2023 жылы Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар қабылданды. Барлық өңірде балалар мен ата-аналарға кәсіби көмекке қол жеткізуді қамтамасыз ететін Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Өткен жылы 250 мыңға жуық адам көмек алды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан хабарлады, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ спикер 24/7 режимінде жұмыс істейтін 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылғанын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша балалардан 17 мың қоңырау түсті.
«2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап білім беру ұйымдарында оқушылардан QR-кодтар арқылы өтініштер қабылдайтын жүйе енгізілді. Бұл жасөспірімдерге жасырын түрде қолдау сұрауға мүмкіндік берді. 2025 жылғы ақпандағы жағдай бойынша балалардан 25 мың SMS тіркелді», – деді оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Оның айтуынша, жұмыстың маңызды бағыттарының бірі жалпыға бірдей ата-ана тәрбиесі болды. Ата-аналардың құқықтық және педагогикалық мәдениетін арттыру мақсатында барлық мектепте ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары құрылды. Ата-аналар үшін 45 мыңнан астам тренинг өткізілді.
«Мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру үшін 2024 жылы Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылау өкілеттіктері кеңейтілді, тексеруге жататын объектілердің тізбесі ұлғайтылды, ескертусіз жоспардан тыс тексерулер тетігі енгізілді. Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша объектілерді тексеру саны артты: 2023 жылғы 30-дан 2024 жылы 246-ға дейін. Сонымен қатар балалардың құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік ықпал етудің жаңа шаралары енгізілді. Балалар интернаттық мекемелерін деинституттау саясаты жалғасуда. 2024 жылы балалар үйлеріне балама ретінде кәсіби отбасы қабылдау институты енгізілді. Жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесінде балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалар саны соңғы 10 жылда екі есеге қысқарды», – деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ Оқу-ағарту вице-министрі балалар үйінің түлектерін әлеуметтік қолдауға бағытталған «Мейірім» қайырымдылық акциясы ауқымды болғанын айтты. Сонымен қатар жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетіктері енгізілді.