қазақстандық әуе компаниялар өткен жылы 14,7 млн жолаушы тасымалдады, бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 11%-ға (13,3 млн) артық. Әуежайларда жолаушыларға қызмет көрсету көрсеткіштері 14% өсіп 29,7 млн адамды құрады (2023 жылы 26,1 млн), жүк өңдеу 18% өсіп 171 мың тоннаны құрады (2023 жылы 145 мың). Автомобиль көлігі басқа көлік түрлерімен салыстырғанда жүк тасымалдаудың ең үлкен өсімін көрсетуде. Жыл сайын экспорт-импорт тасымалының өсу динамикасы 20%-дан астам, транзиттік 40%-ға жуықты көрсетеді. Бұл ретте Қытайдың транзиттік тасымалы 2 және одан да көп есеге артты. Өткен жылы біз Қытай және Өзбекстан елдерімен рұқсат қағаздарын толығымен электронды форматқа көшірдік. Соның нәтижесінде соңғы 2 жылда Өзбекстанмен рейстер саны 6 мыңнан 36 мыңға дейін, Қытаймен – 50 мыңнан 230 мыңға дейін өсті», – деді көлік министрі Марат Қарабаев.
Министр өз сөзінде 2025 жылға арналған жоспарларға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда биылғы жылы жол-құрылыс жұмыстарының қамтылуы 13 мың шақырымды құрайды деп күтілуде. Жалпы ұзындығы 1045 шақырымды құрайтын жаңа жобаларды жүзеге асыру басталады. Оның ішінде «Ақтөбе – Ұлғайсын» (234 км), «Қарағанды – Жезқазған» (572 км), «Атырау – Доссор» (86 км) учаскелері және Сарыағаш (102), Қызылорда (26 км), Рудный (17 км) және Петропавл (8 км) қалаларының айналма жолдары. Достық-Мойынты және Алматы айналма темір жолдарының құрылысы аяқталып, Қызылжар-Мойынты нысанының құрылысы басталады. Биылғы жылы 54 вокзал жөндеу және қайта құру жұмыстарымен қамтылады. Ақтау портында 250 мың контейнерлік хабтың құрылысы аяқталып, тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Рим, Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Гуанчжоу және Пусан қалаларына 16 жаңа әуе бағыттары жоспарлануда. 4 жаңа шетелдік лоукостер SpiceJet (Үндістан), Eastar Jet және T’way Air (Корея), ThayAirAsia (Тайланд) келуіне байланысты жолаушыларға арналған бюджеттік бағыттар кеңейеді. Шетелдік рұқсат беру бланкілерін электрондық форматқа көшіру аясында адами факторлар, сәйкесінше сыбайлас жемқорлық тәуекелдері толығымен жойылды. Қазірдің өзінде Түркі Мемлекеттері ұйымымен (Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан) және Балтық жағалауы елдерімен (Ресей, Латвия, Литва) шетелдік рұқсат бланкілерін электронды түрде алмасуға көшу жұмыстары жүргізілуде.
Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр еліміздің көлік-логистика саласын дамыту аясындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру мақсатында бірқатар нақты тапсырма берді.