Бүгін Шымкенттегі «Достық үйінде» Шымкент қаласының әкімі, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ғабит Сыздықбековтың қатысуымен 1 наурыз – Алғыс айту күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Алғыс айту – адамгершіліктің белгісі» тақырыбындағы мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.
Іс-шара аясында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген этнос кәсіпкерлері өндіретін өнімдердің көрмесі ұйымдастырылды. Қалалық ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл қойып, ҚХА-ның 30 жылдығына арналған «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» ескерткіш тақтасын ашты. Ал «Алғыс» керуенін сән-салтанатпен күтіп алу рәсімі көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
«Достық үйі» ғимаратында қалалық этномәдени бірлестіктердің тарихи-танымдық көрмесі жұртшылық назарына ұсынылып, халқымыздың мәдени-тарихи байлығы мен этностар тарихынан сыр шертетін эскпонаттар таныстырылды.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков салтанатты іс-шараға қатысушылар алдында Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.
– Ассамблея жылдар бойы халқымыздың ырысты ынтымағын нығайтуға, қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді сақтауға өлшеусіз үлес қосып келеді. Осы ұйымның белсенді қызметі арқылы еліміздегі барлық этностың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін үйлесімді дамытуға, сондай-ақ қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін көтеруге жол ашылды.
Парламентте өкілдері бар Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог орнатқан тиімді құрылымға айналды. Ұйым мүшелері маңызды бастамалар көтеріп, елге қажетті жобаларды жүзеге асырып жатыр, Қазақстандағы ауқымды өзгерістерге де барынша атсалысып келеді, – деп ҚХА Төрағасының құттықтауын жеткізген қала әкімі жұртшылықты 1 наурыз – Алғыс айту күнімен және Ассамблеяның 30 жылдығымен құттықтады.
Айта кетейік, 1 наурызда құрылғанына 30 жыл толған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, этносаралық келісімді сақтау және қазақстандық патриотизмді дәріптеу сынды этносаясат аясындағы мақсат-міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
Бүгінде қалалық ҚХА жанындағы 16 этномәдени бірлестік пен 7 қоғамдық құрылым берекелі бірлік жолын көздеген бастамалар мен жобаларды қолдап, қуаттаудан шет қалған емес.
Тұғырлы татулықты ту еткен саналуан шымкенттік этнос өкілдері тарихы терең Шымқаланың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне араласып, еліміздегі үшінші мегаполистің өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосуда.